Елбасы халықаралық биржаның алғашқы сауда-саттық рәсімін бастап берді

0

Президент іс-шарада сөйлеген сө­зін­де «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастау рәсімінің ұлттық валютамыз – теңгенің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуінің символдық мәні зор екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев төл теңге­міз­ді енгізу өз қаржы жүйемізді қалып­тас­тырып, мемлекетіміздің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Содан бері Қазақстан экономикасы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс деңгейі де артты. Ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығының іске қосылуы – елімізді одан әрі орнықты дамытудың маңызды қадамы, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті рәсімге қаты­су­шыларға әлемдік уран нарығының 20 па­йызға жуығын қамтитын «Қазатом­өнер­кәсіп» ұлттық компаниясы бүгін ІРО-ға алғаш рет шығып отырғанын айтты.

– Келешекте біз «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз» және өзге де ұлттық компаниялардың активтерін са­тылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. «Астана» халықаралық қаржы ор­­та­лығы елімізге шетелдердің капиталын тартудың құралына айналып, қор нарығын дамудың жаңа деңгейіне шығаруға тиіс. Мұнда әлемнің үздік тәжірибелері жаппай қолданылып, тәжі­рибелі серіктестер мен сарапшылар тартылған, сондай-ақ оның жұмысына қатысушылар үшін теңдессіз жағдайлар жасалған, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев келешекте «Астана» халықаралық қаржы орталығы өңірдің басты қаржы хабына айналып, Азияның үздік қаржы орталықтарының қатарына қосылуға тиіс екенін атап өтті.

– Қаржы орталығы қазірдің өзінде елордамызға «қаржы астанасы» деген жаңа мәртебе берді. Жаһандық қаржы орталықтарының рейтингінде бас қаламыз тек соңғы жылдың өзінде 

27- сатыға көтерілді. Астана тұрғындары мен елорда қонақтары үшін мейлінше қо­лай­лы жағдай жасалатын «ақылды қала» ретінде одан әрі дами береді, – деді Елбасы.

Соңында Қазақстан Президенті мемле­ке­тіміздің барлық бастамалары халқы­мыз­дың әл-ауқаты мен еліміздің жаһан­дық бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруға бағытталғанын айтты.

Миллиондаған отандасымыз акционер атанды

Сонымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының алаңын­да «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компа­ния­сының жай акцияларын шартсыз сату, сондай-ақ жаһандық депозитарлық қолхаттарды шартты сату басталды. 

Осы орайда салтанатты рәсім аясын­да Мемлекет басшысына есеп берген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахмет­жан Есімов осыдан бірер жыл бұрын ЭКСПО-2017 құрылысы басталған тұста Ел­басының енді салына бастаған ғимарат­тар болашақта «Астана» халықаралық қар­жы орталығына беріледі деген сөздерін еске салды. Сонымен қатар Ел­ба­сы­ның осы тұрғыдағы жоспарының толық жүзеге асқандығына тоқталды. 

А.Есімов, сондай-ақ жекешелендірудің кешенді жоспарының аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» алты компаниясы IPO/SPO-ға шығатындығын атап өтті.

– Бұл – Қазақстанның квазимем­ле­кет­тік секторының дамуындағы жаңа кезең. Қордың 2018-2028 жылдарға арнал­ған даму стратегиясына сәйкес біздің мақсатымыз – компаниялардың тиімді­лігін арттыру және активтер портфелін басқаруды жақсарту. Жекешелендіру осы мақсатқа жетудегі құралдардың бірі, – деп атап өтті А.Есімов. 

Басқарма төрағасының сөзіне қара­ғанда, Лондон және АХҚО биржаларына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ны шығару табысты басталған. Әлемдегі нарықтың күрделі жағдайына қарамастан, шетелдік және отандық инвесторлар бұл оқиғаға аса маңыз берген. Нәтижесінде IPO-ға 49 шетелдік және 16 отандық заң­ды тұлға, сондай-ақ Қазақстанның 2700 азаматы қатысқан. Осы арқылы елі­міздің миллиондаған тұрғыны «Қазатом­өнер­кәсіп» АҚ-ның акционеріне айналып шы­ға келді. 

– Бұл компанияның тек инвестициялық тартымдылығының нышаны ғана емес, алдымен елімізде Сіз жүргізіп отырған экономикалық саясатқа сенімнің белгісі, – деді басқарма төрағасы А.Есімов Мем­лекет басшысына. 

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның ықтимал ин­весторларының ұсыныстары ойдағы жоспардан да артық нәтиже берген. Дәлірек айтқанда, акцияларға сұраныс ұсы­ныстан 1,7 есеге артып түскен. Мәсе­лен, листингтің алғашқы күні-ақ 45 млн АҚШ доллары көлемінде төлем түс­кен және алдағы күндері тағы 405 млн күтілуде. Сондағы жиынтық 450 млн АҚШ доллары Ұлттық қорға аударылмақ. Нәти­жесінде бұған дейін Ұлттық қордан «Самұрық-Қазына» АҚ-ға бөлінген қара­жат уақытынан бұрын қайтарылғалы отыр. Оған қоса акциялары биржаға шыға­рыл­ған «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның табысы арта түсіп, капитал тартуға және болашақта тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек. 

