Елбасы Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы туралы айтты

0
147

2018 жылғы 28 желтоқсан 22:47 174

Елбасы Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат –  Жыл қорытындысы бойынша еліміздің БАҚ өкілдерімен кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынас туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өзара көрші бес мемлекет халқының діні мен ділі бір, яғни бір өңірде тұрып жатырмыз. Бір біріміздің өзара түсінігіміз бар. Кеңес Одағы ыдырап, жеке қалған кезде осы елдердің арасындағы ынтымақтың тығыз болуы қажет еді. Атап айтқанда, баршамызға тығыз қарым-қатынас қауіпсіздікке, экономикаға керек болды. Соны ойлап, бірнеше рет тиісті бастамалар жасаған болатынмын. Осы орайда Орталық Азияда өзіміздің экономикалық одағымызды құру, шекарамызды ашу, сауда-саттықты дамыту, мәдени байланыстарды нығайту бастамалары ұсынылды. Бұл бағыттағы қадамдар бұзылып кетті», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Президент әр ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, өзінің даму жолын іздеп, әртүрлі бағытты таңдағанын атап өтті. Соның нәтижесінде игі бастамалар орындалмай қалды.

Сонымен қатар Н.Назарбаев соңғы кездері Орталық Азия елдері президенттерімен кездесулер жиі өтіп жатқанын тілге тиек етті.

«Барлық осы елдердің мемлекет басшылары өзара сапармен бір-біріміздің елімізге барып келдік. Қазақстандағы Өзбекстанның мәдение күндері аяқталып келе жатыр. Алдағы жылдың басында Қазақстанның Өзбекстандағы өнер күндерін өткізуге қатысты қабылдау өтеді, мен ол жерде боламын. Ташкентте кездесу болады. Қырғыз бауырлармен де, түрікмендермен де, Тәжікстанмен де қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бірақ сауда-саттықтың жағдайы әртүрлі», – деді Елбасы.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz