Екінші ұшқыштың жағдайы өте ауыр – индустрия министрлігі

0

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы апатқа ұшыраған Fokker 100 ұшағының екінші ұшқышы жан сақтау бөлімінде жатқанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақтың екінші ұшқышының жағдайы өте ауыр. Бұл туралы Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратқан анықтамалық материалда жазылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Апаттан зардап шеккен ұшқыш 1965 жылы мамырда дүниеге келген. Ол әуеде 11 544 сағат ұшқан. Оның 4144 сағаты Fokker 100 ұшағында өтіпті.

«Екінші ұшқыштың жағдайы өте ауыр, ол сөйлей алмайды. 2019 жылдың 12 ақпанында ұшқыштың біліктілігі 2020 жылдың 31 қаңтарына дейін созылған», – делінген хабарламада.

Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстан тілшісіне азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев растады.

«Қазіргі таңда екінші ұшқыш медициналық мекемеде жатыр. Менің білуімше, ол жансақтау бөлімінде», – деді ол.

Ал апатқа ұшыраған әуе кемесінің командирі Марат Мұратбаев көз жұмған.

Алматыдағы ұшақ апаты

Қайғылы оқиға 27 желтоқсан күні таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы Талғар ауданында құлады.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, апат 12 адамның өмірін қиды. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

Жұмадағы трагедия: Алматы түбіндегі ұшақ апатының хронологиясы   

Президентің тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Қауіпсіздік ережелерін бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тоқаев 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз