Елдің бәрін тәнті еткен ерек тұлға
Республикалық «Қазақстан», «Хабар», халықаралық «Мир» телекомпанияларындағы талайларды тамсандырған талдамалы хабарларды тереңнен тербей жүргізуі, Ватиканға барып Рим Папасының қолын алуы, арнайы делегация құрамында Израиль Премьер-министрі Ицхак Рабинидің жерлеу рәсіміне қатысып, сол арада қаздай тізіліп қатар тұрған АҚШ-тың әр жылдардағы Джеральд Форд, Джимми Картер, Рональд Рейган, Джордж Буш, Билл Клинтон секілді бес бірдей Президентін көруі кәнігі тележурналист өміріндегі орны бөлек оқиғалар. Сондай-ақ соныға соқпақ салып, баспасөз кеңістігіне келіп қосылған «Айқын» және «Литер» газеттерін оқырманның рухани олжасына айналдырғанын ауызға алмасақ арымызға сын.
Жер жүзінің жетпістен астам елін аралаған елгезек әріптесіміздің көрген-білгені де, көңілге түйгені де көп болғандықтан әріден қозғап айтар әңгімесі де аз емес. Бірақ ол бүгін өз шығармашылығындағы өзгеше өріс – Елбасының шетелдерге ресми сапарлары барысында байқаған пайымдаулары, тұғыры биік осынау тұлға туралы деректі фильмдер түсіргенде көкейіне түйгендері, жеке кездесулері кезінде есінде ерекше сақталып қалған сәулелі сәттер төңірегінде тағылымды ой толғайды.
«Сіздерге Құдай парасатты Президент берген»
Сенесіз бе, әрбір қазақстандықтың мерейін тасытып, мәртебесін өсірер бұл сөзге бүгінде құлағымыз әбден үйренген сыңайлы. Екі күннің бірінде естиміз. Әсіресе әлемдік дәрежедегі әйдік жиындардың биік мінберінен айтылғанда кеудемізді мақтаныш кернейді. Ұлтымыздың ұлықтауға лайық көреген көшбасшысы болғанына іштей шүкіршілік етеміз.
Осындайда ойға оралады. Ілгеріде «Мир» телекомпаниясының Қазақстандағы филиалын басқарып тұрған кезімде Душанбеде өткен директорлар кеңесіне қатыстым. Сонда бір тәжік маған «Егер бізде сіздердікіндей Президентіміз болса, алақанымызға салып аялар едік» деді мұңайып. Сосын сәл үнсіз қалды да үзілген сөзін қайта жалғады. «Сіздер соғыстың не екенін білмейсіздер. Оның бетін аулақ қылсын!» Сонда барып әлгі әріптесімнің жан-дүниесін күйзелткен ауыр күрсіністің астарында қандай зіл жатқанын аңғардым. Бейбітшілік пен тұрақтылық берекелі тірліктің тұтқасы екенін түсіндім. Бақыт ордасындай Отанымыздағы салтанат құрған тыныштық Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында орнағанын бағалау қажеттігін ұқтым. Жуырда жұмыс бабымен Киевке бардым. Днепр бойындағы бұл әсем қалада баяғыда бала күнімде болған едім. Балғын шақтың әдемі әсерлері жадымда жиі жаңғырады. Араға жылдар салып келгенімде Украина астанасының бұрынғы ажар-көркін көре алмадым. Елдің дамуын тежеген дағдарыстың айқын көрінісі емей немене бұл?!
Алтыбақан алауыздықтың аяғы қайда апарып соғатыны атам заманнан белгілі. Сондықтан тату-тәтті қарым-қатынасқа негізделген қоғам құрудың маңызы қашанда зор.
