ЕЛДІК ЖОЛЫНДАҒЫ ИГІ ІСТЕР | «Айқын» газеті

0

Қазір еліміздің әр өңірінде Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. Солардың бірі – «Нұр Отан» партиясының NurOtanTalks еркін ой алаңының кезекті жиыны. Бұл жолы қатысушылар «Қазақстанды өзгерткен бастамалар» тақырыбында әңгіме өрбітті. Елбасы күніне арналған басқосуға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, «Ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Юрий Пя, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі және «Милосердие» қайырымдылық қорының негізін қалаушы, қоғам белсендісі Аружан Саин қатысты.

Алдымен аталған пікірталас алаңы туралы аз-кем айтып өтейік. Соңғы айларда Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келе жатқаны белгілі. Осы мақсатта көптеген тың бастамалар мен нақты жобалар қолға алынып, бүгінде олардың нәтижелері де көріне бастады. Сондай-ақ осыған дейін тиімділігін дәлелдеген кейбір игі істер де жаңаша сипат алып, жандана түсті. Солардың бірі осы NurOtanTalks жобасы еді. Дәстүрге сай пікірталас алаңының бұл жолғы жиыны да әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетілді.

Өркендеудің өзегі болған үш бастама
Қатысушылар тақырыпқа сай тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елімізді дамудың жаңа деңгейіне алып шыққан бастамалары мен тарихи шешімдері жайында кеңінен сөз қозғады. Сондай-ақ олар өздерінің Мемлекет басшысымен кездесулеріне, бұл оқиғаның қалай әсер еткеніне тоқталды. Одан бөлек, Елбасының маңызды бастамалары қалай өмірге келгенін, олардың қабылдануына қандай оқиғалардың себеп болғанын және сол бастамаларды жүзеге асыруда өздерінің нақты қандай үлес қосқанын да көпшілікке әңгімелеп берді.
Алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынба­сары Елбасы шешімдерінің ел дамуындағы рөлі мен маңызына қатысушылардың назарын аударды. Сондай-ақ ол тәжіри­бесіндегі кейбір естеліктермен де бөлісіп, жас қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімін күшейтетін нақты мысал­дарды да тілге тиек етті.
Мәулен Әшімбаев еліміздің тәуелсіздік алған күннен бастап тұрақты даму жолынан жаңылмай, көздеген межеге батыл қадам басып келе жатқанын айтып, осы уақыт аралығында Қазақстанның Елбасы баста­ма­ларының арқасында экономикада, сая­сатта және әлеуметтік салада ауыз толты­рып айтарлықтай жетістіктерге жеткеніне назар аударды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары соның ішінде ел дамуына және қоғамның алға жылжуына айрықша әсер еткен аса маңызды үш стратегиялық бастамаға тоқталып өтті.
– Елбасының үлкен маңызға ие «Бола­шақ» бағдарламасын Қазақстанның кемел келешегіне салынған инвестиция деп айтуға толық негіз бар. Ширек ғасыр бұрын бастау алған бұл бастама осы уақыттың ішінде 13 мыңнан астам қазақстандықтың шетелдің алдыңғықатарлы университет­терінде білім алуына мүмкіндік берді. Дәл қазір Мемлекет басшысының осы жобасы өз жемісін беріп, «Болашақпен» білім алған бірқатар білікті азаматтар әкім, министр, пар­тиямыздың қатарындағы жауапты маман сияқты лауазымды қызметтерді ат­қа­рып жүр. Сондықтан бағдарлама түлек­тері алдағы уақытта да елімізді жаңа белес­терге жетелейтін патриот азамат болып қа­лып­тасатынына ешқандай күмәнім
жоқ, – деді Мәулен Әшімбаев.
