«Елдестірмек – Жошыдан»: Сианьдағы бас консул есімінің талайды елең еткізетінін айтады

0

ҚР Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев 25 жыл бойы дипломатиялық салада нәтижелі еңбек етіп келеді. Есімі шетелдік әріптестерін елең еткізетін іскер маман агенттік тілшісіне азан шақырып қойылған атының тарихын айтып берді.

Әңгімеміздің алғашқы сәттерінде-ақ Жошыхан Асылбекұлының атына заты сай нар тұлғалы, көрегенді азамат екенін бағамдай алдық. Кеңес дәуірінде жаңа туған нәрестеге мұндай тарихи есімнің қойылуы батыл қадам болғаны анық.

«Әкемнің әпкесі Алма Қыраубаева қазақтың көрнекті ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор болған жан. Ол кісі көне түркі әдеби мұраларды зерттеп, қазақ әдебиетінің қалыптасуы төңірегінде зерттеулер жасады. Кеңес дәуірінде түрлі себептермен қолға алынбай келген түркі дәуірі әдебиетін игеруде батыл қадамдар жасап, Рабғузидің «Қиссас-ул-әнбия» атты шығармасын ғылыми айналымға түсірді, қазақ тілінде сөйлетіп, рухани игілігімізге айналдырды. «Махаббат-наманың» да мәтінін қазақша жариялады. Жалпы алғанда, Алма Мүтәліпқызы ғылыми қызығушылығы қазақ әдебиетінің ескі замандардағы түп-тамырынан бастап, ХХ ғасырдың басындағы шығыстық, діни бағыттағы дәуірді қамтиды. Ол Алып Ер Тұңға, Томирис, Зарина, Ширақ батыр, Мөде хан, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, көк бөрі туралы аңыздар жайлы қазақ ғалымдары арасынан алғашқылардың бірі болып қалам тартты. Осындай ғылыми ізденісі қарыштаған кезеңде мен дүниеге келіппін. Қазақ хандығының нағыз бастауы Жошы ханнан басталатынын бағамдаған ол есімімді ырымдап қойған екен. Кішкентай кезімізде еліміздің оңтүстік өңіріне танымал ақын, жыршы, балуан болған атам Мүтәліп «сенің есіміңнің мағынасы – Тәңірден келген кішкентай қонақ» деп отыратын», — деп еске алды Жошыхан Асылбекұлы.

Дипломатиялық салада жүрген маман Моңғолияның ресми өкілдерімен танысқан уақытта олардың Жошыхан деген есімге елең етіп, жақын тартатынын айтады.

«Моңғолиялық әріптестермен әңгімелескен уақытта олар мені «туысқан» көріп, Жошы ханға бас иетіндерін айтып қалады. Мен болсам: «Жошы хан – қазақ, қазақ тайпаларының басын қосқан, олар ақ киізге хан көтерген, Тәңірге сыйынған. Сол заманда есімінде «хан» деген сөздің болуы қазақ тарихына қатыстығын аңғартып тұрған жоқ па?» деп тарихты қазбалап, тайталасып қалатынымыз бар. Қытай бағытында еңбек етіп жүргеніме 20 жыл болыпты. Тарихты білетін қытайлық дипломаттар да есіміме назар аударып жатады», — дейді ол.

Әңгіме барысында дипломат кейінгі жылдары Қазақстанда тарихты зерделеуге ерекше көңіл бөлініп отырғанына тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тарихты түгендеу жұмыстары мықтап қолға алынған. Соның бір айғағы – Жошы ханның есімін ұлықтап, қазақ халқының қалыптасуын тереңнен зерделеу. Жас ұрпақтың ұлыларды ұлықтауы һәм өткенді ұмытпауы – мемлекетіміздің баянды болашағының кепілі.

Жошыхан Қыраубаев
Фото: Ж. Қыраубаевтың жеке мұрағатынан

Естеріңізге салсақ, бұған дейін елімізде Жошы есімді 31 адам тіркелгенін жазған едік.