Ел мен Елбасы – егіз ұғым
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін бүгінде жалпы халық болып мерекелеу үрдісі қалыптасты, Елбасының елге сіңірген өлшеусіз еңбегінің жарқын көрінісі ретінде орнықты. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айтулы күн. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық ерек қасиеті елімізді үлкен белестерге бастап келеді.
Елбасы жуырда жасаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған қадамдарды айқындаса, іле-шала жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында барша жетістіктеріміздің мығым іргетасы болған тарихи және басқа да құндылықтарымызды қастерлеу, зерттеп-зерделеу, болашаққа көздің қарашығындай сақтап жеткізудегі нақты бағыттарымызды белгілеп берді.
Кешегі тауқымет көрген, тағдыр талқысына түскен қазақ елінің бүгінгі тәуелсіздік кезеңінде жеткен жетістіктерінің әрқайсысында Мемлекет басшысының қолтаңбасы айқын. Тұрмыс түзеліп, тіршілік арнасын тапқанда адам баласы рухани түлеу, түп-тамырына үңілу, өткенге көз жіберіп, болашаққа бағдар жасауды ойлайды. Дәл сондай ретпен біз де үлкен жаңашыл бастамалардың атқарылуына құлшыныспен кірісіп жатырмыз.
Айдар БАШБАЕВ,
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі