ЕЛДІГІМІЗ ЕҢСЕЛІ | «Айқын» газеті

0

Қаншама жыл бойы біз КСРО құрамында болдық. Ашаршылықтан ағайын-туғанымызды жоғалттық. Бостандық, азаттық, тәуелсіздік арман еді. Сол арма­нымыз орындалды. Еліміз жаңа әлеуметтік сатыға көтерілді, саясатымыз жақсарып, еліміз көркейді.

Қазақстанның тарихи табыстарының басты себептерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз тарихтың жолайрығы тұсында таңдап алған, содан бері бір сәтте айнымай ұстанып келе жатқан өзіміздің дербес жолымызбен, Қазақстанның даму жолымен келе жатырмыз. Әлемдік тәжірибені зерттеп, саралай отырып, біз эволюциялық даму жолын таңдағанбыз. Біз ешкімнің салған соқпағын көшіріп алғанымыз жоқ. Өз елімізге, халқымызға қажетті жаңа жолды өз қолымызбен салып келе жатырмыз. Ең бастысы, бұл біздің қолымыздан келеді», – деген болатын.
Ал «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әр бөлім сайын өткенді сараптап, бүгінмен ұштастыра айтып, төл тарихымызды әлем өркениеті тұрғысынан зерделеуді ұсынды. Ендеше, далалық өркениетімізді бар әлемге танытуға кіріскеніміз абзал. Мақаладағы көне тарихымызға қатысты негізгі жобалар Еуразия құрлығы тарихының түбегейлі өзгеруіне ықпал еткенін кейінгі ұрпақ мақтан етердей жұмыс істеуіміз қажет.
Ел тәуелсіздігін нығайтуға, жоғары қарқынмен дамыған, әлем таныған іргелі мемлекет болып қалыптасуға әрқайсымыз да үлес қосуға міндеттіміз. Елбасымыз сындарлы шақта бірлік пен елдікті, татулық пен достықты ту етіп, тәуелсіздігімізді баянды, елдігімізді еңселі ете білді. Қысқа мерзімде іргесі берік ірі мемлекетке айналдық. Енді көне тарихы көпке үлгі болар ел екенімізді білетіндей еңбек етейік.

Роза ӘБІЛОВА,
Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының хатшысы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі

Дереккөз: Айқын