Екінші рет емханаға түскен күдіктіні қайтадан изоляторға әкетті

0

«Терроризмді насихаттау» мен «араздық қоздыру» бабымен қозғалған іс бойынша сотқа тартылған тоғыз азаматтың бірі Жұлдызбек Тәуірбеков бүгін, 15 шілде күні Алматыдағы кардиология орталығынан қайтадан ЛА-155/18 мекемесінде тергеу изоляторына ауыстырылды. Емхананың кезекші дәрігері мұны растағанымен, басшылыққа сілтеп, айыпталушының денсаулық жағдайы туралы айтудан бас тартты. Туыстары мен изолятор қызметкерлерінің айтуынша, Тәуірбеков мекеменің медициналық-санитарлық бөлімшесіне жатқызылған.

Бұл – денсаулығы нашарлаған Тәуірбековтің Алматыдағы кардиология орталығының жансақтау бөліміне екінші рет түсуі. Алғаш ауыр халде емханаға жеткізілген оны бірнеше күннен соң түрмеге қайта әкеткен.

  • 27 маусымда Тәуірбеков жансақтау бөліміне жеткізілді.
  • 1 шілдеде жансақтау бөлімінен интенсивті емдеу бөліміне ауыстырылған.
  • 6 шілдеде түстен кейін оны емханадан тергеу изоляторына әкеткен.
  • 7 шілде күні халі нашарлап, қайта жансақтау бөліміне жеткізілген.
  • 13 шілдеде интенсивті емдеу бөліміне ауыстырылды.
  • 15 шілдеде тергеу изоляторына қайта әкетті.

Тәуірбековтің анасы және қоғамдық қорғаушысы Әсемгүл Жауғашеваның айтуынша, изоляторда тиісті ем-дом болмағандықтан баласының денсаулығы қатты нашарлап кеткен. Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Азаттыққа берген жауабында «изоляторда оған қажетті көмек көрсетіліп жатыр» деген.

Дәрігерлер сөзінше, Тәуірбеков дұрыс қарауда болмаса, ағзасының көп бөлігі тоқтауы мүмкін. Мамандар күдіктінің жүрегін ауыстыру керек деп кеңес берген.

3 шілде күні Тәуірбековтің ісі бөлек өндіріске жіберілді. Қорғау тарабы оны денсаулығына байланысты үйқамаққа жіберу туралы үш рет шағым түсіргенімен, сот ешбірін қанағаттандырған жоқ.

Оқи отырыңыз: WhatsApp-та жазып, «терроризм» бойынша айыпталғандар

3 шілдеде «терроризмді насихаттау» және «алауыздық тудыру» ісі бойынша сотта сегіз айыпталушыдан сұрақ-жауап алу басталды. Бірінші болып 40 жастағы Болатбек Нұрғалиев сөйлеген. Айыптау тарабының болжамынша, ол «терроризм мен салафизм идеяларын насихаттау мақсатында» WhatsApp-тан топ құрған. «Ағым өкілдерінің санын көбейту» үшін топқа «сегіз адамды кіргізген». Топ мүшелері «әрекеттерінің заңға қайшы екенін біле тұра» «діни тақырыптарды қызу талқылаған». «Терроризм мен діни алауыздықты қоздыратын радикалды тіркестерді қасақана қолданған».

Нұрғалиев бұл айыптарды жоққа шығарып, «арнайы қызмет өкілдерінің құрбанына» айналғанын айтты.

Azattyq