Елбасы әлем державаларының қақтығысы жайлы пікір білдірді — Ел жаңалықтары
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ірі елдердің қарым-қатынасы шиеленіскен тұста ел билігінің қауіп-қатерлі жағдайда жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Әлемде қазір жағдай қиын. Басты мемлекеттердің барлығы, негізгі державалар тіл табыса алмай жатыр. Адамзаттың жағдайын ойлауы тиіс мемлекеттер. Мәселен, АҚШ пен Ресейде 15 мың ядро оқ жатыр. Адамзатты бірнеше рет жойып жіберуге болады. Бірнеше рет. Мұндай елдер тіл табыса алмаса, бәрімізге де қауіпті», — деді Назарбаев VIII Азаматтық форумда.
Ол АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы мен өзге елдердің санкциялық шешімдерінің Қазақстанға да әсер ететінін мәлімдеді.
«Сондықтан үкімет те, мен де өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Бізге қандай да бір әсері болса, қалай жауап беруіміз керек? Сондықтан бірлік, татулық, патриоттық, елің, отаның үшін жауапкершілік арқалау өте қажет. (…)», — деді Назарбаев форум қатысушыларына.