Елбасының ең маңызды үш стратегиялық бастамасы

0
27 Қараша 2018, 14:08 265 0

Фото: Нұржас

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бүгінгі шара ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтіп жатқанын және Елбасының ең басты, ең маңызды үш стратегиялық бастамасына тоқталып өткісі келетінін айтты. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Nur Otan Talks пікірталас алаңының «Қазақстанды өзгерткен бастамалар» тақырыбындағы отырыста айтылды.

«Қазақстанның 27 жылдық тәуелсіздігі аясында экономика, әлеуметтік саясат, ішкі саясат, сыртқы саясат және басқа да кез келген саланың бәрінде ауыз толтырып айтатын жетістіктер көп болды. Менің ойымша, тәуелсіздік жылдарында ең үлкен маңызы бар, бірақ әлі күнге дейін біз толықтай бағасын бермеген Елбасы бастамаларының бірі – «Болашақ» бағдарламасы. Осыдан 2-3 апта бұрын «Болашақ» бағдарламасының 25 жылдығы атап өтілді. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының ел болашағына салған инвестициясы деп ауыз толтырып айтуға толық негіз бар. 25 жыл ішігде еліміздің 13 000-нан астам азаматы шетелдің ең мықты университеттерінде білім алған соң елге оралып, қызмет етуде. Бұл бағдарламаға инвестиция ретінде қарау себебіміз — ол өзінің алғашқы жемісін, нәтижесін арада 25 жыл өткенде ғана беріп жатыр. Шетелде оқып келген азаматтарымыз қазір әкім, министр лауазымында, Президент әкімшілігі мен партияда елге қызмет етіп жатыр. Осындай азаматтарымыздың саны жыл сайын көбеюде. Қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша 13 000 түлек бар. Арада 4-5 жыл өткеннен кейін олардың саны 15-20 мыңға жетіп, елімізді алға жетелейтін патриот азаматтар болады», — деді партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары біз төртінші революция дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды айтты.

«Бұл дәуірдің ерекшелігі: мемлекеттердің негізгі байлығы – шикізат, минералды ресурстар емес, онда өмір сүріп жатқан адамдар. Ешбір елде мемлекет азаматтарын 20 жыл бойы әлемдегі ең мықты университетте оқытуға мүмкіндік беріп жатқан бағдарлама жоқ. Осы жерде отырған жастарға беретін кеңесім: Елбасының осы бағдарламасын пайдаланып, құжаттарды өткізіп, шетелде оқып келіңіздер. Бұл — үлкен мүмкіндік», — дейді ол.

Елбасының екінші стратегиялық бастамасы – астананың Алматыдан Астанаға көшірілуі.

«Бұл дәл сол кезең үшін батыл қадам болды. Ол экономикалық, әлеуметтік, саяси тоқырау кезеңі еді. Жұмыс орындары қысқарып, жалақы төленбей жатқан уақыт болатын. Осы қиындықтарға қарамастан Елбасы осындай шешім қабылдады. Бұл шешім ел экономикасының нығаюына, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік бола түсуіне ықпал етті. Бүгінде Астана әдемі қала ғана емес, халықаралық саяси мәселелер шешілетін орынға айналды», — дейді ол.

Елбасының екінші стратегиялық бастамасы – қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы.

«Бұл бағдарлама туралы бәріңіз білесіздер деп ойлаймын. Бағдарламаның бірінші бөлімі ұлттық кодты сақтау туралы болса, екінші бөлімі қоғамдық сананың модернизациялануы туралы. Яғни, қазақстандық қоғамның заманауи трендтерге бейімделуі. Өкінішке қарай, бұл бағдарламаның екінші бөліміне көп назар аударылмай келеді және жеткілікті түрде дәріптелген жоқ. Екінші бөлім бойынша жастар жақсы жол бастай алады деп ойлаймын», — дейді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, шараға «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Юрий Пя, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі және «Милосердие» ерікті қоғам қайырымдылық директоры Аружан Саин қатысты.

Фотолар: Нұржас Жақсыбай


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