Елбасы мақаласы жайлы пікірлер
Арнайы жобаларға жол ашады
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласымен танысып шыққан бетте-ақ көңілімді ерекше бір қуаныш кернеді. Айтулы жобаның көңілге қонымды тұстары да, болашаққа артар жауапкершілігі мен салмағы да зор екен. Қазақтың басынан кешкен тарихын өнер, оның ішінде кино тілінде салмақтап сараптауға, танып зерделеуге бағытталған жарқын бастамалардың жаршысы болады деген үміт маған осындай керемет көңіл күй, сенім сыйлады.
Елбасының бұл бағалы ойлары нағыз дер шағында айтылды деп ойлаймын. Өйткені күні кеше ғана мәресіне жеткен ХІV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі аясында Якутия, Башқұртстан, Қырғызстан секілді елдердің кино мамандарымен кездесіп, шығармашылық пікір алмасып, тарихи көркем туындылар түсіру бағытында келелі әңгіме құрған болатынбыз. Сондағы айтылған ұсыныстар мен идеялар Елбасының аталған кезекті бағдарламалық мақаласында жан-жақты әрі терең қамтылып, ойымыздың үстінен дөп түсіп отыр. Мәселен, бүгінде біз Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Қазақ елі» киноэпопеясының «Алтын тақ» деп аталатын екінші бөлімін аяқтап, фильм дәл қазіргі уақытта өңделіп, жалпыхалықтық кинопрокатқа шығаруға бағытталған ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Алла жазса, 15 желтоқсан күні қалың көрермен алдында туындымыздың тұсауын кесіп, талғампаз киносүйер қауымды қуантамыз деп ойлаймын. Заманауи талаптарға сай түсірілген экшн бағытындағы жақсы бір динамикалы көркем туынды көпшілік көрерменнің де көңілінен шығады деп сенеміз. Осы мақсат пен бағытта шамамыз жеткенше талмай, тынбай іздендік. Үлкен жұмыстар атқарылды. Нәтижесіне фильмнің тұсаукесерінде куә боласыздар.
Міне, бұл да болса Елбасының аталған үндеуіне білдіріп жатқан қолдауымыз деп ойлаймын. Әрине, «Қазақ хандығымен» ізденісіміз тәмамдалмайды. Алда тағы да көптеген ауқымды жоспарларымыз бар. Мәселен, болашақта Қасым ханның тұлғалық, азаматтық, ел тарихы жолындағы ерліктері жан-жақты қамтылатын тағы бір жақсы туындыны Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырсақ деген ойымыз бар. Сондай-ақ Алтын Орда мен Ақ Орда тарихын, ондағы халықты басқарған қазақ хандарының қаһарлы жылдардағы қайраткерлік, батырлық болмысын баяндайтын және бірнеше жобаны қолға алу да шығармашылық жоспарымызға еніп үлгерді. Қазақтың тарихы қандай бай болса, ондағы оқиғалар да сондай шытырман һәм қызық. Нағыз кино тіліне сұранып тұрған сюжеттер жетерлік. Сондықтан да тек талмай, тынбай ізденіп, жақсы дүниелер тудыра беру керек. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының айтулы жобасы толықтай мүмкіндік беріп, кең жол ашады деп ойлаймын.
Бүгінде Қазақстан түркі тілдес елдердің ішіндегі киноөндірісі дамып, жетекші орында көрініп жүрген көшбасшы мемлекеттердің қатарына қосылды. Осы қарқынымызды жоғалтпай, алдағы уақытта да сапалы жұмыстарымызбен көрермендерімізге рухани қуаныш сыйлаймыз деп сенемін. Мәселен, тек отандық киномамандармен ғана шектелмей, келешекте шетелдік ірі компаниялармен бірлесіп, арғы тарихымыз, түбі бір ортақ тамырымыз жайында ауқымды жобаларды қолға алуды ойластырып отырмыз. Жақында ғана Біріккен Еуропа ұйымындағы Венгрия мемлекетінің мамандарымен кездесіп, серіктесіп жұмыс істеуге бағытталған ұсыныстар ортаға тасталды. Нақты келісімшартқа қол қойып үлгермесек те, бірлесіп кино түсіруге бағытталған алғашқы қадам жасалды. Бұл да болса тәуелсіз мемлекетіміздің отандық киномамандардың шығармашылық ізденісіне жол ашып отырған тамаша мүмкіндіктерінің бірі. Елбасымыздың айтулы бағдарламалық мақаласында айтылған ұсыныстар мен келелі ойлар енді тек сөз күйінде қалмай, болашақта үлкен-үлкен ауқымды, шынайы жобаларға айналып кете алса – бұл ұлтымыздың рухани әлемі үшін теңдессіз олжа болар еді. Осы мақсаттарға сай қызмет етіп, Елбасы жүктеген идеялар мен ұсыныстарды Отанымыздың бір ұлтжанды азаматы ретінде жүзеге асыруға үлесімді қоса алсам, мен үшін бұл үлкен мәртебе. Ақиқатын айту керек, төл тарихымыздың алдында әрқайсымыздың өтелмейтін ғұмырлық һәм азаматтық парызымыз бар. Сол қарыз бен парызды өтейтін заман енді туды.
Рүстем ӘБДІРАШ,
кинорежиссер
Цифрлы форматқа көшіру маңызды
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақстандықтардың тарихи санасын жаңғырту мәселесін жаңаша қарастырады. Мақалада Елбасы «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – елдің табысты болуының кепілі», деп атап өтті. Н.Назарбаев тарихымыздың көп қырлы екенін ескере отырып, оған оң көзқарас танытуға шақырады. Бағдарламалық мақалада атқа міну мәдениеті, Ұлы даланың ежелгі металлургия саласы, аң стилінің өнері, Алтайда түркі әлемінің пайда болуы, Ұлы Жібек жолы сынды Дала тарихы мен мәдениетінің жеті қырына тоқталады.
Мен оның тарихты ұғыну мен тану мәселесін қалай қарастырғанына назар аударғым келеді. Ең алдымен Елбасы «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жүзеге асыруды ұсынды. Оның шеңберінде бүкіл әлем бойынша Ұлы даланың мұрағаттық деректері жиналып, цифрлы форматқа көшіріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту саябағын ашуды, еліміздің тарихи кезеңдерін қамтитын «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларын шығаруды және 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін өткізуді ұсынды.
Мақаланың тағы бір маңызды мәселесі ретінде Елбасының бүкіл қоғамды тарихты жаңаша қырынан тануға шақыруын атап өтуге болады. Қазіргі заманауи технологияның мүмкіндіктерін қолдану арқылы тарих деректерін цифрландыруға шақыратыны қуантады. Бұл арқылы ел тұрғындары ғана емес, әлем халықтары да Ұлы даланың жеті қырын кеңірек тани алады. Мемлекет басшысының жаңа көзқарасқа толы мақаласы оқырманды терең ойға жетелейді.
Бигелді ҒАБДУЛЛИН,
Қазақ «ПЕН» клубының президенті