Елге берген елден кетпес

0

1968 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының Химия ғылым­дары институтының аспирантурасына түскен Әбдікәрім Мұсаұлы 1971 жылы диссертациялық еңбегін сәтімен қорғап, химия ғы­лымының кандидаты дәре­жесіне ие болды. Жоғары оқу орнында оқытушылық қызмет атқарып, ғылыми жұмыстарын жалғастырды. 1978-2000 жылдар аралығында Қарағанды политехникалық университетінің Жезқазған филиалында еңбек етіп, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық инс­титутының кафедра меңгерушісі, деканы болды.

Әбдімұса Мұратұлының ерек­ше атап өтерлік еңбегінің бірі, жеке қаржысына универси­тет ашып, аз қамтылған отбасы­нан шыққан балаларға жағ­дай жасауы деуге болады. Ауыл тіршілігіне қанық ол сту­дент­­тердің келешегіне ерекше жа­уап­кершілікпен жана­шыр­лық­пен қараған жан. «Аты жа­ман­ның арманы кетер, баласы жаманның дәрмені кетер», деген Қазыбек бидің сөзін әкесі көп айтатын-ды. Бастаған ісі­нің баянды болғанын бүгінгі университеттің тыныс-тіршілігі дәлелдейді. Міне, «елге берген елден кетпейді» деген осы. Есесіне халықтың құрметі шек­сіз. Арыс қаласындағы Төле­ген Тәжібаев атындағы балалар үйінде Әбдімұса Мұратұлының атында мұражай ашылды, Арыс қаласы мен Сайрам ауда­ны­ның құрметті азаматы атануы да осы ілтипаттың айғағы іс­петтес. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйенерге жарар ол» де­ген­­дей, адамгершілік асыл қа­сиеті Арыс балалар үйінің тәр­биеленушілеріне аталық мейі­рімін төгіп, әрқайсысының өмір­ден өз орнын табуына жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп жүр­ген кең жүректілігінен де көрі­нетін. Нарықтың ырыққа көн­бей тұрғанына қарамастан, ай сайынғы шәкіртақысын да тоқ­татпай берді.

Ғылымның аса күрделі саласы – химияны игеру, жас ұрпаққа игерте білу де қиын міндет. Ғы­лымдағы сабақтастықтың үзілмеуі үшін ғылыми кадрларды даярлауда аянып қалмады, өз ізбасарларын, шәкірттерін дайын­дады. Құдай қосқан қосағы Карамат екеуі 2 ғылым докторын, 1 ғылым кандидатын, 3 ғылым магистрін тәрбиеледі. Сондай-ақ мыңдаған шәкіртке білім нәрін берді. Қазақстан ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан Ә.Мұратұлының ғылыми-зерттеу еңбектеріне үңілсеңіз, жаңалықтың жаршысындай ойлы, тұжырымды, тұщымды тұжырымға кез боласыз. Қызмет пен ғылымды қатар алып жүріп, 1995 жылы Мәскеу қаласында И.М.Губкин атындағы Мұнай және газ өндіру мемлекеттік академиясына қарасты арнаулы ғылыми кеңесінде докторлық диссертациясын қорғады.

45 жыл теміржолшы болып қызмет еткен әкесі Мұраттың кіндігінен тараған әулеттің тізгін­ұстары ретінде Оңтүстік өңіріне Қуатбековтер әулетін жақсы қырынан танытты. Бұл әулеттің Түркістан облысында ойып алар орны бар. Осы отбасының  басшысы, тірегі болған Әбдімұса қызметпен шектеліп қалмай, ұл-қыз­дарын баптап, бәйгеге қо­сып, аяқтарын шалыс баспау үшін бағыт-бағдар берді. Балаға ананың сүтімен, әкенің қанымен берілген тәрбиенің өзі ерекше. Ұл-қыздарын, немерелерін  жастайынан  еңбекке баулып, адамгершілік қасиет, ар-ождан мәселелерін бойларына сіңіріп өсірді. Ең алдымен ел үшін қыз­мет етуге үйретті. 2016 жылы республикалық «Мерейлі отбасы» конкурсына қатысқан бұл педагогтар мен ғалымдар әулеті облыстық сында бас жүлдені иеленді. 

Қазіргі таңда Рабиға Әбді­мұсақызы университет ректоры, білікті маман, шебер басшы. Қазақстан Халықтар достығы университетін басқарғанына 10 жылдан асты. Аталған жоғары оқу орны елімізге ғана емес, алыс-жа­қын шетелдерге  де танымал.

Қуатбековтер отбасы облыс деңгейінде өткізілетін қа­йы­рым­дылық іс-шараларына де­меушілік жасап, Арыс қала­сындағы Төлеген Тәжібаев атын­­дағы отбасылық үлгідегі балалар үйін толық қамқорлығына алған. Әбдімұса Мұратұлының тағайындаған грантымен 46 тұл жетім, 150 жартылай жетім, 24 мүмкіндігі шектеулі студент білім алуда. Яғни бұл отбасы «Жетім көрсең жебей жүр», «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қазақы қағиданы берік ұс­танған.

Әбдімұса Мұратұлын мектеп жасына дейін ата-анасы, одан кейін интернат, университет, аспирантура тәрбиеледі. Оның адамдық, ғалымдық қасиетін қалыптастырған да осы төрт мектеп. Осы төрт мектептің біл­імімен сусындап, қанат қақ­қан тұлға биікке самғады. Қазақ­стан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының және Нью-Йорк Ғылым акаде­миясының академигі, химия ғылымының докторы, профес­сор, П.Капица атындағы Ха­лық­­аралық сыйлықтың лауреаты, «Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері», респуб­ликалық «Лучшие лю­ди» атты қаһармандар энци­кло­педиясының құрмет белгісі­нің, Халықаралық Сократ комитетінің «Ғылымдағы тұлға», сонымен қатар «ХХІ ғасырдың Әлемдік ғы­лымға қосқан зор үлесі үшін», медалдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық бірлік» алтын медалінің және Но­бель атындағы медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңір­ген ғылым қайраткері сынды атақ, дәрежесінің бәрінде де табан ақы, маңдай тер, өршіл талап, мақсаткер жанның қажыр-қайраты мен табанды ізде­німпаздығы, тынымсыз іс-әрекеті жатыр. Әбдімұса Мұратұлының есімі бүгінде Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде де, тіпті көптеген шет мемле­кеттерде де белгілі. Оның қаламынан туған 800-ден астам еңбек (оның 20-ға жуығы жеке және тең авторлық монографиялар мен оқулықтар, сөздіктер мен ұжымдық зерттеу­лер) осы сөзіміздің айғағы.

Қазақта «Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» деген сөз бар. Осы сөзге Әбдімұса Мұратұлының пер­зенттері де қы­лау түсірген жоқ. Бүгінде барлығы әке атын жақсы қыры­нан танытып жүрген егемен елдің білікті де іскер мамандары. Әбекең жастарға адамдықтың шынайы үлгісін көрсете білді. Ол достықты қадір тұтатын, адамның парқын білетін, жамандыққа жаны қас қазақтың нар тұлғалы азаматы еді. Әбдімұса ағамыз мәнді де мағыналы өмір сүрді. Ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп, балаларының бақытына, неме­релерінің қызығына кенелді. Ұл-қыздарының ғылымның биік шыңдарын бағындырып, университет, колледж басқарған бас­шылық қызметін, елдің қалау­лысына айналып, облыстық мәс­лихаттың депутаты болға­нын көріп марқайды. Десе де, адамның арманы таусылған ба. Әттең, Әбдімұса аға әлі де орта­мызда болғанда талай игі істің басында жүретін азамат еді. Жақ­сы адам­ның жаныңда жүр­гені қан­дай ғанибет! «Жақсы­ның аты, ғалымның хаты өл­мейді», деген, жайсаң да жанашыр жан­ның есімі жадымызда мәңгі сақталады. 

Әбдіжәлел АҚКӨЗОВ,

М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Шымкент көлік колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

ШЫМКЕНТ