Екінші тоқсаннан бастап қандай мектептер дәстүрлі форматқа көшеді?
Екінші тоқсаннан бастап бала саны 300-ге жетпейтін қала және ауыл мектептерінің оқушылары сабаққа барады
Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мектептерге қатысты шешім қабылдады. Бұл туралы үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300-ге жетпейтін қала және ауыл мектептерінің жұмысын дәстүрлі форматқа көшіру тапсырылды.
Сондай-ақ ата-аналардың өтініші бойынша 1-ден 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етілді.
«Санитарлық-дезинфекциялық режимді, маска режимін, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік арақашықтықты міндетті түрде сақтау қажет», — делінген хабарламада.
Өңірлердің әкімдері мектептер мен медицина ұйымдарында санитарлық режимді сақтау жөніндегі жұмысты жеке бақылауға алады.
Еске сала кетейік, қазақстандық оқушылар бірінші тоқсанды қашықтан оқып жатыр. Бастауыш сынып оқушылары кезекші сыныптарға бара алады (ата-ананың қалауы бойынша). Сондай-ақ, шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептер дәстүрлі форматта жұмыс істеуде.
Sputnik.KZ