Екпеден кейін баланың шетінегені хабарланды: министрлік тергеу жүргізіп жатыр
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қыздың отбасына көңіл айтып, бұл іс жеке бақылауында екенін мәлімдеді
Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі қызылшаға қарсы вакцинациялауды дұрыс жүргізбеу салдарынан болуы мүмкін бала өліміне қатысты тергеуді бастады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ведомство басшысы Елжан Біртанов мәлімдеді.
«Біз қазаға көңіл айтамыз, отбасы үшін баладан айырылу – ауыр қайғы. Денсаулық сақтау министрлігі бұл істі тергеу бойынша барлық қажетті іс-әрекетті жасайды», — деді Елжан Біртанов.
Ол тергеу жүргізу үшін белгіленген заңнамалық рәсімдер бар екенін түсіндірді.
«Бүгінгі күні өлімге вакцинациялау себеп болғанын растайтын ананың сөзінен басқа дәлел жоқ. Ол жеткіліксіз екенін өздеріңіз түсінесіздер. Мұндай мәлімдемелер қоғамда резонанс тудырады. Жағдайды өзім қадағалаймын, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы да бұл мәселемен тікелей шұғылданады», — деп толықтырды Біртанов.
Баласына екпе салдырмаған ата-аналар жазаланады — заң жобасы әзірленіп жатыр
Министр денсаулық сақтау министрлігі бұл істі құқық қорғау органдарымен бірге әділ тергеп жатқанын атап өтті.
«Алдын ала мәлімет бойынша, өкінішке қарай, баланың жүрегінде өте ауыр патология болған (…). Ол дәлелденді, құжаттамада көрсетілген. Мұнда эмоция мен объективті тергеуді ажыратып алу керек. Нәтиже шыққан кезде біз тиісті брифинг өткізіп, ақпарат беруге дайынбыз», — деді ведомство басшысы.
Ол кез келген дәрі-дәрмекті қолданудың жанама әсерлері болуы мүмкін екенін баса айтты. Бірақ әрбір нақты жағдайда тергеу жүргізу қажет.
Естеріңізге сала кетейік, желтоқсан айының басында Instagram аккаунтын @rozovyi.enot.astana лақап атымен қолданушы көмек сұрап жазба қалдырған болатын. Ол өзінің баласы Нұр-Сұлтандағы клиникалардың бірінде қызылшаға қарсы екпе жасалғаннан кейін қайтыс болғанын мәлімдеді.
sputniknews.kz