Астын сызып атап өтерлік тағы бір жайт, Елбасының сыртқы сапарларында онымен кездесуге, сөйлесуге, бірге суретке түсуге ұмтылушылардың қарасы молдығын талай байқадым. Абырой-беделінің биіктігін айтып жеткізе алмаймын. Америкада азуын айға білеген алпауыт компаниялар жетекшілерінің, астам мінезді миллиардерлердің Нұрсұлтан Әбішұлымен жылыұшырай жүздескендерін, сөйлеген сөздерін сілтідей тынып тыңдағандарын көріп еріксіз таңдай қақтым. Егер қызығушылық танытпаса олардың кез келгені орнынан тұрып кетіп қалар еді.
Жақында Брюссельдегі АСЕМ саммитінде де ең ірі еуропалық компаниялардың басшылары Назарбаевтың нағыз саясат серкесі ретіндегі рейтингісінің жоғарылығына көз жеткіздік. Қозғалған тақырыптардың тамырын тап басуы, қойылған сұрақтарға сұңғылалықпен жауап қайтаруы жиналғандарды қатты сүйсінтті. Мұндай мойындауларға бойымыз үйренгелі қашан. Әйтсе де әрқилы жаһандық жиындарда жалпы адамзатқа ортақ ауқымды проблемаларды қозғап, ордалы ой қорытатын Нұрағаңның бағалы бастамаларына бірауыздан қолдау білдірген жақсы-жайсаңдардың жылы лебіздерін естігенде төбеміз көкке екі-ақ елі жетпейтінін несіне жасырайық.
Тарихтағы тұлғаның рөлі туралы ойлағанда менің көз алдыма ылғи өзіміздің Елбасының жарқын бейнесі тұрады. «Сіздерге Құдай парасатты Президент берген» деп еді бірде бізге ТМД-лық қаламдасымыз қызыға әрі қызғана қарап.
«Осы сен қайда жүрсің, елге қайтпайсың ба?»
Тәуелсіздігіміз аяғын тәй-тәй басқан тоқсаныншы жылдардың басы-тұғын. Онда радиода қызмет істейтінмін. Шетелдік сапардан оралған Президентті қарсы алуға Алматы әуежайына келгенбіз. Сол уақытта ұшақтан түскен Мемлекет басшысына журналистердің жан-жақтан сауал жаудыратын салты болатын. Қалыптасқан дәстүр бойынша алғашқы кезекті телевизия өкілдері алатын. Мен сол стереотипті бұзғым келді де, тұсымыздан өтіп бара жатқан Нұрсұлтан Әбішұлына дауыстап сұрақ қоюға оқталдым. Алайда аты-жөнін айтқанымша ол алысқа ұзап үлгерді. Үлкен толқу үстінде үнім шықпай қалғанын сездім. Сонымен көкейімді тескен сауалым көмейімде қалып қойды. Елбасымен ең алғашқы кездесуім осылайша сәтсіздеу аяқталды.
Кейінірек тағы бір «қызық» жағдайға тап болдым. Телевидениеде шығарушы редактор міндетін атқарып жүргенімде қолыма Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельциннің Қазақстан мен Ресей арасындағы мәйекті мәселеге байланысты телефон арқылы сөйлесу мәтіні тиді. Шұғыл шешім қабылдап, әңгіменің қысқартылған нұсқасын кешкі алтыдағы «Жаңалықтарға» ұсынып, толық нұсқасын сағат тоғыздағы «Шарайнаға» бергенді жөн санадым. Өзімше «қулық» жасап, көгілдір экран көрермендерінің екі көзін төрт қылып түнгі хабарды күттірмек болған түрім ғой. Соның алғашқысын үйіне қайтар жолда автокөлік ішінде көрген Нұрсұлтан Әбішұлы тиісті адамдардан телефонмен тілдесуді кімнің «күзегенін» сұрап біліпті. Менің фамилиямды Президент бірінші рет сірә, сол жолы естіген болар. Сәл кейінірек, Мәскеудегі Бірінші арнада жұмыс істеп жүргенімде іссапармен Алматыға ат басын бұрдым. Әлдебір баспасөз мәслихатында Президент мені көріп қалып, «Осы, сен қайда жүрсің, елге қайтпайсың ба? Астанаға неге көшпейсің?» дегенінде үлкен кісінің өзімсінген қамқорлығына бөленгендей бөлекше күйге енгенім есімде.
