Ел Елордасымен еңселі
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған, ізгі ниетпен салынған Астана өзінің жиырма жылдық тарихында еліміздің басты символына, жалпыұлттық құндылығымыздың өзегіне айналды. Сондай-ақ жаңа елордамыз халықты бірлік пен татулыққа, ортақ мүддеге жұмылдыра білуімен ерекшелене отырып, әлемдік деңгейдегі саяси-экономикалық, рухани-мәдени орталық ретінде танылды. Ал Қазақ елінің дербес мемлекет ретінде жаңғыруы, дамудың даңғыл жолына түсуі тұрғысында сөз қозғағанда Астананың тарихына, оның өркендеу жолының бастауына тоқталмай өте алмаймыз.
Жалпы, ел орталығын Алматы қаласынан Ақмолаға көшіру ісі 1997 жылдың 10 желтоқсанында ресми түрде бастау алды. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығы бойынша Ақмоланың атауы Астана болып өзгертіліп, оның халықаралық тұсаукесері осы жылдың 10 маусымында өткізілгенімен, Алатаудан Арқаға бағыт алған бұл көштің ресми түрде 10 желтоқсанда басталғанын қаперден шығармауымыз керек-ақ.
Елбасы идеясы негізінде, халықтың қолдауы арқасында жүзеге асырылған бұл ауқымды шара, яғни жаңа елорданың салынуы, оның уақыт талабына сай қалыптасуы Қазақстанның қарқынды дамуына, заман талабына сай батыл қадамдар жасауына серпін берді…
Осы орайда сәл шегініс жасай сөйлесек, 1997 жылдың 9 желтоқсанында Ақмола қаласына мемлекеттік рәміздеріміз жеткізіліп, Президент Резиденциясында көк Туымыз желбіреді. Дәл осы күні Алматы қаласының тұрғындары Елбасымызды жаңа орталыққа шығарып салу рәсімін ұйымдастырса, ал ертесіне, яғни 10 желтоқсан күні Елбасының Ақмола қаласындағы Резиденциясында ел Парламенті мен Үкіметінің бірлескен салтанатты мәжілісі өтті. Бұл алқалы жиынды ашқан Н.Ә.Назарбаев Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап мемлекетіміздің астанасы болып табылатынын ресми түрде мәлімдеді. Осылайша жаңа елорда – Астананың жасампаз тарихы басталды.
Астана еліміздің ресми орталығы болып белгіленген алғашқы сәттерден-ақ саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени ірі оқиғалардың ордасына, игі бастамалар мен ілкімді жобалардың қайнар көзіне айналып шыға келді. Жаңа елордамыздың табысты қадамдарының, жетістіктерінің шежіресі түзіліп, ол еліміздің жаңа тарихының өзегіне айналды.
Астана ә дегеннен халықаралық ауқымда мойындалып, әлемдік қоғамдастық тарапынан лайықты түрде жоғары бағасын ала бастады. Бұл сөзімізге дәлел ретінде 1999 жылы Астананың ЮНЕСКО-ның шешімімен «Әлем қаласы» деген мәртебелі атақты иеленгенін, сондай-ақ 2000 жылы астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшелігіне қабылданғанын айтуға болады.
Елорданың Еуразия құрлығының орта шенінде орналасуы Қазақстанның саяси-экономикалық дамуын жеделдетті әрі тиімді жаңа бағыттар бойынша кең ауқымды шараларды қолға алуға мүмкіндік берді. Бұл арада Астананың ыңғайлы орналасуы Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды жаңа мазмұнда өрістетуіне, еліміздің транзиттік көпір ретіндегі рөлін арттыруға кеңінен жол ашты. Мұның барлығы айналып келгенде, Қазақстанның экономикалық тұрғыда белсенді іс-қимыл көрсетуіне ықпал етіп, елорда мәртебесінің өсуіне серпін берді, сондай-ақ қаланың инвестициялық тартымдылығын жақсартты. Соңғы деректерде көрсетіліп жүргендей, жалпы елімізге құйылған инвестициялардың 10 пайызы Астанаға тиесілі болып табылады.
Қай қаланы алып қарасақ та оның әлеуеті әсем ғимараттарымен, кең де таза көшелерімен ғана өлшенбейді. Бұл орайда қаланың экономикалық қуатын көрсететін өндіріс орындарының, кәсіпкерлік пен сапалы қызмет көрсету саласының болуы маңызды. Осы тұрғыдан келгенде бүгінде Астанада өнеркәсіп, сауда, көлік қатынасы, сервистік қызмет көрсету, байланыс және құрылыс салалары жолға қойылған. Әсіресе құрылыс тауарларын, азық-түлік өнімдерін шығару, сапалы қызмет көрсету ісі қарқынды дамып отыр. Шаһарда уақыт талабына сай жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар қатары жыл сайын толыға түсуде. Солардың арқасында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылуда. Еліміздегі ірі бизнес орталығы болып саналатын Астанада қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлік дамып, бизнесті өркендету ісі қарқын алған. Сондай-ақ мұнда қызмет көрсету орындары да уақыт талабына сай жетілдіріліп, бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Осынау шаруалардың өз деңгейінде іске асуы нәтижесінде Астана донор қалаға айналды. Өткен жылы Астананың экономикалық кірісі 1 триллионға жетіп, республикалық бюджеттің басты доноры ретінде танылды.
Елорда құрылыс саласында да еліміз бойынша көш басында тұр. Бұл бағыттағы жұмыстарға отандық және шетелдік жүздеген компаниялар атсалысты. Астана құрылысы Елбасының тікелей бақылауында. Қаланы сәулеттендіре түсуге арналған шараларды жүзеге асыруда Мемлекет басшысының Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлерін үйлестіру идеясы басшылыққа алынып келеді.
Астана келбетіне ой жүгірткенде бірінші кезекте «Бәйтерек» кешені, «Тәуелсіздік» сарайы, «Бейбітшілік және келісім» сарайын «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, «Думан» орталығы, «Астана опера» театры, «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Қазақстан» орталық концерт залы, «Қазақ Елі» монументі, Ұлттық музей және тағы басқа да әсем де еңселі, халық игілігіне бағытталған ғимараттар санада жаңғырады. Бұлардан бөлек, қаладағы спорттық кешендердің де қатары көңіл қуантады. Мәселен, жұртшылықтың игілігіне айналған, елімізде бұрын-соңды болмаған спорттық ғимараттар – «Астана-Арена» стадионы, «Сарыарқа» велотрегі, «Алау» мұз айдыны, «Барыс Арена» спорт кешені сынды ірі нысандар еліміздің абыройы.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Астана жастар ісіне, ұрпақ тәрбиесіне, білім беру, денсаулық сақтау салаларына қатысты көптеген жетістіктерімен беделді. Бүгінде елордамызда әлемнің кез келген жоғары оқу орнымен терезе теңестіріп, үзеңгі қағыстыра алатын Назарбаев Университет, Қазақ ұлттық өнер университеті, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті жастардың уақыт талабына сай білім алуларына мол мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ елордадағы емдеу-сауықтыру орындары, медицинаның қазіргі озық үлгілерін қолданатын, талайлардың арманы болып табылатын аппараттармен қамтылған, білікті мамандар жұмыс істейтін, аса маңызды операциялар жасау арқылы атағы кеңге жайылған медициналық орталықтар тек қаланың ғана емес бүкіл еліміздің беделін биікке көтеруде. Осы орталықтардың сапалы қызмет көрсетуі нәтижесінде қазір шетел асып емделетін қазақстандықтар саны азайды. Қайта керісінше алыс-жақын шетелдердің азаматтары Астанадағы медициналық орталықтардың қызметіне жүгінетін болған. Бұл астаналық медицина орталықтарының ел қазынасының артуына өз үлестерін қосып отырғанын білдіреді.
Сонымен қатар Астана халықаралық ұйымдардың саммиттері, әлемдік маңызы зор форумдар мен түрлі ауқымды шаралар өтетін тиімді үнқатысу алаңы болып табылады. Бұл өз кезегінде әлем елдерінің Астана арқылы Қазақстанға деген сенімінің толық орныққанын көрсетеді. Елордада тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы, Сирия дағдарысы бойынша «Астана процесі» бүгінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған. Сондай-ақ, Астанада ЕҚЫҰ, ШЫҰ мен ИЫҰ саммиттерінің,
ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілгені елорданың ғана емес, бүкіл еліміздің мерейін асырды.
Қорыта айтқанда «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі». Бұл сөз тіркесі ел жүрегіне сіңіп, нақыл сөзге айналып кеткендей. Шын мәнінде, Астана Қазақстанның айнасы, абыройы, айбары, ұлтымыздың бренді. Бұл Елбасы еңбегінің нәтижесін, халық тілегінің орындалғанын көрсетеді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»