Елбасы халықты Наурыз мейрамымен құттықтады — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанның тұңғыш президенті — елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Саясаткерлердің алдында сөйлеген Назарбаев аяқ астынан сөзін бөлді

«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Біз осы жарқын мейрамды әрдайым асыға күтеміз. Бұл – тіршілік атаулы жанданып, жер-дүние жаңаратын кезең», — деді елбасы.

Назарбаев биыл Наурызды бірінші рет мерекелік жиындар мен салтанатты іс-шараларсыз атап өтілетініне назар аударды.

«Оның өзіндік себебі бар. Бүкіл дүниеге тараған вирус қаупіне тап болдық. Бірақ көктемнің келуі мен мерекелік көңіл-күйге бөленуге ештеңе кедергі бола алмайды. Біз біртұтас халықпыз және елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс істеуге дайынбыз. Еліміздің алдында тұрған барлық сынақтардан ауызбірлік пен табандылықтың арқасында сүрінбей өтетінімізге сенімдімін», — деді тұңғыш президент.

«Ұлтты ұйыстырған дәстүрлі мерекеміз баршаның үмітін ақтап, жаңа белестерді бағындыру үшін күш-қуат пен қажымас қайрат әкелсін. Осынау шуақты мейрамда әрбір шаңырақ шаттық пен игілікке толсын. Баршаңызға ырыс-ынтымақ, денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», — деп қорытындылады Нұрсұлтан Назарбаев.

stan.kz