«Екпенің кесірінен балам шетінеп кетті»: Қазақстандағы вакцинаға қарсы петиция жасап шығарған әйел мұңын шақты — Қазақстан жаңалықтары

0

Тұмаудан дифтерияға, шешектен обаға, қызылшадан менингитке дейінгі жұқпалы аурудың сан түрінен адамды тек вакцина қорғап келеді. Алайда қазір екпе жасатпауды жөн санайтындар көбейіп кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап.  

петиция авторыПетиция авторы — Марина Шаймұханова

Марина Шаймұханованың кенжесі бес ай бұрын көз жұмыпты. Жүрегі қан жылаған ана дүниеге 12 мүшесі сау келген қызын екпенің кесірінен шетінеп кетті деп отыр. Балаға міндетті екпе салдыруға сол үшін қарсы. Жақында жазылған петицияның авторы да өзі. Міндетті вакцинаға қарсы петиция авторының айтуынша, қазір оған 150 мың адам қол қойып үлгеріпті.  

«Петиция 28 сәуірден бастап халыққа таратылды. Бір аптаның ішінде 150 мыңға жуық адамның қолы жиналып үлгердік. Халық өз пікірін білдіріп жатыр. Вакцинаға қарсы шығып жатыр. Неге десеңіз, біріншіден, вакцинациядан кейін асқынып кеткен жағдайлар кездеседі. Өз басымнан осындай оқиға өткен болатын. Осыдан бес ай бұрын вакцина салынғаннан кейін балам шетінеп кетті. Қылмыстық іс жүріп жатыр», — дейді Марина Шаймұханова.

Ол екі жақты жауапкершілікті талап етіп отыр. Яғни, вакцинадан кейінгі асқыну жағдайы болса, оған ата-анамен қатар дәрігердің, министрліктің жауапты болғанын қалайды.

«Мемлекет тарапынан жауапкершілік жоқ. Министрлік бұған бей-жайлықпен қарайды. Бала өліп кетсе, қылмыстық жауапкершілік тағайындалуы қажет», — деп қосты баласынан айырылған ана.

«Профилактикалық егулерден кейінгі тіркеліп жатыр деген өлім-жітім жағдайлары не болмаса асқыну оқиғалары шындыққа жанаспайтын мәлімет», — деді ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева. 

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жобасын мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Қазір талқылау үстінде өзгертілген заң жобасы инфекциялық ауруларға қарсы екпе салдыруды міндеттейді. Қатарында жатыр мойны обырына қарсы егілетін вакцина да бар. Ата-аналарды алаңдатып отырғаны да осы екпе. 

«Міндеттелейін деп тұрған вакцинация А вирусы гепатиті мен жатыр мойны обыры қарсы екпелер екен. Бұл жатыр обыры вакцинациясы қыз балаларды бедеулікке алып келеді», — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Толғанай Тұрымбетова. 

«Қазақстанда күніне екі әйел адам жатыр мойны қатерлі ісігінен көз жұмады. Енді осыны 365 күнге көбейтсек не болады? Біз олардың өмірін екпе жасау арқылы сақтап қалатын едік. Осы вакцинацияны 2010 жылдан бастап қолға алған болатынбыз. Өкінішке орай, көп адамдар бұл вакцинаны жасайтпаймыз деп наразы болғандықтан, министрлік тарапынан бұл екпе жасату тоқтатылған еді. Одан бері 10 жыл өтті. Осы уақыттан бері қанша адамның өмірі қиылып кетті?» — деді С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры , эпидемиолог, вакцинолог Сәкен Әміреев.

Министрлік өкілдері елді дүрбелеңге салып, вакцинадан қауіп іздеуге негіз жоқ дейді. Міндеттеу нормасы заңда 2015 жылға дейін де болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, иммунизация жылына үш миллионға жуық адамның өмірін сақтап қалады. 

Денсаулық сақтау министрілігінің ақпараты бойынша, Қазақстанда вакцинаның бір ғана түрі шығарылады. Ол обаға қарсы екпе. Ал шетелден жиырмаға жуық вакцина сатып алынады. Көбі екі жасқа дейінгі балаларға егіледі. Инфекцияға қарсы препараттар Еуропа елдерінен келеді. 

«Бұл вакциналардың барлығы мемлекеттік тіркеуден өткен. Яғни сапасы куәлендірілген. ДДСҰ бұл вакциналардың өндірісін сертификаттаған. Олардың емхана түспес бұрын әрбір партиясы тексерістен өтіп отырады»,  — деді ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева. 

Сарапшы елде 18 жасқа дейінгі балаларға он бес түрлі вакцина салынатынын айтты. Ал екпе салдырудан бас тартқан елдерде түрлі инфекцияның өршіп тұрғанын ескертті. Мәселен, вакцинация 60-70%-ға азайып кеткен Украинадан дифтерия және қызылшамен ауыратындар күрт көбейген. Ал былтыр Үндістанда 70 мың адам қызылша жұқтырыпты.  Қазақстанда болса қызылшамен ауырған балалардың 76%-ы екпе салдырмағандар. 

«Көбі «бәрібір ешкім ауырып жатқан жоқ қой, мен неге жасатуым керек» деп ойлап екпе жасатқысы келмейді. Сіз осы тұрғыда балаңыздың қамын ойлап отырған жоқсыз. Егер сіздің балаңыз ауырып қалып, ауруды басқаларға жұқтырса, кім жауапты болады? » — деді С. Асфендияров атындағы Қазақс ұлттық медицина университетінің профессоры , эпидемиолог, вакцинолог Сәкен Әміреев.

Вакцианадан кейін болатын асқынуларды дәрігерлер жасырып отырған жоқ. Сол себепті екпе жасатар алдында баланы мұқият тексерістен өткізген жөн дейді олар. 

Жоспарлы түрде вакцина жасатқандар аурудың алдын алады. Осы тұрғыда әлемде жаппай шешек ауруынан адамдар қырылып жатқан кезде, дәл осы вакцинация миллиондаған азамттың өмірін сақтап қалғанын ескерген жөн. 

Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов екпеге қарсы петиция жайлы пікір білдірген болатын.

stan.kz