Елбасы ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің басшылық құрамымен кездесті
2018 жылғы 15 қараша 18:47 6
АСТАНА. ҚазАқпарат — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің басшылық құрамымен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік күзет қызметінің басшылық құрамына осы мекеменің жаңа бастығы Ардақ Әшімбекұлын таныстырды.
А.Әшімбекұлы заңнамаға сәйкес ант берді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев А.Әшімбекұлының тәжірибесі мол екенін атап өтіп, оның кәсіби біліктілігіне тоқталды.
Сондай-ақ, Елбасы Мемлекеттік күзет қызметінің қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынына назар аударды.
— Ел қауіпсіздігі жүйесінде Мемлекеттік күзет қызметінің рөлі айрықша. Бұл алдарыңызға қойылған міндеттердің ерекшелігіне байланысты, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Күзет қызметінің тиімді жұмыс істеуі үшін бүгінде барлық құқықтық және материалдық-техникалық жағдай жасалғанын атап өтті.
— Қауіп-қатерді тойтаруға әрдайым дайын болу, жаңа сын-қатерлерге бейімделу, қатерлердің алдын алуға және ауыздықтауға бағытталған шұғыл және күзет шараларының кешенін жетілдіру — сіздердің міндеттеріңіз. Сондықтан, Мемлекеттік күзет қызметінің әлеуетін арттыру және оны жан-жақты жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жүргізу қажет, — деді Қазақстан Президенті.
Жиын соңында Елбасы Мемлекеттік күзет қызметінің жедел іс-қимыл штабының және осы мекеменің басқа да жұмыстарымен танысты.