«Елбасы анасы үлгі болар баршаға» атты тағылымды жиын өтті

0

Аналар кеңесінің төрайымы Күлімкөз Смаилова өз сөзінде «ер елді қорғайды, ел жерді қоғайды» деген қазақтың қанатты сөзін келтіре отырып, отбасыдағы ата-ана тәрбиесіне, жауапкершілігіне тоқталды. Баланың бір сөзді, ер мінезді, еңбекққор да көпшіл болып өсуіндегі отбасы, ошақ қасы қамқоршысы, жылытушысы ананыңрөліне, тәлім-тәрбиесіне көп байланысты екенін, оны Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірінен көруге болатынын атап көрсетті.

Түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Диляра Хасанова , полиция қызметкері Мақпал Сәрсенқызы отбасының ұйтқысы, берекесі, мейірім-шапағат көзі бола білген Әлжан анамыздың берекелі шаңырақтың тұңғышын мақсат-мұратына жеткізу, ата-баба жолымен тектілікке тәрбиелеу жолындағы жанқиярлық еңбегі, мейірім-шапағаты, сүйіспеншілігі мен қамқоры, ұлының жанын қас-қабағынан, жанарынан таныған байқағыш қасиеттері жайлы тебірене әңгімеледі. Сапура қажы Тәшенованың ізеттілікке шақырған ойлары бір шаңырақ астында тату-тәтті отбасы ынтымағын, бәрінің бабын тауып, қанатымен су себелеген қарлығаш құсап тату-тәтті, ынтымақ ортаны қалыптастыра білген, ұл-қыздарын имандылыққа, мейірімділікке баулуда ұлттық құндылықтарды ұстанған Ана деген ұлы ұғымның түп-түп тамырынан терең ой сабақтап, қыз-келіншектерге Әлжан ана тағылымы үлкен үлгі-өнеге екенін, дәстүрді сыйлап, терең сезініп өскен бала Елбасы сияқты ел, жер, отан қорғаны болып өсетінін жеткізді.

Аналар кеңесінің мүшесі, психолог Ирина Якимова атақты тұлғаның туған жерін, өсіп-өнген ортасын, отбасын, былайша айтқанда, генеологиялық діңгегін білу жастар үшін ұмытылмас сабақ екенін айта келіп, балаларының өмірден өз орнын табуды қалаған, сол мақсат-мұрат жолындағы Әлжандай әз аналардың рөлін «жұмақ әйелдің аяғының астында» деген қанатты сөзбен салыстырды. Ер азамат-түздің адамы болса, негізгі тәрбиеге әйелге жүктелгенін нақты мысалдармен сабақтады.

Есте қалар кеште Тұңғыш Президент күні туған 14 балақайға зор құрмет көрсетіліп, елді, жерді қорғай білетін қайсар азамат болып өсіңдер деген тілекпен ырымдап әрқайсысының қолына қамшы ұстатты. Көп бала өсіріп, отбасының ырысын, шуағын келтіріп отырған бір топ ақ жаулықты аналарға арнайы сый-сияпаттар жасалды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы