Екібастұзда төтенше жағдай режимі жарияланды

0

Екібастұзда төтенше жағдай режимі жарияланды. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Азаматтық қорғау туралы» заң 48-бабына сәйкес Екібастұз қаласының аумағында жылу желілеріндегі апатқа байланысты қала әкімі техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялады.

Сағат 01:30-дағы жағдай бойынша 17 көпқабатты тұрғын үй, бес әлеуметтік және 21 заңды тұлға нысаны әлі де жылусыз отыр. Апаттық режим төтенше жағдай аймағындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанға дейін күшінде болады.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жағдайға жол берген адамдарды жауапқа тартуды тапсырды.

Президент премьер-министр Әлихан Смайыловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр.

Президент үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді.