«ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ» – ЕЛ НАЗАРЫНДА
Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Елбасы жолы. Астана» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Фильмнің бұған дейін Астанада тұсаукесері де өтіп, оны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып тамашалаған еді. Картина Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен, «Қазақфильм» киностудиясы және «Сатайфильм» компанияларының бірігіп түсіруі арқылы жарыққа шықты.
«Қазақфильм» киностудиясының биылғы ең ірі жобаларының бірі саналатын фильмнің салтанатты көрсетіліміне шығармашылық топ түгел дерлік қатысты. Бұл кино «Елбасы жолы» деп аталатын киноэпопеяның алтыншы бөлімі екен. Яғни, мағыналық тұрғыдан алдыңғы бөлімдермен тікелей байланысты. «Қазақфильм» осыған дейін көрерменге «Балалық шағымның аспаны», «От-өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» және «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмдерін көрермен назарына ұсынып, аталған туындылар халықтың ыстық ықыласына ие болған еді. Бұл жолғы фильм желісі Астананың салыну тарихы жайында өрбиді. Шығармашылық топ оқиғаны 1994 жылдың шілде айынан бастауды жөн деп тауыпты. Енді ғана тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жиып, ұлттық валютамызды айналымға енгізіп жатқан елең-алаң шақта Елбасы ел астанасын Ақмолаға ауыстыру туралы ұсыныс білдірген еді. Шыны керек, бұл ұсынысқа көптеген қайраткерлер, жоғары шенді адамдардың өзі қарсылық білдірді. Көпшілігі бұл бастаманың сәтті жүзеге асарына сенбеді. Тақыр далаға астана салудың бос ертегі екенін айтып жатты. Бірақ келешекті кеңінен ойлап, салмақтай алатын Елбасы ел тарихындағы күрделі шешімді қабылдап, өзі бас болып жүріп сәтті іске асыра білді.
– Бұған дейінгі Елбасы туралы фильмдерде де менің кандидатурам болған. Кастингтерге қатысып жүрдім. Осы жолғы киноға да біраз адам Президент рөлін ойнауға үміткер болыпты. «Анаға апарар жол» деген фильмде де ойнадым. Сондағы жүріс-тұрысым, сөз саптауым, қимыл-әрекетім Елбасыға ұқсайтынын байқапты шығармашылық топ. Соны байқап режиссер де көздеп жүрсе керек. Әйтеуір, Ақан Сатаевтың қалауы маған түсті. Ұсыныс түскеннен кейін аянып қалған жоқпын. Барымды салып, өз рөлімді шынайы жеткізуге тырыстым, – дейді Елбасының рөлін сомдаған Мұрат Ахманов.
Фильмнің режиссері Ақан Сатаевтың айтуынша, ескі заманды көрсету – режиссер үшін аса қызықты әрі жауапкершілік жүгі зіл батпан шаруа.
– Біздің алдымызға қойылған тапсырма өте ауқымды болды. Себебі, тарихи оқиғаларды сол заман келбетінде көрсету оңайға соққан жоқ. Бірақ бұрынғы уақытты реставрациялап ұсыну – кез келген режиссердің қызығушылығын тудырады және оның шығармашылығы үшін ерекше қадам. Алматыда алғаш рет қойғалы отырмыз. Біраз күн бұрын Астанада көрсетілді. Көрерменнің алғашқы әсері жақсы секілді, – дейді Ақан Сатаев.
Елбасының келбетін ұқсатудың өзіне бір айдан астам уақыт жұмсалыпты. Кейін гримді үш-үш жарым сағат уақыт бойы жасаған екен.
– Әлемге танымал гример, екі мәрте «Оскар» сыйлығын иеленген Марк Кульермен байланыс орнату мүмкіндігі туындады.
Ол – Маргарет Тэтчер секілді тұлғаның да бет-бейнесін киноға лайықтаған шебер. Сонымен бірге Ұлыбританиядан келген шығармашылық топ Президенттің бет-жүзін фильмге лайықтаумен шұғылданды. Нәтижесінде, туынды және ондағы кейіпкерлер бейнесі шынайы шықты деп ойлаймын, – деп атап өтті режиссер.
Фильм сценарийін Әділбек Жақсыбеков пен Тимур Жақсылықов жазған. Түсірілім былтыр желтоқсан айында Алматыда басталып, кейін Астанаға ауысқан. Фильмде елге танымал Жан Байжанбаев, Еркебұлан Дайыров, Азамат Сатыбалды сынды актерлер де ойнайды.
Абай АЙМАҒАМБЕТ
Дереккөз: Айқын