Елбасы мақаласы шетелдік БАҚ назарында

0

Мәселен, Түркияның «VATAN» га­зеті Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы түркі әлеміне байланысты ойларымен бөлісті.  

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстанның түркілердің атажұрты болғанын атап өтіп, тарихымызда орын алған елеу­лі оқиғаларда үлкен үлесі бар түркі халықтарының Жер шарының түрлі тарапына Қазақстаннан аттанғаны туралы жазған. 

«Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаcын қолға алу керегін айтқан Назарбаев осы мақсатта 2019 жылы Астанада Түрколог­тардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керегін назарға алған.

«Сонымен қатар Түркістанды жаңа облыс орталығы ретінде дамыту арқылы оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет», деген Назарбаев Түркістанның тек Қазақстанның рухани орталығы емес, күллі түркі әлемінің қасиетті мекені екенін айтып өтті.  

Одан бөлек википедия үлгісінде Түркі халықтарына ортақ туынды­лардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу маңыздылығын ескерген. Бұл жобаға Қазақстан жетекшілік ете алатынын айтады», делінген газет мақаласында. 

Ал ресейлік «REGNUM» ақпараттық агенттігі  Түркістан қаласында «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференция өткенін еске сала отыра, Елбасы мақаласынан үзінділермен бөліскен. 

«Атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу мәселесін, тағы басқа өзекті жобаларды қолға алуды ұсын­ған «Ұлы даланың жеті қыры» атты Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы жарық көрді», дейді ресейлік жаңалық хабаршысы. 

«ЕВРАЗИЯ ЭКСПЕРТ» Еуразия аймағының ақпараттық-аналитикалық басылымы Елбасының авторлық мақаласына негіз болған Ұлы даланың жеті қырына жеке тоқталып, оларды дәріптеу мен құндылығын сақтау мақсатында ұсынылған жобалар туралы айтып өткен. «Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің тал бесігі, қызғалдақ­тар мен алманың отанына айналған Қазақстанның  жеті қыры ретінде атқа міну мәдениетін, қазақ даласындағы ежелгі ғасырдағы металлургияны, аң стилін, 1969 жылы Есік қорғанында табылған Алтын адамды қарастырған», делінген мақалада.

Тарихи сананы жаңғырту мақсатын­да «Архив-2025», «Ұлы даланың Ұлы есім­дері», Астанада өтетін Түрколог­тар­дың дүниежүзілік конгресі, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технология­лар музе­йі ұйымдастырылатынын, отандық теле­визия мен кино өнерінде серпіліс жасау мәселесі көтерілгені де айтылып өткен. 

Дайындаған Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»