ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЛІК ШЕШІМІ | «Айқын» газеті
Мемлекет басшысы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Жаңа әліпбиге көшу 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Елбасы жүктеген міндеттерді орындаудың мерзімдік кестесі жасалып, латын қарпіне көшіру мәселесін ғылыми тұрғыдан толық сараптайтын жұмыс топтары құрылды. Қазірдің өзінде көптеген атауларды латын графикасында жазып, іліп те жатырмыз. Бұл жұртшылықтың көзі үйреніп, жаңа әліпбимен жедел жұмыс істеп кетуіне ықпалын тигізеді.
Н.Назарбаевтың бұл мәселеде табанды ұстанымы бар. Ең алғаш латын графикасына көшу бастамасын Тәуелсіздік алған тұста көтерді. Әр кезеңде қоғамды түбірлі өзгеріске біртіндеп дайындады. «Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауымыз тиіс және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп нақты міндеттер белгілеп берді.
Таяуда АҚШ-қа арнайы барған қазақ делегациясы Эрнест Хемингуэй, Теодор Драйзер мен Марк Твеннің шығармашылығымен жақсы таныс Ұлы даланың бірегей мәдениетін Америка жұртына таныстырды. Осы мәртебелі жиында филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Шерубай Құрманбайұлы мән-мағынасы мен мазмұны ерекше баяндама жасады. Президент Н.Назарбаевтың латынға көшу туралы бастамасын америкалық зиялы қауым «ерлікке толы шешім» деп қабылдады. Шерубай Құрманбайұлының дәйекті дәлелдеріне форумға қатысушылар бір кісідей ұйыды.
АҚШ публицисі, профессор Леонид Голдин: «Қазақстан бізді таңғалдырып келеді. Бұған дейін де Қазақстан әлемге үлгі болатындай жағдайға жеткенін естуші едім. Татулығы жарасқан жүзден астам ұлт пен ұлыстан құралған тұтас елдің бейбіт саясатын да айтпасқа болмайды. Форумда филология профессорының латын қарпіне көшу туралы баяндамасын ерекше назар қойып тыңдадық, – деп үлкен ықылас білдірді.
Профессор Шерубай Құрманбайұлы: «Қазақ жазуының тарихына қысқаша шолу жасап, елімізде болып жатқан қазіргі жазу реформасы, әліпби ауыстыру жайын баяндадық. Әлем мәдениетіне түркілердің де қосқаны аз емес екенін жазу тарихымыз арқылы жеткізуге ұмтылдық. Орхон-Енисей, Талас ескерткіштеріндегі тасқа қашалып жазылған сына жазу түркілердің әлем мәдениетіне қосқан үлкен үлесі екенін, жазу тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын жаһан жұртшылығы алдында нық сеніммен, мақтанышпен айтуға тиіспіз дедік. АҚШ-тағы форумға қатысушылар бұл мәселеге айрықша назар аударды. Үзіліске шыққан соң да бірнеше сұрақ қойды. Олардың еліміздегі әліпби ауыстыру мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын байқадық», – деп сапардан алған әсерін ортаға салды.
Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың өзі жақында Н.Назарбаевтың бұл бастамасына түсіністікпен, құрметпен қарайтынын айтты. «Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі – тәуелсіз елдің дербес шешімі, бұл геосаяси ынта-ықыластардың өзгеруін білдірмейді» деген ой білдірді.
Әліпби ауыстыру – аса маңызды реформа. Сондықтан халық тарапынан түрлі пікірлер, ұсыныстар болуы заңды. Жаңа емле-ережені саралауда қоғамдық пікір өте маңызды. Жаңа қазақ әліпбиіне қатысты тілдің жаңа емлесін пысықтап, орфография және орфоэпиясын сараптап, емле толық түзілген соң орфографиялық және орфоэпиялық сөздік жасау міндеті алдымызда тұр. Емле ережесі ресми түрде бекітілген соң ортологиялық құралдар – тілдік анықтағыш, орфографиялық сөздік жасау сияқты талай шаруа бар.
Нұртөре ЖҮСІП
Дереккөз: Айқын