Елбасы «Ұлы дала мұрагерлері» форумына қатысты

0

«Бұл әлемдегі өркениеттің өнегесін ұстанған білім ошақтарының берекелі белесі. Назарбаев университеті құрылғаннан кейін бұл университетке түсетін студенттер қажет болды. Алайда бұл университетке түсудің талабы мен сұранысы өте жоғары болды. Сондықтан мен Қазақстанның әр түкпірінде осындай зияткерлік мектептер ашуды қолға алдым. Міне, бүгін сол зияткерлік мектептердің 10 жылдығын атап отырмыз. Бүгінде зияткерлік мектептер  еліміздегі орта білім берудің ең жоғарғы эталонына айналды. Қазіргі кезде қазақстандық өзге  мектептер осы зияткерлік мектептерге қарап бой түзейді», деді Елбасы салтанатты шараның ашылуында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жас ұрпақтың заман талабына сай болуы оның базалық біліміне тікелей байланысты екенін атап өтті. Жиында белгілі болғандай, Қазақстанның барлық өңірінде ашылған 20 зияткерлік мектепте  бүгінге дейін 8000  түлек бітіріп шыққан.

«Зияткерлік мектептердегі білім сапасын шетелдік мұғалімдер мен профессорлар мақұлдап отыр. Бұл оқыту жүйесі Сингапур мен Ұлыбритания сынды елдердің үздік стандарттарымен тең келеді. Әлемнің беделді университеттері біздің түлектерімізді таңдауы соның айқын дәлелі», деді Н.Назарбаев.

Форум барысында «Сандық Қазақстанға қосқан үлесіміз» деген тақырыпта арнайы стенд ұйымдастырылады. Онда жаңа талапқа бейімделіп жасалған оқулықтар, ел мұғалімдеріне арналған жүйелі және әдістемелік кешен, виртуалды ғылыми зертханалар, Зияткерлік мектептердің оқушылары әзірлеген «Kazakh – Latin Converter», «Physics Helper» мобильді қосымшалары қойылып, көпшіліктің назарына ұсынылады.

Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастыққа арналған стенд орналастырылып, оған Зияткерлік мектептердің стратегиялық серіктестіктерінің өкілдері қатысады. Олардың қатарында CIS Халықаралық Мектептер кеңесі, Кембридж университеті, Cito Педагогикалық өлшеулер орталығы, Халықаралық бакалавриат жүйесі және тағы басқалары бар.

Іс-шара барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» оқушыларының халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болған ғылыми жобалар көрмесі өтеді.  Бұдан әрі зияткерлік мектептердің оқушылары «Ұлы дала мұрагерлері» атты театрлындарылған қойылым қойып, онда әлеуметтік жобалардың қорытындылары мен тәжірибелері туралы оқиғалар желісін баяндайды. Нақтырақ айтқанда, еліміздің тарихы мен мәдениетін зерттеуге бағытталған – «Туған елге тағзым», «Жүз күйдің тарихы», «Екі апта ауылда», «Қазақтың 100 әні», «100 кітап» және басқа да жобаларды қамтиды.

Форумға 1000-нан астам адам қатысады. Олардын қатарында Жоғары қамқоршылық кеңестің мүшелері, қоғам қайраткерлері, елшілер, шетелдік серіктестер, халықаралық ұйымдардың өкілдері, бизнесмендер, журналистер, спортшылар, мұғалімдер, Зияткерлік мектептердің оқушылары мен түлектері бар.