Елбасы мақаласы шетелдік БАҚ назарында

0

Түркияның «TRTAVAZ» телеарнасы Мемлекет басшысының жаңа мақа­ласында қолға алынуы жоспар­лан­ған жобаларға назар аударып, Түркі әлемі үшін тың жаңалықтар жүзе­ге асырылатынын айтқан. 

Белгілі саясаткер, «VATAN» газетінің колумнисі Күршад Зорлу «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлеміне жаңа серпін алып келетін «Түр­кі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі за­манға дейін» жобасын жариялады. 2019 жылы Астанада әлем түркологтарының басқосуы жоспарланған. Одан бөлек Википедия үлгісінде Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу қолға алынады», деп өз ойымен бөлісті. 

Ресейдің «МИР 24» телеарнасы елімізде төл тарихымызды зерттеуге негізделген алты ауқымды жобаның жүзеге асатынын, саясаткерлер мен ғалымдар архив ісін қолға алып, бұған дейін шешілмеген шежіре­нің халыққа жол тартатынын хабар­лайды. 

Телеарнаның айтуынша, Қазақстан – топырағы көптеген жаңалық пен өркениеттің бастау алған жері. Сонымен қатар еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелденгенін хабарлаған «МИР 24» соңғы жылдары елімізде тарих пен мәдениетті дамытуға бағытталған шаралардың көптеп ұйымдастырылып жатқанын айтыпты. «Мәдени мұра» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында мыңдаған ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ол шаралардың ел асып, шетелде де жалғасын тапқанын назардан тыс қалдырмапты. 

Өзбекстанның «FERGANA NEWS» ақпараттық агенттігі ежелгі қалалардың орны, ортағасырлық архитектура ескерткіштері мен ұлттық дәстүр арқау болған Елбасының жаңа мақаласынан үзінділер келтіріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нәтижелерімен бөліскен. Ақпарат агент­тігінің айтуынша, бағдарлама аясын­да латын қарпіне көшу мен «100 жаңа есім» жобасы басталып, «Қазақ­стан­ның сакралды картасының» жасалуы қолға алынған. 

Сонымен қатар Елбасы мақаласында халық музыкасы мен фольклорға ерекше мән беріліп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне экспедициялар жүргізіп, «Дала фольклорының антологиясын» жасақтауды қолға алу ұсынылғанын хабарлаған. Бұдан бөлек Президенттің мемлекеттегі туризмді дамытуды жолға қою жоспарымен бөлісіпті. 

Румыниялық «NINE O’CLOCK» газеті Елбасының жаңа мақаласын жариялап, ел тарихын жаңғыртуға бағытталған жобалардың жүзеге асатынын хабарлаған. Ақпарат құралы өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – Қазақстанды табысқа жетелейтінін жазыпты. 

Дайындаған Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»