Home Жаңалықтар Елбасының, Президенттің атымен қатар айтылады: Кегенде аудан әкімі дара билік жүргізіп отыр...

Елбасының, Президенттің атымен қатар айтылады: Кегенде аудан әкімі дара билік жүргізіп отыр ма?

0
3017

Алматы облысы Кеген ауданындағы қордаланған мәселелер, келеңсіздіктер жайлы соңғы кезде қоғам белсенділері мен желі қолданушылары арасында жергілікті жердегі халықтың жанайқайын жеткізуді сұраған ашық хаттар көбейді. Ал, мұндай ашық хаттар мен көтерілген мәселелерді шешуге, жауап беруге Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құлқы жоқ сияқты. Әлі жауап бермеген.

Қоғам белсендікі Мұрат Иманбек Кеген жұртының аудан әкімі Байеділов Талғат Ескендірұлы мырзаның өзіне қарсы келген ауыл әкімдерін, мекеме басшыларын бірден орындарынан алып, жаңадан өз адамдарын тағайындау саясатына наразы екенін жеткізген.

«Ия, Кегенде қазір аудан әкімінің аты Елбасының, Президенттің, есімімен қатар айтылып жүр, ол рас. Себебі – аудан әкімі – Байеділов Талғат Ескендірұлы мырзаның өзіне қарсы келген ауыл әкімдерін, мекеме басшыларын бірден орындарынан алып, жаңадан өз адамдарын тағайындау саясатының жүріп жатқанына наразы жұрт. Себебі Кеген ауданы Райымбек ауданынан бөлініп шыға салысымен, ат аяғы екі жылға жетпей, он шақты ауыл әкімдері, мекеме басшылары орындарынан кетіпті.

Олардың қатарында бұрынғы Жалаңаш ауылдық округінің әкімі болған марқұм Есперов Роман ағамыз, Игінбаев Тойғанбек, Асылбеков Мақсат, Сұлтан Айдын, Молдабаев Болат, Алмабеков Нұрлан, Мыңбаев Рустем және тағы да басқа ауылының қамын жеп, елі үшін еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Оларға әр түрлі қысымдар жасалынып қызметтерінен кетулеріне итермеледі деп жүр. Ал марқұм Роман ағамыздың жағдайын жалпы Жалаңаштың жұрты толық біледі.

Қойшы делік… Бастық болған соң қарамағындағыларына айтқанын өткізу керек, әйтпесе қалай жұмыс жасалынадыға итере салғам. Бірақ тек ауыл шаруашылығымен айналысатын ауданда басқа ауылдар тұрғындары санатқа да алынбай, тек қана бір елді мекеннің тұрғындарынан құрылған, туылды демесең ауыл шаруашылығының исі мұрындарына да келмейтін, біріңғай мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерінен жасақталған аудандық мәслихат құрамын көріп, шошып кеттім. Елбасымыз тікелей басшылық жасап отырған құрметті Нұр Отан партиясы, бұл жағдайға қалайша жол бердіңіздер?» дейді Мұрат Иманбек.

6 сəуір күні Кеген аудандық маслихат отырысында Шырғанақ ауылдық округіне əкім сайлауы өткен. Ауыл тұрғындарының айтуынша Шырғанақ ауылына әкім болып Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбековке қатысы бар адамның баласы келген. Төменде ауыл тұрғындарының мемлекет басшысы Тоқаевтың атына жазған ашық хатын ұсынамыз.

Ауыл тұрғындарының айтуынша аудандық маслихат Шырғанақтың халқымен мүлде санаспай, ақылдаспай шешім қабылдап отыр.

«Енді міне, Шырғанақ дүрлігіп жатыр.. Ауыл ақсақалдар алқасы, Әйелдер алқасы, Жастар жетекшілері, жастар – барлығы бұл шешімге наразы. Қол жинап ауыл тұрғындары Елбасыға бармақшы! Сөзімнің қорытпасы, Әр елді өз ұланы биеуі керек! Елдің жағдайын білмейтін, бармақ басты көз қыстымен сырттан әкелінген, ауданның ыңғайына жығылар қуыршақ әкімдерді әкелуді қою керек! Кеген аудандық мәслихат таратылсын!» деп жазды Мұрат Иманбек.

«Еститін үкімет» концепциясы жарияланғанын білеміз. Енді үкіметтің еститіні, халық үніне құлақ асатыны рас болса Кеген ауданындағы бұл мәселеге назар аударып, тиісті тексеру жүргізіп, әділ шешім шығарады деген үміттеміз.