Елдос Сметов: жетістіктері, арманы, мақсаты, отбасы

0

Дзюдошы Елдос Сметов бала күнгі арманы мен қазіргі мақсаты туралы айтты

НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik, Дәурен Ерболат. 2019 жылы Будапеште дзюдодан өткен Гран-при турнирінің жеңімпазы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов өміріндегі қиындықтарды қалай еңсергенін, спорттағы жетістіктері, арманы мен жеке өміріндегі өзгерістер жайлы Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік бар

Дзюдода рейтингі жоғары спортшының ғана Олимпиадаға жолы түседі. Балуандардың босаңдық танытуына мүмкіндік жоқ. Ал рейтингті халықаралық дзюдо федерациясы шығарады. Әрбір жарысқа қатысқан сайын дзюдошыға ұпай беріледі. Бүгінде 60 келіге дейінгі салмақта күресетін қазақ балуаны Елдос Сметов 5301 ұпай жинап, тізімде 6-орында тұр. Бұл оған 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік береді.

«Токио Олимпиадасына қатысуға ұпайым жеткілікті. Бірақ 2019 жылдың соңына дейін әлі екі жарыс бар. Біріншісі, Абу-Дабиде өтетін Grand Slam турнирі, екіншісі, ТOП-16 дзюдошы қатысатын Masters турнирі, Алла қаласа, осы жарыстарда бағымды сынаймын. Дайындығым жоғары деңгейде. Барымды салып, дайындалып жүрмін», — дейді спортшы.

Қарсыластың бәрі тең

Сондай-ақ, халықаралық дзюдо федерациясы жасаған рейтингте үздік 18 дзюдошы 4 жылда бір рет өтетін дүбірлі додаға қатыса алады. Жалпы Токио Олимпиадасында 15 салмақта 386 балуан белдеседі. Яғни ерлер арасында – 7, әйелдер арасында 7 салмақта жеңімпаз анықталады әрі командалық есепте балуандар өзара мықтыны анықтайды. 

РИА Новости

Дзюдошы татамиге шыққан әрбір қарсыластың қауіпті екенін айтады

«Қарсыластарымды мықты, әлсіз деп бөлмеймін. Олардың барлығы мен үшін тең. Себебі, татамиде кез келген жағдай болуы мүмкін. Қарсыласың сені алып жықпас үшін, жақсылап дайындалу керек. Әрбір қарсылас қауіпті», — дейді дзюдошы.

Күнделік және арман

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері бала кезінде дзюдодан чемпион болуды армандапты. Ол бұл арманын күнделігіне жазып, жеңімпаз атану үшін аянбай тер төккен.

«Бала кезімде қызыл қаламмен «Елдос Сметов — әлем чемпионы» деп армандап, күнделікке жазып жүрдім. Бірақ бұл мақсатыма жету үшін аянбай еңбек еттім. Күнделігім бар, оны сақтап қойдым. Бірақ оған бүгінде ештеңе жазып жүрген жоқпын. Алайда қазір нақты мақсатым бар. Ол – Олимпиада чемпионы болу. Бар күшімді салып, дайындалып жүрмін», — дейді Елдос Сметов.

Қиындықты жеңе білу керек

Дзюдошы жетістіктерге жетпес бұрын біраз қиындықты басынан өткізіпті. Ол күрескісі келмей, жаттығудан да шаршаған кездері болғанын айтады.

Тағы оқыңыз: Мұндай жауап күткен жоқ: Головкин журналистерді қалай састырды?

«Кез келген маман кәсіби деңгейге немесе белгілі бір жетістікке жету үшін небір қиындықты басынан өткізеді. Жеңіс оңай келмейді. Мен осы уақытқа дейін оның оңай келетінін көрген жоқпын. Әрбір кәсіптің, әрбір істің өз қиындығы болады. Жаттығу жасап жүріп, денеңді ауыртып аласың, кейбір кездері жаттығудан жалығып кетесің. Бірақ оны жеңе білу керек. Егер оған адам шыдаса, қиындықты жеңе білсе, өз ісін жақсы көрсе, жеңіске жетеді», — дейді спортшы.

Алтын жүлде

Елдос Сметов 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XXVII жазғы Азия ойындары кезінде жарақат алып қалғанын айтты. Алайда қазақ балуаны нар тәуекелге бел буады.

Доган Йылдыз

Дзюдошы алған жарақатына қарамастан, жарыста алтын медальді қанжығасына байлаған

«2014 жылы Оңтүстік Кореядағы Инчхонда Азия ойындары өтті. Мен жарақат алып қалдым. Бірақ соған қарамастан, күресемін деген шешім қабылдадым. Алла қолдап, бұл жарыста алтын медаль жеңіп алдым», — дейді ол.

«Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді»

Сонымен қатар дзюдошыға «спорттағы карьераңызды аяқтаған соң, не істейсіз?» деген сұрақ қойдық. Сметов бұл сауалға әлі нақты жауап бере алмайтынын жеткізді.

«Өзім айтып кеткендей, нақты мақсатым бар. Оны жүзеге асыру үшін барымды салып жүрмін. Ойым да, мақсатым да – Олимпиада чемпионы атану. Басқа мәселеге көңіл аударып жүрген жоқпын. Спорттан кейін не істейтінімді әлі ойламаппын. Себебі, қазақта «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген нақыл сөз бар. Сондықтан бар күшімді бір салаға жұмсайын деп шештім. Ал қалғанын орайы келгенде, Алланың қалауымен көремін», — дейді спортшы.

Отбасы

Қазір Елдос Тараз қаласында отбасымен бірге тұрып жатыр. Спортшы жеке өміріндегі өзгерістер жайлы да айтып берді.

«Балауса есімді сүйікті әйелім және Алла берген қызым мен ұлым бар. Қызымның есімі – Мәриәм. Ол – 1,5 жаста. Ал ұлым Омардың өмірге келгеніне 4,5 ай болды. Кеше баламды сүндетке отырғыздым», — дейді Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері қуанышымен бөлісіп.

Сөз соңында қазақ балуаны «мықты дзюдошы боламын» деген жастарға нақты мақсат қойып, аянбай еңбек етуге кеңес берді. Спортшы мұндай адамның міндетті түрде жетістікке жететініне сенімді.



sputniknews.kz