«Жаңаша бағдарламалар жасайтын бол»
Президенттің Телерадиокешенін басқару жөніндегі ұсынысын білдіргенде Нұрсұлтан Әбішұлы «Жаңаша бағдарламалар жасайтын бол» деген тілегін қоса жеткізді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының белгілі бір елдерге сапарының тек ресми хроникасы тізбектеліп қана қоймай, сол елдер жайында тарихи, жағрапиялық, танымдық тұрғыдан тартымды материалдар берілсе телекөрермендер үшін әлдеқайда қызғылықты болады екен. Содан сол игі идеяны жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Ұзақ уақыт бойы республиканың телеарналарында жоғары сұранысқа ие болып келе жатқан «Әлемге көзқарас» атты деректі фильмдер легі осылайша пайда болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Бұл фильмдер отандық деректі кино өндірісінде ойып отырып өз орнын алғаны анық.
Кейде Президенттің қатысуымен өтетін протоколдық іс-шаралар кезінде де жүрекке жылылық ұялататын өзгеше оқиғалардың куәсіне айналып жататынымыз бар. Әлі есімде, Францияда, Елисей сарайындағы қабылдауда француз оркестрі танымал қазақ ән-әуендерін құйқылжыта жөнелді. Музыканттар Абайдың «Көзімнің қарасын» ойнағанда Елбасымыз ерекше елтіп, әдемі қоңыр дауысымен қосыла кетті. Керемет көріністі түсіртіп алмақ ниетімен жан-жағыма қарасам, жақын маңда бірде-бір камера болсашы. Басқа амалдың жоқтығынан ұялы телефонымның бейнежазба тетігін қосуға тура келді. Сол кештегі эксклюзивті түсірілім сөйтіп кинокадрға кірді. Мұндай мерейлі мезеттер тегінде аз болмайды. Қал-қадерімізше сондай қайталанбас сәттерді қалт жібермеуге тырысамыз. Шығармашылық топтың әртүрлі деңгейдегі келіссөздер үдерісінің қысқа қайырым үзіктерімен шектелмей, кадр сыртындағы көзайым көріністерді де қамтып қалуын ұдайы назарда ұстаймыз.
Кезекті кездесулердің бірінде Президент осы тележобаға қатысты өзінің көзқарасын білдіре отырып «Жарайсыздар, сіздер еліміздің тарихын жазып жатырсыздар» деді мақтауымызды асырып. Іле-шала «тарихты жазып жатқан Сізсіз, Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз тек соны таспаға таңбалаушылармыз» дедім мен де көңілдегі көрікті ойымды ірікпестен.
«Ерлан, үйге барған соң сөйлесеміз…»
Бірнеше жылдан бері Президенттің Телерадиокешеніне жетекшілік етіп келемін. Аталмыш құрылымның басты міндеті – ел Президентінің сан қилы қызметін саралап көрсетуге өзіндік үлес қосу.
Мен Елбасының елуге тарта сапарларында қазақстандық журналистер қатарында болдым. Дүние жүзінің небір дүлдүл қайраткерлері оны қалай құрметтейтінін көзіммен көрдім. Сондағы байқағаным, ұлтымыздың ұлы перзенті, салиқалы саясат сардары Нұрсұлтан Назарбаевтың көсемдік көрегендігі, адами асыл қасиеттері айналасындағы адамдарды магниттей тартып тұрады. Асқан ақыл-ой арнасын адамзаттық игі идеяларды жүзеге асыруға бұра біледі. Соған қарамастан өзін өте қарапайым ұстайды. Халыққа түсінікті тілде сөйлейді. Тығырықтан шығу жолдарын тез табады. Ұтымды ұсыныстармен елді елең еткізеді. Бастаған шаруасын баянды етпей тынбайды. Ұлы мұраттарға ұмтылады. Бұл жасампаздықтың белгісі.
