Ел ертеңі – білімді балаларда
Елбасы биылғы Жолдауында мұғалімдер мәртебесін көтеру туралы бастама ұсынды. Бұл тегін болмаса керек. Себебі, ата-аналармен қатар ұстаздар да – болашақ ұрпақты, болашақ адами капиталды қалыптастырушы.
Н.Назарбаев үнемі болашақ ұрпақты тек технократтық бағытта ғана емес, елі мен жерінің тарихын терең білетін, әрі Отанын мақтан ететін, саналы ұрпақ тәрбиелеу керектігін басты назарда ұстайды. Бұл туралы соңғы жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да атап өтті. Осыған орай Алматы қаласындағы №33 мектеп-лицейінде Тұңғыш Президент күніне арналған мәдени іс-шара өтті.
Қазіргі мектеп оқушыларының патриоттық рухы жаман емес. Құлдық санадан азат, нағыз тәуелсіз елдің ұрпақтары екенін дәлелдеп келеді. Алматы қаласындағы №33 мектеп-лицейінде 6 «ә» сыныбы өткізген «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты әдеби-сазды кеш осы ойымызды одан әрі орнықтыра түскендей болды. Оқушылар кеш барысында Президент Н.Назарбаевтың балалық шағы, өскен ортасы мен шыңдалған еңбек орындары туралы мағыналы баяндамалар жасады.
Балалардың ел тарихын терең түсінетінін, ел басынан өткен талай нәубетті де жүректерінен өткізе отырып, тәуелсіздіктің шын бағасын сезінетіні байқалады. Бәлкім, бұл жағдайға сынып жетекшісі Г. Ибраеваның тарихшы болғаны да әсер еткен болар. Балалар тек білімді ғана емес, өнерлі де. Шараның ресми бөлімінен кейін өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Ұрпағының білімді, саналы, рухани бай болып өсуі кез келген ата-ананы, кез келген ұстазды қуанышқа бөлейді. Бүгінгі өнерлі, талапты, білімді балалар ертеңгі Елбасы атап өткен сапалы адами капиталды құрайтыны анық. Ал еліміздің ертеңі – сол заманынан оза туған ақылды ұрпақтың қолында.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