«ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ» – ЕЛ НАЗАРЫНДА

0
141

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Елбасы жолы. Астана» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Фильмнің бұған дейін Астанада тұсаукесері де өтіп, оны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып тамашалаған еді. Картина Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен, «Қазақфильм» киностудиясы және «Сатайфильм» компанияларының бірігіп түсіруі арқылы жарыққа шықты.

«Қазақфильм» киностудия­сының биылғы ең ірі жобаларының бірі саналатын фильмнің сал­танатты көрсетіліміне шығар­машылық топ түгел дерлік қатыс­ты. Бұл кино «Елбасы жолы» деп аталатын киноэпопеяның ал­тыншы бөлімі екен. Яғни, мағы­налық тұрғыдан алдыңғы бөлім­дермен тікелей байланысты. «Қа­зақфильм» осыған дейін кө­рерменге «Балалық шағымның аспаны», «От-өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» және «Жұл­дыздар тоғысқанда» фильм­дерін көрермен назарына ұсынып, аталған туындылар халықтың ыстық ықыласына ие болған еді. Бұл жолғы фильм желісі Аста­наның салыну тарихы жайында өрбиді. Шығармашылық топ оқи­ғаны 1994 жылдың шілде айынан бастауды жөн деп тауыпты. Енді ғана тәуелсіздік алып, етек-же­ңімізді жиып, ұлттық валютамызды айналымға енгізіп жатқан елең-алаң шақта Елбасы ел астанасын Ақмолаға ауыстыру туралы ұсы­ныс білдірген еді. Шыны керек, бұл ұсынысқа көптеген қайрат­керлер, жоғары шенді адамдардың өзі қарсылық білдірді. Көпшілігі бұл бастаманың сәтті жүзеге асарына сенбеді. Тақыр далаға астана салудың бос ертегі екенін айтып жатты. Бірақ келешекті кеңінен ойлап, салмақтай алатын Елбасы ел тарихындағы күрделі шешімді қабылдап, өзі бас болып жүріп сәтті іске асыра білді.
– Бұған дейінгі Елбасы туралы фильмдерде де менің кандидатурам болған. Кастингтерге қатысып жүрдім. Осы жолғы киноға да біраз адам Президент рөлін ойнауға үміткер болыпты. «Анаға апарар жол» деген фильмде де ойнадым. Сондағы жүріс-тұрысым, сөз сап­тауым, қимыл-әрекетім Елбасыға ұқсайтынын байқапты шығар­машылық топ. Соны байқап ре­жиссер де көздеп жүрсе керек. Әйтеуір, Ақан Сатаевтың қалауы маған түсті. Ұсыныс түскеннен кейін аянып қалған жоқпын. Барымды салып, өз рөлімді шы­найы жеткізуге тырыстым, – дейді Елбасының рөлін сомдаған Мұрат Ахманов.
Фильмнің режиссері Ақан Са­таевтың айтуынша, ескі заманды көрсету – режиссер үшін аса қызықты әрі жауапкершілік жүгі зіл батпан шаруа.
– Біздің алдымызға қойылған тапсырма өте ауқымды болды. Себебі, тарихи оқиғаларды сол заман келбетінде көрсету оңайға соққан жоқ. Бірақ бұрынғы уа­қытты реставрациялап ұсыну – кез келген режиссердің қызы­ғушы­лығын тудырады және оның шығармашылығы үшін ерекше қадам. Алматыда алғаш рет қой­ғалы отырмыз. Біраз күн бұрын Астанада көрсетілді. Көрерменнің алғашқы әсері жақсы секілді, – дейді Ақан Сатаев.
Елбасының келбетін ұқса­ту­дың өзіне бір айдан астам уақыт жұмсалыпты. Кейін гримді үш-үш жарым сағат уақыт бойы жасаған екен.
– Әлемге танымал гример, екі мәрте «Оскар» сыйлығын иелен­ген Марк Кульермен байланыс орнату мүмкіндігі туындады.
Ол – Маргарет Тэтчер секілді тұлғаның да бет-бейнесін киноға лайықтаған шебер. Сонымен бірге Ұлыбританиядан келген шығар­машылық топ Президенттің бет-жүзін фильмге лайықтаумен шұ­ғылданды. Нәтижесінде, туынды және ондағы кейіпкерлер бей­не­сі шынайы шықты деп ойлай­мын, – деп атап өтті режиссер.
Фильм сценарийін Әділбек Жақсыбеков пен Тимур Жақ­сылықов жазған. Түсірілім былтыр желтоқсан айында Алматыда басталып, кейін Астанаға ауысқан. Фильмде елге танымал Жан Бай­жанбаев, Еркебұлан Дайыров, Азамат Сатыбалды сынды актер­лер де ойнайды.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Дереккөз: Айқын