Ал енді әзілге ұсталығы өз алдына бір төбе. Бірде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми басқосуынан кейін ол баспасөз орталығында мәлімдеме жасады. Сөзінің соңында әдеттегідей «қоятын сауалдарыңыз болса, жауап беруге әзірмін» деді. Содан мен «Московский комсомолецтің» тілшісі Аркадий Дубковтың микрофон сұрап отырғанын білдірмекке қолымды көтеріп әлгі әріптесім жақты нұсқамаймын ба. Соны байқаған Президент мені сұрақ қойғысы келіп отыр деп ойласа керек. «Ерлан, сенімен үйге барған соң сөйлесеміз» деп залдағыларды ду күлдірді.
Мен Президенттен аспанда да интервью алдым. Ұшақ бортындағы кабинетіне кіргенімде неге екенін білмеймін, ептеп сасқалақтап қалдым. Мықтының мысы басса керек. Отыр дегендей ишаратпен қарсы алдындағы креслоны көрсетті. Отыруға ыңғайланып әлгі орындықты жылжытсам, қатып қалғандай орнынан қозғалмайды. Қаттырақ тарта бастадым. Тапжылмайды. Бәрін үнсіз бақылап отырған Нұрсұлтан Әбішұлы әбден әбігерленген маған қарап: «Ақырын, қазынаның мүлкін сындырасың. Анау тетік тұрған жоқ па, соны бассаң болды», деп жылы жымиғанда маңдайымнан тер бұрқ ете қалды.
«Назарбаевпен басты мәселе туралы»
Біздің телерадиокешен түсірген фильмдердің бәрін талдасақ талайға сілтеуіміз мүмкін. Мен солардың ішінен басқалармен салыстырғанда мойны озықтау сияқты көрінетін бір-екеуіне тоқтала кетейін. Мәселен, «Үлкен саясаттағы галстуксіз кездесулер» дейтін туындымыз бұрынғылардан бөлектеу форматта қойылды. Режиссерлеріміз тың ізденістерге барып, әлемдік лидерлердің бейресми өмірін бейнелейтін киноархив материалдарын ақтарды. Солардың арасынан бұрын-соңды көрсетілмеген тосындау сюжеттерді іріктеді. Елбасымыздың галстуксіз кездесулерінен сыр шертетін ғажайып кадрлар таңдалып алынды. Міне, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин тау-тасты кезіп жүр, әне Елбасы қасына ҚХР-дың экс-төрағасы Ху Цзиньтаоны отырғызып алып электрокармен құйғытып келеді. Нұрағаның Дмитрий Медведевпен бірге балық аулаған көрінісі тіпті қызық. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Билл Клинтон мен қазақ үйдің ішінде емін-еркін сұхбат құрып отырған Президентіміздің бет-әлпетінде қонағын қошеметтеген дала перзентінің даналық белгісі қылаң береді. Біз бұл арқылы мемлекет басшылары арасындағы достық пен сыйластық саясаттың сірескен мұзын ерітуге оң әсерін тигізетінін айтқымыз келді.
Ал көзі қарақаты көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Назарбаевпен басты мәселе туралы» атты фильмді айрықша атап өткеніміз абзал. Мұнда бұған дейінгі сұхбаттардың бірде-бірінде айтылмаған сырлар ақтарылды. Өзекті әңгіме өрбіді. Айтылмаған ақиқат қалмағандай.
Президент бұл фильмде өзі жайында, заман жайында кеңінен көсіліп толғады. Қазақстанның кешегісі мен болашағы хақында ағынан жарылды. Көгілдір экран алдындағы көрермендер толғауы тоқсан тіршіліктің толып жатқан сауалдарына жан-жақты жауап алды. Сұхбат барысында өткен-кеткенді еске салатын мұрағаттық таспалар ұсынылды. Меніңше, елдің бәрін тәнті еткен ерек тұлға туралы басты фильмдерді түсіретін уақыт әлі алда.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»