Елімізде 1 қарашадан бастап не өзгереді?

0

Күздің үшінші айында Қазақстанда бірқатар өзгеріс күшіне енеді.

Карантин күшейді

Шығыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты 1 қарашадан бастап блок бекеттер қойылады.

Сонымен қатар, 2 қарашадан бастап Өскеменнен шығатын және кіретін әуе рейстерінің санын қысқартуға шешім қабылданды:

– Нұр-Сұлтан – аптасына 17 рейстен 7-ге дейін;

– Алматы – аптасына 14 рейстен 7-ге дейін;

– Шымкент – аптасына 2 рейстен 1-ге дейін.

Сондай-ақ теміржол рейстері қысқарады:

– Өскемен – аптасына 1 рет;

– Алматы – аптасына 3-ке дейін.

Барлық жолаушыда мерзімі 3 күннен аспаған ПТР анықтамасы болуы керек.

Шығарып салатындар мен қарсы алушыларға әуежай мен вокзалға кіруге тыйым салынады. Өңірде транзиттік пойыздар тоқтамайды.

Сондай-ақ облыста демалыс және мереке күндері шектеу шаралары күшейеді. Қызметкерлердің 80 проценті қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылатын болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтарды карантин шараларын сақтауға шақырды.

«Көптеген шет елдегі коронавирус індетінің таралу жағдайы алаңдатарлық. Барлық жерде қатаң шаралар, оның ішінде, локдаун тәртібі қайта қабылданып жатыр. Қазақстандықтарды денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдары мен карантин шараларын сақтауға шақырамын», – деп жазды президент Twitter-де.

Бұдан бөлек, енді шетелден келген қазақстандықтар анықтамасы болмаған жағдайда коронавирусқа тексеру үшін бұрынғыдай екі тәулікке емес, 7 күнге дейін оқшауланады.

Екінші тоқсанда не өзгереді

Қазақстандық оқушылар бірінші тоқсанды аяқтап, 5-14 қараша аралығында күзгі демалысқа шығады.

Екінші тоқсан 15 қарашада басталады. Білім және ғылым министрлігі екінші тоқсанда мектепке барып оқитын оқушылардың саны артатынын хабарлады.

Оқушылар саны 300-ге жетпейтін қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшіріледі.

Сондай-ақ ата-аналардың өтінішімен 1-ден 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етілді.

Осылайша, екінші тоқсанда екі формат бойынша білім алатын балалардың болжамды саны:

– қашықтан оқыту форматында – 2,2 миллион;

– дәстүрлі форматта – 1,2 миллион, оның ішінде:

– 800 мыңнан астам бала кезекші сыныптарда (1-5 сынып),

– шағын жинақты 4010 мектепте 434 мың оқушы,

-13 халықаралық мектепте 3 мыңға жуық бала (1-7 сынып) оқиды.

Бес уақыт намазды мешітте оқуға болады

2 қарашадан бастап күн сайынғы бес уақыт намазды мешітте оқуға рұқсат етіледі. Бірақ залдағы адам саны 100-ден аспауы тиіс.

Жұма намазын оқуға әзірге рұқсат етілген жоқ.

Шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі

Қыркүйек айында Қазақстан үкіметі пандемияға байланысты елден шығып үлгермеген шетелдік азаматтарға рұқсат мерзімін 1 қарашаға дейін созу туралы шешім қабылдады.

Шетелдіктерді және оларды қарсы алған азаматтар да әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ.

Мерзімі ұзартылған құжаттар тізіміне мыналар енді:

– жеке басын куәландыратын құжат;

– визалар;

– уақытша тұруға рұқсат;

– тұруға ықтиярхат;

– иммигранттарға арналған еңбек патенттері.

1 қарашадан бастап заң бұзғандарға айыппұл салынады.

 

Sputnik Қазақстан