«Елбасының өзіне ауыр сөз айтты»: айтыскер ақын әріптесі Ринат Зайытовтың билікке келуіне қатысты ойын жеткізді
Айтыскер ақын Рүстем Қайыртайұлы әріптесі Ринат Зайытовтың билікке келуіне қатысты пікірін айтты. Бұл туралы El.kz порталының YouTube-тегі БазарLike жобасына сілтеме жасаған Kznews.kz хабарлайды.
«Өзімнің қолымнан ондай келмейді. Мен енді шығармашылықтың адамымын. Ал Ринат айтыста танылғаннан бастап билікті, жоғары лауазымды елбасының өзіне де ауыр сөздер айтып, саяси дүниелерді көп айтатын. Мемлекеттің кемшіліктерін, жемқорлықты, бюрократизмді Ринат көп айтатын. Барғаны дұрыс деп есептеймін. Өзі сыртынан айтып көрді. Ішіне барды. Өзгерте алса, қанекей? Мен жалпы қуандым. Ринат жолын тауып, депутаттыққа барды. Мен өзім жүз пайыз қолдаймын. Ринаттың аузынан шығатын сөздерің бәрі «халқым-ай», «қазағым-ай», «жұртым-ай» еді. Енді сол жұртына, халқына жәрдемдесе алатын үлкен тізгін қолына тиді. Ринаттың депутаттығынан қандай із қалатынын білмеймін. Бірақ соған тырысқан азамат ретінде, өзі сынаған адам ретінде билікке барса, жақсылықтарға атсалысады деп өз басым сенемін», — деді Рүстем Қайыртайұлы. Бұған дейін Рүстем Қайыртайұлы айтыстың қазіргі тізгінін кім алуы мүмкін екенін айтқан болатын.