Елбасы «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» 10 жылдығына арналған жиынға келді
Фото: Бауыржан Жуасбаев
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Биыл «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына – 10 жыл. Осыған орай бүгін Назарбаев университетінде «Ұлы дала мұрагерлері» атты оқушылар мен педагогтардың форумы басталды. Салтанатты жиынға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» бірегей білім беру жобасы осыдан тура 10 жыл бұрын Елбасының жеке бастамасымен қолға алынған болатын.
Форумда «Сандық Қазақстанға қосқан үлесіміз» деген және халықаралық ынтымақтастыққа арналған арнайы стендтер орнатылды. Бұған қоса, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» оқушыларының халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болған ғылыми жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
Іс-шарада Зияткерлік мектептердің оқушылары «Ұлы дала мұрагерлері» атты театрландырылған қойылым қойып, онда әлеуметтік жобалардың қорытындылары мен тәжірибелері туралы оқиғалар желісін баяндады. Атап айтсақ, еліміздің тарихы мен мәдениетін зерттеуге бағытталған «Туған елге тағзым», «Жүз күйдің тарихы», «Екі апта ауылда», «Қазақтың 100 әні», «100 кітап» және басқа да жобаларды қамтиды.
Форумға 1 мыңнан астам адам қатысып отыр. Олардың қатарында Жоғарғы қамқоршылық кеңестің мүшелері, қоғам қайраткерлері, елшілер, шетелдік серіктестер, халықаралық ұйымдардың өкілдері, бизнесмендер, журналистер, спортшылар, мұғалімдер, Зияткерлік мектептердің оқушылары мен түлектері бар.
Зияткерлік мектептер құру жөніндегі жоба 2018 жылдың наурыз айынан жүзеге асырыла бастады. Бүгінгі күні елімізде жаратылыстану-математика бағытындағы 20 Зияткерлік мектеп ашылған. 2010-2018 жылдар аралығында Зияткерлік мектептерді 8 мыңға жуық түлек тәмамдады. 950 оқушы «Алтын белгі» мен ерекше аттестатқа ие болды. Білім беру – қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жүргізіледі.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