Елбасымен аттас — Атаулы күн|27 Қараша 2018, 19:36

0

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Есімі де, тегі де Елбасымен аттас қызылордалық жігіт бар. Ол – Жалағаш ауданына қарасты Темірбек Жүргенов ауылында 1994 жылы туған азамат.

Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда қаласындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектепті бітіріп, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түскен. Өткен жылы оқу орнын тәмамдап, көлік технологиясының маманы атанды. Қазіргі таңда Астана қаласында мейрамхана бизнесі саласында қызмет етеді.

«Нұрсұлтан есімді балалар, замандастарым көп. Бірақ менің атым да, тегім де Елбасының аты-жөнімен бірдей. Тұңғыш Президент күні қарсаңында мені мәдени шараларға шақырады. Қайбір жылы елордада Елбасының қатысуымен жастар форумы өтер алдында ұйымдастырушылар мені Президенттің орнына жүргізіп, мінберге шығарып, дайындалған еді. Шынымен менің аты-жөнім Нұрсұлтан Назарбаев екенін білген кезде көпшілік таңғалған. Мектеп кезінде мұғалімдер сынып журналынан тегім мен есімімді оқып, өз көздеріне өздері сенбей, қайта-қайта назар салатын. Сабақ сұрағанда да мұғалімдер «Нұреке», «Нұраға» деп тақтаға шығарушы еді. Мұның барлығы жұртшылықтың Елбасына деген құрметінің белгісі деп түсінемін», — деген Нұрсұлтан өзінің Ұлт Көшбасшысына еліктейтінін де айтты.

Қызылордалық жігіттің есімін Гүлжайна есімді әпкесі қойған.

«Ағамның аты – Назарбай. 1994 жылы ағам сәбилі болғанда оның атын қою бақыты маған бұйырды. Сонда Тұңғыш Президенттің құрметіне Нұрсұлтан деген есім қойғанмын. Туу куәлігіне тегін «Назарбаев» деп жаздырдық. Біз ырымшыл халықпыз ғой. Елбасы сынды ел азаматы болғанын қаладық. Баспасөз беттерінен оқығанымдай, қазіргі таңда елімізде қырық мыңға жуық Нұрсұлтан есімді адам болса, оның 95-інің аты да, тегі де Елбасының аты-жөнімен толық сәйкес келеді. Олай болса, жастардың үмітін оятып, ұлт пен ұлысты ұйыстырып, ынтымағын алмастан да берік қылып отырған Президентімізге амандық тілеймін. Қазақстанымызды әлі талай белеске шығаратынына сенемін», — дейді Гүлжайна.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:


Дереккөз: BAQ.KZ