Елді алдап «бизнес бастаймыз» деген құрғақ қиялға еліктіріп несие алдыруда
Елді алдап «бизнес бастаймыз» деген құрғақ қиялға еліктіріп несие алдыруда
Өткен аптада Өскеменде «Qnet» атты желілік бизнес атын жамылған қаржы пирамидасының «бизнес-тернингі» өтті. «Бизнес-тренинг» деген аты ғана болмаса, негізгі заты өз өтіріктеріне өздері имандай сенген, және басқа адамдарды сендіруге тырысып баққан нағыз «вербовка» екендіктері сыни тұрғыдан ойлай алатын адамға анық көрініп тұрды. Өзін осы «бизнестің» лидерімін деп таныстырған адам шетелде демалған суреттерін, үйі мен «Тойота Камри-55» көлігін көрсетіп мақтанып, аузы көпіріп тәуір-ақ сөйледі. «Бай бол, ойыңды өгерт, санаңды өзгерт, біреуге жұмыс істеме, өзіңе жұмыс жаса» деген сөздерді жарты сағаттық лекциясында мың мәрте қайталағанына қарағанда оның НЛП тәсілін өзінше меңгерген қу екенін анық аңғардым. Сол сияқты бірнеше адам шығып өздерінің «жетістіктерімен» мақтанып аузы аңқиып отырған адамдарды сендіруге тырысты. Біреуі Қыдырәлі Болмановтың бизнес жайлы айтқан аудиожазбасын да халыққа тыңдатты. Қыдырәлі Болманов ол аудиожазбада Кюнет деген бір сөз айтпаса да, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бір бизнестің дұрыс бизнес екендігі жайлы айтқан екен. «Кюнетшиктер» Қыдырәлінің бұл дауысын өздеріне бұрмалап, халықты өздеріне тартудың бір амалы ретінде пайдаланды. Қыдырәлі ағамыздың аудиожазбасын ол кісінің өзіне жібергенімізде әнші ағамыз бұндай компания туралы бірінші рет естіп тұрғанын айтып таң қалды.
Сондай ақ Қайрат Нұртастың да «Qnet» деген банердың алдында тұрып түскен суретін көрсетіп елді сендірмек болды. Шындығында Қайрат Нұртас та бұл «Кюнетшиктерге» еш қатысы жоқ екендігін, бір концерттеріне ән айтуға шыққанын, бірақ артында тұрған банерге мүлде мән бермегенін айтты.
Ең қызығы жиналғандарды сендіру үшін Елбасымыздың интернет сауда айналымы жайлы айтқан видеосы болды. Елбасымыз өз сөзінде 21 ғасырды электронды сауда ғасыры деп, болшақта интернет сауда айналымы дамитынын айтты. «Кюнетшиктер» болса бұл видеоны «міне, президенттің өзі бізді қолдап жатыр» деп өтірікті соқты. Кездесу соңында бұлардың осы уәждеріне сенген кейбір адамдарды азғырушылары жетектеп, әлгі байғұсқа миллиондап несие алдырып, ақшаны Малазияға аудару үшін, «бизнес бастаймыз» деген құрғақ қиялға еліктіріп банкке қарай ертіп алып бара жатты.
Содан не керек «Кюнетке» кіріп аз күнде байып кеттім деп мені шақырған бір танысымды әңгімеге тартып, сыр тартып көрдім. Сөйтсем байып кеткен ештемесі де жоқ екен. 5 млн тенгеге сатып алдым мақтанып жүрген көлігі «Каспий банкте» кепілдікте тұрған көлік болып шықты. Адамдарды сендіру үшін несиеге бас көзссіз кіріп, кейін соңынан тіркелетін адамдардың есебінен несиені төлей саламын деп ойлап, тумаға сиырдың уызын жеп жүргені белгілі болды. Яғни оның аз уақытта көлік «сатып алғанын» көрген жақындарының бірнешеуі де бұл қаржылық пирамиданың құрсауына түсіп үлгеріпті. Бұндай тәсіл адамды сендірудің, соңынан адам ертудің ең төте тәсілі болса керек.
Ермек Құрманғалитегі
Фейсбуктегі парақшасынан
Көрілген: 403 Пікірлер: 0