Білім алудың маңызына тоқталып өткен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бүгінде бүкіл әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басып, жаңа кезеңде өмір сүріп жат­қанын айтты. Осындай кезде мемлекет­тер­дің негізгі байлығы табиғи шикізат немесе минералды ресурстар емес, керісінше білімді де білікті, патриот азаматтар екенін еске салды. Сондықтан ол Елбасының
25 жыл бойы жүйелі түрде жастарға қамқор­лық жасап келе жатқанын, жас қазақстан­дықтардың сол мүмкіндікті мүлт жібермей шетелде білім алуға ұмтылуы керек екенін айтып, кеңесін берді.
Еліміздің дамуына орасан зор ықпалын тигізген Елбасының келесі бастамасы туралы айтқан Мәулен Әшімбаев бұл істі тарихи шешім деп бағалады.
– Ел дамуындағы ерекше оқиғалардың бірі болған Елбасының келесі стратегиялық бастамасы да «Болашақ» бағдарламасы сияқты әлі күнге дейін Қазақстанды жар­қын болашаққа бастап келеді. Ол – Қазақстан Президентінің осыдан 20 жыл бұрын елор­дамызды Алматыдан сол кездегі Ақмолаға ауыстыру туралы тарихи шешімі. Соның нәтижесінде бүгінде бәріміздің сүйік­ті қаламызға айналған Астананың ір­гесі қаланды. Бұл шешімді Елбасы еліміз­де­гі ең бір қиын кезеңде, әлеуметтік жағ­дай­­дың ушығып тұрған шағында, эко­но­­ми­­калық дағдарыс белең алып, тұр­мыс­­тық жағдай тығырыққа тірелген сәтте үлкен тәуекелмен қабылдады. Бүгінде Ел­басы­мыздың бұл қадамы еліміздің эконо­микалық, әлеу­меттік, саяси дамуына тың серпін беріп қана қоймай, Қазақстанда инфра­қ­ұрылымның нығаюына, солтүстік өңірлеріміздің жан­дануына және тәуел­сіз­дігіміздің күшеюіне үлкен әсерін тигізген аса маңызды бастама екенін көріп отырмыз. Қазір Астана тек әсем қала ғана емес, халық­­­аралық өзекті мәселелер шешілетін ірі орталыққа, әлемге бейбітшілік пен келісімді паш етіп тұрған алтын бесікке айналды. Сондай-ақ елор­дамыз әлемдік қаржы және инновациялық орталыққа да айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан Астананы тек Қа­зақстанның ғана емес, халықаралық деңгейдегі құнды­лықтардың дамуына оң әсерін тигізген ең ұтымды жоба деп есептеймін, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз сөзінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары Астананы мемлекеттік басқару мектебі үшін де өте ұтымды тәжірибе екенін атап өтті.
Қазақстанның әлемдік биікке көтерілуіне әсер еткен Елбасының үшінші маңызды бастамасы ретінде Мәулен Әшімбаев «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын айтты.
– Үшінші стратегиялық бастама – «Ру­хани жағыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы. Бүгінде жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан бұл бағыттағы жұмыстардың да ел болашағы үшін маңызы зор. Аталған бағдарламаның бірінші бөлімінде ұлттық кодымызды сақтауға, тарихымызды терең зерттеуге көп көңіл бөлінген. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да дәл осы бағдарламаның жалғасы екенін атап өткен жөн. Бұл бастаманың тағы бір қыры, яғни екінші бөлімі Қазақстанның әлемдік трендтерге бейімделуіне арналған. Осы салаға да ерекше мән беруіміз керек деп ойлаймын. Даму мен ұлттық сананы қалып­тастыруда жаһанның озық тәжіри­белерінен үйреніп, ұтымды тұстарын өзі­міз­дің жұ­мысымызда қолдана білуіміз керек. Бұл ретте негізгі үміт жастарда екені түсінікті. Себебі, елдің болашағы – бүгінгі жас буын. Білімге құштарлықты және бәсекеге қа­білеттілікті арттыру сияқты идеялар мен құндылықтарды дәріптеу – осы бағдар­ламаның негізгі басымдығы. Сондықтан Елбасының аталған бастамалары Қазақ­станның оң бағытта өзгеруіне үлкен әсерін тигізгені сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Елбасының көпке үлгі болатын қасиеттері