Ахметжан Есімовтің айтуынша, «Қаз­атомөнеркәсіп» АҚ-ның үлгісі болашақта өзге компанияларды да биржаға шығаруда зор тәжірибе болмақшы. Өз кезегінде, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК»­ АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пір­матов:

– Біз ІРО-ны сәтті өткізіп, уран өнер­кәсібіндегі әлемдік көшбасшы екені­мізді дәлелдедік және «Астана» халық­аралық биржасында листингтен өткен алғашқы компания болдық. Жергі­лікті және халықаралық инвесторлар компаниямызға үлкен қызығушылық танытты. Біздің жаңа акционерлеріміздің арасында қазақстандық инвесторлар мен жетекші халықаралық инвестициялық қорлар бар. Біз компанияның табысы мен болашағын жаңа акционерлермен бөлісуге және еліміздің игілігі үшін компанияны дамудың жаңа кезеңдеріне бастауға дайынбыз, – деп мәлімдеді. 

Ұлттық атом компаниясы басшы­сының сөзін АХҚО басқарма төрағасы Тимоти Беннетт те толықтыра түсті. 

Ол АХҚО өз инновациялылығын көр­сете отырып, халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтіндігін және реттелетіндігін атап өтті. 

Мұнан соң сөз алған «Астана» халық­аралық қаржы орталығының басқа­ру­шысы Қайрат Келімбетов АХҚО алаңы­на «Қазатомөнеркәсіп» АҚ ІРО-сын шыға­ру тек «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы үшін ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы капитал нарығын дамы­ту үшін де айтулы оқиға болып сана­ла­тындығына тоқталды. 

– Бұл біздің алаңымыздағы ұлт­тық компаниялардың мемлекеттік жеке­шелендіру бағдарламасының аясында бірқатар орналастырудың бірінші ІРО-сы болып табылады, – деді Қ.Келімбетов.

Көл-көсір табыстың көзі

АХҚО биржасы биыл «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылған болатын. 

Биржаның негізгі акционерлері – АХҚО, GoldmanSachs, Жібек Жолы қоры, Шанхай қор биржасы және NASDAQ америкалық биржасы. Соңғы аталған екі биржа әлемдегі ең ауқымды 5 биржаның қатарына кіреді.

Жалпы, АХҚО биржасының алдын­дағы негізгі міндет ел экономикасының игілігі жолында ұлттық нарыққа қызмет ету болмақ. Оның ішінде әлемнің үздік тәжірибелеріне сәйкес келетін биржа ұлттық компанияларды жекешелендіруге арналған алаңға айналуы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың облигацияларын шығару, жеке компаниялардың құнды қағаздарын орналастыру міндеті де осы биржаға жүктелген.

Қазіргі уақытта АХҚО биржасы елі­­­міз­дің қаржы нарығын дамыту мен тиімді­лігін арттыру арқылы болашақта жергі­лікті капитал нарығын жоғары дең­гей­ге көтеру жұмыстарына кірісіп кетті. Ал дамыған капитал нарығы бүгін­де басым бөлігін банк секторы құрай­тын Қазақстанның қаржы жүйесін толық­тырып, тепе-теңдікті қалыптастыруға ық­пал етпек. Демек, «Астана» ха­лық­аралық қар­жы орталығының елі­міздегі және өңір­дегі экономикалық іс-қимылдарды қар­жы­ландырудың тұ­ғырына айналар күні жақын. 

Өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының құқықтық мәр­те­бесі Мемлекет басшысы 2015 жылы қол қойған конституциялық заңмен бекі­тілген, ал жұмыс тілі – ағылшын тілі. Ал қаржы орталығының жұмысына қаты­сушыларға 50 жылға дейін салықтық же­ңіл­діктер қарастырылған, сондай-ақ олар үшін жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режімдері көзделген. Бұл – қызметі ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. АХҚО Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Дубай қалаларындағы қаржы орта­лық­тарының үздік моделі негізінде жұмыс жүргізеді. 

Бүгіннің өзінде АХҚО-да Қытайдың Даму банкі сияқты ондаған халықаралық ірі компания тіркелген. Сонымен қатар Сингапур, Гонконг және Батыс Еуропаның халықаралық брокерлік үйлерінің қызығушылығын тудыруда. Дәлірек айтқанда, қазірдің өзінде Гонконг­тағы екі ірі брокер – China Interna­tional Capital Corporation және Shenwan Hongyuan Securities «Астана» халық­аралық қаржы орталығының мүшесі мәртебесін иеленген. 

«Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғының «жасыл», исламдық және инно­ва­циялық қаржы құралдарын дамытудың өңірлік орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар.

Мемлекет басшысы Қазақстан хал­қына арнаған биылғы Жолдауында: «Биз­несті шетел инвестициясымен, капи­талға қолжетімділікпен қамтамасыз ету ісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаруға тиіс. Біз жеке сотты, қаржы реттеуішін, биржаны арнайы құрдық. Барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды белсенді пайдаланып, оның тез қалыптасуына және дамуына атсалысуы керек», деген болатын.

Демек, Астана – жасару мен жаңғыру жолындағы жасампаз ұлтымыздың жаңа келбеті болса, бұл қаржы орталығы оның қаржылық әлеуетінің нышаны болмақ. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»