«Елде қылмыс көбейіп, жұмыссыздық деңгейі өседі»: Пандемиядан кейінгі Қазақстан қандай болады? — Қазақстан жаңалықтары

0

COVID-19 қоғамның барлық салаларына өз әсерін тигізді. Пандемиядан кейін елімізде  қандай саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістер болуы мүмкін, карантиннен кейінгі Қазақстан қандай болады? Stan.kz осы сұрақты мамандарға қойып көрді.

Саясаттанушы Досмахамбет Көшім індеттен кейін экономиканы қайта құру мәселесі күн тәртібінде тұрғанын және экономикада өзгеріс болуы керек екенін айтады.

«Қазір билікте отырған — бұрынғы үкімет, олар отырғанша, өзгеріс бола қоймайды. Дегенмен, жастар да үкіметке келіп жатыр, олар бірдеңе өзертетін шығар деген үміт бар. Алдағы уақытта әлеуметтік мәселе өзгере қоймайды, ол экономикамен тікелей байланысты. Экономикалық мүмкіншілігі бар мемлекет қана әлеуметтік реформалар жасай алады», — дейді саясаткер. 

Айтуынша, індет адамдарға ой салды: енді адамдар «Біз не істеп жүрміз, өмір дегеніміз не?  деген сынды сұрақтарға ойланып, болашағы жайлы толғана бастайды.

«Адамдардың санасында өзгеріс болады. Өмірдің қысқа екенін, материалдың нәрсенің түкке тұрмайтынын, бір ғана микробтың салдарынан адам жоқ боп кетуі мүмкін екенін түсінген адам ойланады. Көп адамда өмірге деген көзқарас та өзгереді. Бірақ барлық адам өзгеріп кетеді деп айта алмаймын. Қай уақытта да қоғамда ақылдылар аз, ақылсыздар көп болады», — дейді саясаткер.

Айтуынша, бүған дейін мұндай жағдаймен бетпе-бет келмеген мемлекет енді апаттар, індеттер кезінде қандай өзгерістер, реформалар керек екені жайында ойланып, тиісті бағдарламалар жасап қоятын болады.

Саясаткер денсаулық сақтау саласында эпидемиология бағытында өзгерістер мен реформалар керек екенін де атап өтті.

«Эпидемиология саласына байланысты өзгерістер болуы мүмкін. Үйде жарық сөнсе, электр энергиясының қажеттілігі жайында ойлаймыз. Сол сияқты бұл індет бізге эпидемиология саласының қажеттілігін, оны дамыту маңызды екенін көрсетті. Бұл бағытта шаралар жасалып жатыр деген ойдамын, жалпы медицина саласына мұндай өзгерістер керек», — дейді саясаткер Досмахамбет Көшім.

Саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстанда жалпы ішкі өнім 5-7%-ға кемитіні өте үлкен көрсеткіш және Қазақстан үшін қауіпті жағдай екенін айтады.

«Соңғы бірнеше айдың тәжірибесін қарап отырсақ, бірде-бір мемлекет мұндай жағдайға дайын болмай шыққан көріп отырмыз, ең дамыған мемлекеттердің өзі бірталай кемшіліктерге жол берді. 

Пандемияның, карантиннің қашан аяқталатыны белгісіз болып отыр ғой, бірден аяқтала салмайды, кейбір шектеулер алынып, ұзақ мерзімнің ішінде шығатын түріміз бар. Ендігі мәселе —  одан қалай шығатынымызда. Мейлінше сауатты шығуымыз керек, пандемия денсаулық сақтау саласына әсер етіп қана қоймай, экономикаға, әлеуметтік мәселелерге әсерін тигізіп жатқандығын күнделікті көріп отырмыз. Экономистердің айуынша, жалпы ішкі өнім 5-7%-ға кемитін түрі бар. Бұл өте үлкен көрсеткіш және Қазақстан үшін қауіпті жағдай. Мұнай бағасының күрт арзандауы сияқты факторлар экономикаға кері әсерін тигізетіні анық. Көктемнің аяғы, жаз, күз ауыр болатын түрі бар. Бірақ Қазақстанның кейбір көрші мемлекеттермен салыстырғанда қауіпсіздік белбеуі бар, Ұлттық Қор деген сияқты, бұл кезінде дұрыс қабылданған шешім болды», -дейді маман.

Саясаттанушы Қазақстанның жағдайын Еуропамен, Америка елдерімен салыстыратындай, айтарлықтай бай мемлекет емес екенін айтады.

Оның сөзінше, енді мемлекетке жауапкершілік артылады. Пандемиядан жаппай зардап шеккен орталарға көмектесу маңызды, себебі орта және шағын кәсіптің бірталайы жабылып, банкротқа ұшырауы мүмкін.

«Ынтымақтастық, мейірімшілдік, карантиннің қиын тәртіптеріне мойынсұну меніңше дұрыс. Бұл жерде негізгі жауапкершілік билік орындарына артылады. Орта және шағын кәсіптің бірталайы жабылып, банкротқа ұшырауы мүмкін. Бұл тек қана жеке кәсіпкерлердің мәселесі емес, олардың әрқайсысы азаматтарды жұмыспен қамтып отыр, сондықтан бұл әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оларға салық, коммуналды төлемдер, несие мәселесі тұрғысынан көмектесуі керек», — дейді Расул Жұмалы.

Маман пандемияның салдарын, кері әсерін кемі жарты жыл көретінімізді айтады.