Іс-шара барысында «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасымен бірге жұмыс істеуді өзіне беріл­ген үлкен мүмкіндік деп есептейтінін және Мемлекет басшысының жанында жүріп көп нәрсе үйренгенін де айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан Президентінің көпке үлгі боларлық басты үш қасиетін атап өтті.
– Біріншіден, Елбасының үнемі өзін-өзі жетілдіріп, ізденіп, жаңа, тың бастама­лар­­ды меңгерудегі табандылығын айрықша айт­қым келеді. Бұл – нағыз көшбасшыға тән қа­сиет. Бәріміз, әсіресе, жастар дәл осы қасиетті бойына сіңіріп, өздеріне үлгі етуі тиіс. Екінші ерекше қасиет ретінде Елба­сының айрықша жауапкершілігі мен үнемі өзіне-өзі жоғары талап қоятынын атап өтер едім. Мемлекет басшысы кез келген кездесу мен іс-шараға өте тыңғылықты әрі жан-жақты дайындалады. Өзіме ерекше әсер еткен Елбасының келесі қасиеті – ұқып­тылы­ғы мен мұқияттылығы. Қандай тығыз жағ­дай болса да Мемлекет басшысы халықты күткізбей, белгіленген іс-шара­ларды уақытында бастайды. Бұл – бүгінде билік тұтқасын ұстаған барша азаматтарға үлгі болатын қасиет. Президентіміздің осындай қасиеттерінен өзім де көп нәрсе үйреніп, мол тәжірибе жинадым, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары Елбасының бастамасына үлес қосқысы келген жастардың ең алдымен сапалы білім алып, көп еңбектену керегін айтты.
– Жастарымыз Елбасының «Болашақ» бағдарламасымен білім алуға ұмтылуы керек. Өйткені бұл – көптеген елде, тіпті АҚШ-тың өзінде қарапайым халықтың қолы жете бермейтін мүмкіндік. Сондай-ақ жастар өз саласының кәсіби маманы болуға, білікті кадр ретінде қалыптасуға мән беруі тиіс. Қоғам алдындағы жауап­кер­шілікті сезініп, айналасына көмектесудің де маңызы зор, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде іс-шараға қатысушы «Ми­лосердие» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Аружан Саин Елбасымен кездесулердің өміріндегі ең елеулі сәттер екенін айтты. Сондай-ақ ол жастарға әр істе тек өзіне ғана емес, қоғамға да пайдалы болуды назарда ұстау керектігі жөнінде кеңес берді.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тек түркі дүниесі үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды еңбек екенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде аталған ма­қала әлемнің тоғыз бірдей тіліне аударыл­ған.
Талай жанға ота жасап, дертіне шипа болған әлемдік деңгейдегі кардиохирург Юрий Пя өзінің еліміздің дамуына үлес қосып, Астанада жұмыс істеп жүруі тікелей Елбасының арқасы екенін айтты.
– Астанаға келмес бұрын 10 жыл шетел­де жұмыс істедім. Осыдан 15 жыл бұрын, яғни 2003 жылдың қаңтар айында Елба­сымен алғаш рет кездестім. Сол кездесуде Мемлекет басшысы елімізде кардиохирур­гия саласын дамытуымыз керектігін айтып, жаңадан құрылатын кардиохирургия орта­лы­ғына маман қажет екенін айтты. Осы­лайша мен Астанаға қайтып келу туралы шешім қабылдадым, – дейді Юрий Пя.
Сонымен бірге іс-шара барысында еліміздің бағыт-бағдарын анықтап, халықтың әл-ауқатын арттырып және Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы абырой-беделін күшейткен Елбасының басқа да бастамалары кеңінен айтылды. Пікірталас алаңына арнайы келген жастар осы істерді жүзеге асыруға тікелей қатысып, сол жолда тер төгіп жүрген азаматтардан өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Осылайша, «Нұр Отан» партиясы Тұңғыш Президент күнінің мәні мен маңызын дәріптеді.

