«Елім үшін жанымды беремін»: Нұралы Әліп даулы сұраққа жауап берді

0

Футболдан ұлттық құрама команданың қорғаушысы Нұрәлі Әліпке қатысты тіл мәселесіне нүкте қойылды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Қазақстан құрамасының Норвегиямен өткен ойынынан соң «Зенит» пен ұлттық құрама қорғаушысы Нұралы Әліп жанкүйерлерге алғыс айтып, кезінде өз аузынан шыққан қазақ тілі туралы сөзіне қатысты пікір білдірді.

«Қазақ елі, қолдауларыңызға рахмет! Осы орайда тағы бір мәселені айтқым келеді, соңғы берген сұхбатымды бұрыс түсінгендерге мына жайтты түсіндіргім келеді: мен қазақ тіліне қарсымын немесе сөйлемеу керек деген жоқпын, ондай ойым да болған жоқ. Өзім бір адамға (Нұрсұлтанға – авт.) келген қонаққа қонақжайлылығыңды көрсету керек деп айтқанмын. Бірақ ол адам мені дұрыс түсінбей, қазақ тіліне қарсымын деп ойлап, өз пікірін айтып, мені түсінбеді. Ұзын сөздің қысқасы, мен де өздерің сияқты қазақ үшін жанын беруге дайын қазақтың қарадомалақ баласымын. Қазақты қазақ көтерер, біз – біргеміз, биік іргеміз», — деп жазды Әліп әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске сала кетсек, баспасөз конференциясында Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойған Нұрсұлтан Құрманның бұл әрекетін Нұралы «хайп» деп бағалаған болатын. Осыдан соң Құрман да үнсіз қалмай, футболшыға есін жиюға кеңес берген.