«Қиындықтар содан кейін ғана басталады, экономиканы тірілту, бизнеске жан бітіру сияқты әрекеттер бұл тұрғыда қаншама қиын болмасын — үкіметтің жауапкершілігіне, дұрыс қадамдарына қолдау білдіру, санасу сияқты әрекеттер бірінші орынға шығу керек.

Дағдарыс бүкіләлемдік экономиканың көрсеткішке, инвестицияларға, банк жүйесіне қатысты. Бұл тікелей Қазақстаның жауапкершілігі емес, оған әлемде болып жатқан факторлар әсер етеді. Елімізде шикізатқа қарап қалмайтындай, басқа да экономиканы қуаттандыратын, әртарапты қылатын салаларды дамыту мәселелері талқыланған болатын, бірақ сол күйінде қалды», — дейді ол. 

Расул Жұмалы дағдарысқа мықты төтеп бере алатын жағдайлар ретінде екі маңызды факторды атап өтті:

  • Ішкі әлеует, өзара мығымдық
  • Экономиканың әртараптандырылуы. Мұнай бағасы төмендейтін болса, басқа салалары алып кете алатындай жағдайлар.

Саясаттанушы осы тұрғыдан кешенді экономикаға реформалар қажет екенін айтады.

«Мәселен, Дубай әмірліктерінде мұнайға деген тәуелділік 5-6%-дан аспайды, қалған 90-95%-ы басқа салалар: туризм, жылжымайтын мүлік, инвестициялар қаржылық сала. Сол себепті дағдарыс кезінде олар «мыңқ» етпейді», — дейді Расул Жұмалы.

Әлеуметтанушы, әлеуметтік қызметкер Еркежан Қатаева пандемия әсерінен адамдардың жүріс-тұрысы ғана емес, функциясы да өзгеретінін айтады.

«Бұл — төртінші өндірістік революция. Осы жайлы шетелік, ресейлік әлеуметтанушылар да айтып жатыр. Мұны қашықтықтан оқыту, жұмыс істеуден де бақылауға болады. 

Бұл әлеуметтік мобильділікті арттырады: сатылас және көлденең. Мәселен, жұмыс берушілер жаңа бәсекелестермен нарықта тайталастыру үшін жаңа стратегия ойлап табу керектігін түсінеді. Енді кәсіпкерлер бюджетті басқаша бөлетін болады, мысалы жалға алған орынға жұмсалатын қаражатты үнемдеу, тек аса қажетті мамандарды жұмысқа алу. Осыдан барып жұмыссыздық деңгейі өседі», — дейді әлеуметтанушы Еркежан Қатаева. 

Айтуынша, енді қазақстандықтар қашықтан жұмыс істеуге бейім бола бастайды.

«Еңбек миграциясы деген түсінік бар. Адамдарға бұл бір жағынан пайдалы да болады. Мысалы, Қазақстанда отырып, Канадада жұмыс істеуге мүмкіндікті пайдаланытын болады. 

Қоғамда стратификация (қоғамның әлеуметтік жіктелуі — авт.), ақпарат пен оған қолжетімділік маңызды рөл ойнайды. Ғылыми өндірістік бірлестік, коммерциялық емес бірлестіктерге қажеттілік туындап жатқанын байқауға болады. Бұл адамдардың азаматтық позициясы жоғарылауына әсер етеді», — дейді маман. 

«Әрине, экономика нашарласа, елде қылмыс көбейіні анық. Мысалы, Нью-Йоркте карантин уақытында қалмыс 75%-ға көбейген. Қарқынды дамып жатқан салаларға ақпараттық қауіпсіздік пен курьерлік қызметтерді жатқызуға болады. Әрбір дағдарыстан кейін, міндетті түрде даму болады. Егер тарихқа көз жүгіртсек, осыған көз жеткізуге болады», — дейді Еркежан Катаева, социолог, әлеуметтік қызметкер.    

Ал әлеуметтанушы Ғани Жақыпов өндіріс орындарында, ішкі-сыртқы өніммен айналысу проблема туғызуы мүмкін екенін айтады.

«Коронавирус індетімен қазіргі таңда тек біз ғана емес, әлем жұртшылығы алысып, жаппай күрес жүргізуде. Бір сөзбен айтқанда, бұл індет ең өзекті тақырыпқа айналды. Бұл жерде экономикалық құлдырау пайызы туралы сөз айту бекер. Мұнай бағасы мен теңгенің құлдырауы экономиканы оңдырмайды. Өндіріс орындарында, ішкі-сыртқы өніммен айналысу мәселе туғызуы мүмкін», — дейді ол.

Айтуынша,  індеттің салдарынан халық санының өсуі, кемуі туралы болжам айту қиын, сондай-ақ, отбасы арасындағы кикілжің туу мәселесіне көз жұмып қарауға болмайды.

«Қазіргі таңда Қазақстан халық саны бойынша 64-орында, алдымызда тұманданып көрінбей тұрған індеттің салдарынан халық санының өсуі, кемуі туралы болжам айту тіптен қиын. Сонымен қатар екі-үш ай карантинде отыру отбасы мүшелерінің арасында кикілжің тудыруы әбден мүмкін. Оның соңы ажырасуға ұласпасына ешкім кепілдік бере алмайды», — дейді маман.

Пандемияның жағымды тұстары ретінде маман әлемдік тұрғыда экологияның тазаруы мен адамдардың бір-біріне жақындай түсуін айтып өтті. 

«Ендігі күтетініміз жарқын болашақты бірдей деңгейде қалыптастыра білу. Алдымызда күтер тіршілікке дайын, дайын емес екендігіміз уақыттың еншісінде», — дейді әлеуметтанушы Ғани Жақыпов.

 

Дайындаған: Назерке МҰСА

 

stan.kz