Елімізде есірткі таратушылар жауапкершіліктен қалай құтылып жүр? — новости Казахстана
Қазақстанның Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов есірткі таратушылардың жауапкершіліктен қалай құтылып кетіп жүргенін айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ.
Мәжілістегі пленарлық отырыста депутаттар елімізге есірткінің қай мемлекеттерден келетінін және қандай жолмен тасымалданатынын сұраған.
«Синтетикалық есірткілер бізге Ресей, Қытай және Еуропа елдерінен келеді. Оларды көбінесе пошта арқылы жеткізеді», — деді Қасымов.
ІІМ мәліметінше, мұндай қызмет ақысы киви-әмияндар арқылы төленеді.
«Нәтижесінде біз оны алып жатқан адамды ғана ұстай аламыз. Осы жылы 125 қылмыстық іс қозғалды», — дейді ол.
Сондай-ақ, Қасымов есірткі жасаушылардың қандай қулықтарға баратынын да айтып берді.
«Олар айла-тәсілдерін үнемі өзгертіп отырады. Атомдар біздің тізімге кірмегендіктен, оларды жауапкершілікке тарта алмаймыз», — деді министр.
ІІМ басшысы есірткіні жарнамалайтын сайттар туралы да сөз қозғады.
«Өткен жылы 522 сайтты жапсақ, бұл жылы есірткіні таратқан 3200 сайтты бұғаттадық», — дейді.
Оған қоса Ішкі істер министрлігінде Қазақстандағы 100 АЕК-ке дейінгі (қазір шамамен 240 500 теңге) анонимді жолдауларға тыйым салу туралы ұсыныс түскен.
«Осы анонимді жолдамаларға тыйым салу туралы ұсыныс айттық. Біз ақшаның қайда жіберіліп жатқанын көруіміз керек», — деді Ішкі істер министрі.