Аружан САИН,
«Милосердие» қайырымдылық қорының негізін қалаушы:

Балалардың басты қамқоршысы

– Қайырым­ды­лық қорымыздың жұмыс істеп келе жатқанына 12 жыл­дың жүзі болды. Осы уақыт аралығында Елбасымыз бізге тікелей қолдау көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде бүгінге дейін 1700 баланың дертінен айығып, «қайтадан өмірге келуіне» септігімізді тигіздік. Меніңше, кез келген елдің президенті біздің Елбасымыз сияқты қайырымдылық қоры арқылы балалар ұйымына көмектесе бермейді.
Біздің ұйым түрлі қиыншылықтарға тап болған балалармен тікелей байланыста жұмыс істейді. Сол жолда кейбір бюрократиялық келеңсіздіктерге тап болсақ та, тауымыз шағылмай, алға қойған мақсатымызға жету үшін еңбек етіп келеміз. Тіпті ең қиын шақтарда да үмітімізді үзген жоқпыз. Себебі бізді тыңдайтын, бізге қолдау көрсететін адамның бар екенін білдік. Сондықтан біздің барлық мәселемізді назарында ұстап, қолдау көрсетіп келе жатқан Елбасымызға ерекше алғысымыз­ды білдіреміз.
Бүкіл қоғамды дүрліктірген Абай ауылындағы оқиғаға қатысты көрсеткен қолдауы үшін де Мемлекет басшысына бөлек алғысымызды жеткіземіз. Бұл Президентіміздің қоғамдағы әр оқиғаны жіті бақылап отыратынын көрсетеді. Сондықтан тығырыққа тірелген шақта көмек қолын созып, мәселенің оң шешілуіне ықпалын тигізетін Елбасымыздың бар екенін ерекше мақтанышпен айтамын.
Қорға көбіне жүрек ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары көмек сұрап келеді. Бұрын солардың ішінде 80 пайызы шетелде ота жасатуға мұқтаж болатын. Себебі, ол кезде елімізде ондай мүмкіндік болған жоқ. Қазір Елбасымыздың бастамасымен Қазақстанда кардиоорталық ашылып, жағдай түбегейлі өзгеріп шыға келді. Нақты айтар болсам, кезекті Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мен Мемлекет басшысымен кездесу бақытына ие болдым. Сол жерде кардиохирургия, балалар үйі және шетелде емделуге мүмкіндік беретін квота мәселесін айтуға мүмкіндік алдым. Шынымды айтсам, бұл мен үшін өмірімдегі ең ұмытылмас сәт болды. Осы кездесуден кейін елімізде аталған кардиохирургиялық орталық ашылып, ең күрделі деген жүрек оталарының өзін жасауға қол жеткіздік. Қазір тіпті шет елдерден бізге келіп, емделіп жатқан азаматтар өте көп.
Балалар үйі мәселесі бойынша да жүйелі жұмыс қолға алынып, тиісті заңдарға өзгертулер енгізілді. Нәтижесінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың деректері жинақталған арнайы банк өз жұмысын бастады. Бұл дегеніңіз, шалғай ауыл-аймақтағы балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің жаңа отбасын тауып, бақытты өмір сүруіне жасалған үлкен мүмкіндік. Яғни, аталған банк арқылы ол балалардың деректерін ірі қалалардағы бала асырап алғысы келгендер де көріп, таныса алады. Бұл ха­лықаралық тәжірибе екенін де ескергеніміз жөн. Осы бастама өз жемісін беріп, елімізде балалар үйінде тәрбиеленушілердің саны айтарлықтай азайды. Егер сол кезде Елбасымыздың өзі араласпағанда, бұл істің жедел жүзеге асырылуы кешеуілдейтіні сөзсіз еді.
Сол сияқты шетелде емделуге мүмкіндік беретін квота мәселесі де нақты шешімін тапты. Әрине, бұл ретте үкіметтік емес ұйымдардың да жұмысын назарға алғанымыз жөн. Сол арқылы кейде қажет қаражатты өзіміз де жинап жатамыз. Бірақ шұғыл жағдайларда және ірі көлемде қаражат қажет кезде мәселені мемлекеттің көмегінсіз шешу мүмкін емес. Сондықтан осындай мәселелердің оң шешілуіне үлкен септігін тигізген Елбасыма шексіз ризашылығымды білдіргім келеді.
Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен екі рет кездескен жанмын. Екіншісінде Елбасы өзіне берілген Халықаралық «Жібек жолы» қорының жүлдесінің жартысын біздің қорға берді. Осы көмектің арқасында 30-ға жуық балаға көмек көрсетіліп, Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасына қажетті қондырғылар сатып алынды.
Мінеки, Елбасының балаларға, соның ішінде бұл салада жұмыс істеп жүрген біз сияқты қайырымдылық қорларына көрсетіп отырған қамқорлығының арқасында осындай үлкен жұмыстар істелуде. Сондықтан Елбасының еліміздің өзгеруіне әсер еткен бастамаларының қатарында осындай істерді де ерекше атап өткенді жөн санаймын.

Юрий ПЯ,
«Ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері:

Елге қызмет етіп жүргенім –Елбасымның арқасы

– Менің дәл қазір Астанада жұмыс істеп жүргеніме Елбасы тікелей себепкер. Оған дейін шетелде 10 жылдай уақыт еңбек етіп, жақсы имидж бен жетістіктерге жет­кен едім. Табысым да айтарлықтай жоғары болды. Сөйтіп жүргенде Елбасы­мен кездесудің сәті түсті. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа Астанамызда ірі кардиохирургиялық орталық салынатынын жеткізді. Сондықтан оған білікті мамандар қажет екенін де айтты. Осы кездесуден кейін туған Отаныма қайта оралып, елордамыздың бір кірпіші болып қалану туралы шешім қабылдадым.
Сонымен қатар 2003 жылы 12 қаңтар күні өткен сол кездесуде Елбасы кардиохирургия саласындағы әлемдік жаңалықтарды өзімізде жүзеге асырып, барлығын жаңадан бастайтын сәт келгеніне ерекше назар аударды. Осы бағытта талмай еңбек етіп, 2012 жылы Елбасы айтқан ойды жүзеге асырдық. Яғни алғаш рет Қазақстанда жүрек ауыстыру отасын сәтті жасап шықтық. Соның арқасында Астана кардиохирургиялық орталық ретінде әлемдік деңгейдегі беделге ие болды. Өз басым осы істі Елбасының алға қойған мақсатқа жету жолындағы табандылығының жарқын көрінісі деп қабылдаймын. Себебі, осы жобаны жүзеге асыру кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы барлық жұмысты өзі тікелей бақылап, үнемі назарда ұстап отырды. Сондықтан Астананы арманы асқақ, мақсаты айқын жандардың қаласы деп айтар едім. Бұл жерде алға қойған арман-мұраттарға қол жеткізу үшін барлық жағдай жасалған. Әсіресе, жастарға көп мүмкіндіктер қарастырылған.
Осы ретте өзімнің дәрігер болып қалып, мамандығымды тастамай, әрі қарай жалғастырып жүргенім де Елбасының арқасы екенін айта кеткенді жөн санаймын. Нақты айтсам, өмірімдегі кейбір келең­сіздіктердің салдарынан бәріне қолымды бір сілтеп, дәрігерліктен біржола кету туралы ойладым. Менің басымдағы бұл жағдай Елбасына дейін жетіпті. Нәтижесінде Мемлекет басшысы мені қазір жұмыс істеп жүрген кардиохирургиялық орталықтың басшысы етіп тағайындады. Бұл жерде мәселе қызметте емес. Адамға тығырыққа тірелген кезде бір ауыз жылы сөздің өзі үлкен дем беретіні белгілі. Ал Мемлекет басшысы қолдап қана қоймай, ынталандырып, адамның жігерін жанып, мақсатын айқындауына және өзі бастаған істің ел игілігі үшін әрі қарай жалғасуына септігін тигізетінін айтқым келеді.
Қазір Елбасының өзі қамқорлық көрсетіп отырған орталығымыз табысты жұмыс істеп тұр. Ұжымда болашағы зор, үйренуден, ізденуден жалықпайтын жас мамандар бар. Олардың барлығы өздерінің еңбекқорлығымен, талантымен елордамыздың ертеңі үшін тер төгіп жүрген азаматтар. Қазақстан халқына осындай орталық сыйлап, оның нәтижелі жұмыс істеуіне қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына дәрігер ретінде шексіз алғысымды білдіремін.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Халықаралық Түркі академиясының президенті:

Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы

– Елбасымыздың еліміздің қарыштап дамуына орасан зор әсерін тигізген игі бас­тамалары өте көп. Солардың ішінде жаһа­н­дық тұрғыда үлкен маңызға ие көп­теген бастамалар мен бүкіл түркі әлеміне ортақ тың идеялар да бар. Өздеріңізге белгілі, тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасымыз Орталық Азияның ынтымақтастығы туралы көп айта бастады. Ордабасыда бауырлас мемлекеттердің басшыларын жинап, келелі кездесу өткізді. Өткен ғасырдың 90-жыл­дарынан бастап түркі тілдес мемлекеттердің президенттері­нің басын қосып, саммиттер өткізіп келеді. Бүгінге дейін түркі тілдес мемлекеттердің барлық жиынына қатысып қана қоймай, түркі әлеміне қатысты өзекті мәселелерді қозғап, көтеріп отыратын біздің Елбасы­мыз екенін мақтанышпен айтуымыз керек.
Мәселен ТҮРКСОЙ, Түркі кеңесі, Түркі мәдени мирас қоры, Түркі ака­демиясы, ТүрікПА сияқты түркі әлемінің мүддесіне жұмыс істейтін ұйымдардың барлығы Елбасымыздың бастамасымен құрылған. Сондықтан түркі дүниесі біздің Елбасымызды түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, қазақ даласын түркі әлемінің қара шаңырағы, ал Қазақстанды түркі дү­ниесінің көшбасшысы ретінде мойындап отыр. Бұл – меніңше, ең үлкен жетістік.
Сол себепті де Елбасының «Ұлы да­ланың жеті қыры» атты мақаласына тұтас түркі дүниесі, тіпті басқа да халықтар ерек­ше қызығушылық танытып отыр. Қазірдің өзінде мақала тоғыз тілге аударылып, кітап болып басылып шықты. Әлі де басқа тілдерге аударылып жатыр. Тіпті өзбек, қырғыз, әзербайжан, түрік, моңғол, мажар, татар, башқұрт, тіпті корей мен жапон тілдеріне аударуға сол халықтардың өздері бастамашыл болып, қызығушылық танытып жатыр.
Жалпы мұндай құбылыстың өте сирек кез­десетінін атап өткен жөн. Шын мәнін­де, бір азаматтың өзге елдің президентінің мақаласын оқып, оны насихаттап, үн қосып, соған қуануы өте сирек оқиға. Осылайша, Елбасы мақаласына Ұлы даладан тамыр тартқан барлық мем­лекеттер мен халықтар үлкен қызығу­шылық танытып отыр. Бұл Прези­дентіміздің кең ауқымда ойлайтынын және әлемдік масштабтағы саясаткер екенін көрсетеді.
Осы ретте мақалаға қысқаша тоқталып өтсек. Жалпы Ұлы дала деген ұғымның аясы өте кең. Тіпті оның мәні қазақ даласы мен түркі әлемінен де терең. Соған қарамастан мұндай ұғым тарихта өте сирек қолданылған. 1930 жылдары Рене Груссе деген ғалым «Ұлы даланың империялары» деген еңбек жазған. Одан кейін бұл ұғым тарихта қолданылмаған. Ал Елбасымыз Ұлытаудағы сұхбатында, Қазақ ханды­ғының 550 жылдығында, Түркі академия­сының ашылуында және «Мәдени мұра» сияқты бағдарламалар барысында сөйлеген сөздерінде «Біз Ұлы даланың мұрагеріміз», «Біз Ұлы даланың тұрғындарымыз» деп жиі айтып келгенін білеміз. Кешегі мақа­ласында Мемлекет басшысы кеңістік туралы айта келіп: «Кеңістік пен уақыттың тоғысқан жерінде ұлт пайда болады», – дейді. Яғни Алтайдан тараған, мыңдаған жылдар бойы Ұлы далаға тамыр тартқан халықтардың Отаны осы мекен деп отыр. Сондықтан да мақалаға тек түркі жұрттары ғана емес, түп-тамыры Ұлы даладан бастау алатын, бүгінде мүлдем бөлек мемлекет­терде тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстар да үлкен қызығушылық танытып, оны өз тілдеріне аударуын заңды құбылыс деп қабылдауымыз керек.
Қорыта келгенде, Елбасының мақала­сы – тек өткенді көрсетіп беру емес, бола­шаққа бағытталған жүйелі жоба. Соны түйсініп, ондағы басымдықтарды іске асыруда бәріміз өз үлесімізді қосуымыз керек. Өйткені, бұл мақала Қазақстанды ғана емес, біздің даламыздан шыққан барша халықтар мен бүгінде солар өмір сүріп отырған мемлекеттердің де өзгеруіне әсер ететін аса маңызды бастама.

Еламан ҚОҢЫР