Елімізде электронды темекіге сұраныс артқан

0

Шылымның балама түрлеріне акциз енгізіп, салық салынбаса қазына қаржысы 10 млрд теңгеден қағылады.

Қазақстанда күн санап электронды темекіге сұраныс артып келеді, деп хабарлайды Zakon.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Сондықтан аталмыш тауардың таралымын заң аясында реттеу керек дейді депутаттар. Шылымның балама түрлеріне акциз енгізіп, салық салынбаса қазына қаржысы 10 млрд теңгеден қағылады.

Бақытжан екі жылдан бері шылым шегеді. Былтыр қыздырылатын түріне көшкен. «Мұндағы түтіннің иісі киімге сіңбейді, қалдығы аз. Сондықтан заманауи құралдың қоршаған ортаға зияны шамалы» — деген уәж айтады. Денсаулыққа қалай әсер ететіні белгісіз. Бірақ қалтаңыз біраз ақшадан қағылатыны сөзсіз…

Бақытжан Досымбеков, қала тұрғыны:

— Осы темекінің түрін қолдану үшін арнайы құрал керек. Оның бағасы 20-50 мың аралығында. Ал темекісінің құны 400-500 теңге.

Қазір не көп? Темекінің түрі көп. Бірінде шылым тоқпен қыздырылса, енді бірінде арнайы сұйықтық құйылып, көк түтіннің орнына бу шығарады. Бұл былайғы жұртқа байқалмағанмен, айырмашылығы жер мен көктей дейді сатушылар.

Антон Шишковский, дүкен басқарушысы:

— Кәдімгі темекіге ұқсас қыздырылатын табак өнімдері бар. Оны электронды шылыммен шатыстырмау керек. Егер қарапайым темекіні тұтатса, мұнда қыздырады. Бірақ бөлінетін көмірқышқыл газы мен басқа да химиялық заттардың мөлшері азаяды. Ал электронды темекі жанбайды және қыздырылмайды. Ондағы никотин бу арқылы ағзаға түседі.

Дүниежүзілік денсалық сақтау ұйымының зерттеулеріне сәйкес, 2 мыңыншы жылдың басында әлемде 1,4 млрд адам кәдімгі темекіні тұтынған. Қазір олардың саны 1,1 млрд-қа төмендепті. Дегенмен зиянды әдетпен күрес оң нәтиже берді деп те қуануға ерте. Өйткені электронды темекі пайдаланатындар көбейді. Елімізге 2006 жылы келгенімен, енді ғана белсенді тарала бастаған темекінің бұл түрін қолдануға заң тұрғысынан да шектеу жоқ. Сондықтан шылымқорлар электронды темекіні қоғамдық орындарда еркін пайдаланады.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Бізде енді қоғамдық орындарда шылым шегу шектелген ғой. Ал енді біз шылым шегетін жаңа препараттарды шылым шегу формасы ретіндегі заң түрінде қабылдасақ, онда оны да шегу, оны да қолдануы қоғамдық орындарда тыйым салынатыны даусыз.

Темекінің заманауи түрі денсаулыққа қалай әсер ететіні толық зерттелмеген. «Дегенмен, оның құрамы ерекше, зияны аз деп өзін-өзі алдауға болмайды», — дейді депутат. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу керек.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Мынаның никотині аз, мынаның басқасы аз деп өздерін өздері жұбатады. Соны біз ғылыми түрде, дәлелді түрде миына жеткізуіміз керек. Бүгін насихат жоқ. Оны фирмалар шығарды. Ал оның зияндығы туралы үндемейді. Оның сыртында да зиян деген ештеме жоқ. Темекінің сыртына жазып қойдық қой: «Мынау сізді қатерлі ісікке әкеледі», «Мынау сіздің жүрегіңізді талдырады» деп. Ал енді онда ештеме жазылмаған. Өйткені ол табак өнімдердің тізіміне кірмеген.

Елімізде электронды және қыздырылатын темекі өндірісін реттеу мен салық салу мәселелері толық реттелмеген. Ұлттық Экономика министрлігінің мәлімдеуінше, биыл бұл бағытта ведомство арнайы жұмыс тобын құрмақ. Ал оның нақты немен айналысатыны әзірге белгісіз.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz