Екібастұзда оқу орталығының құрылысы 10 жыл бойы аяқталмаған

0

Елімізге қажетті 700-ге кәсіптік мамандарды даярлайтын өңіраралық орталықтың құрылысын жүргізуге  2009 жылы Білім және ғылым министрлігі тапсырыс берген-ді. Құрылысқа республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінген.   

Министрліктің жоспар бойынша кешеннің құрылысы 17 айда, 2010 жылдың соңында аяқталуға тиіс-ті. Кезінде  орталықтың аяқталмаған құрылысы жайлы  газетімізде  жаздық.

Жоба бойынша орталық 14 бөліктен, яғни, 14 жеке ғимараттан тұрады. Әрқайсысы 240 орындық екі жатақхана, 100 орынды қонақ үй, спорт ғимараты, әкімшілік корпусы, 3 оқу ғимараты, 2 шеберханадан тұрады.

Сол кездегі Білім және ғылым министрлері де, әкімдер де  ауысып үлгерді. Бірақ, орталықтың төменгі қабаттары іші суға толып, сол қалпы іске қосылмады.

Орталықтың кешендері  қателікпен тұрғызылғаны, дренаждық жүйелері жасалмағаны, кешеннің сыз батпақты жерде салынғаны кейін барып қана анықталады.

Содан  2012 жылы нысанның құрылысы тоқтатылды. 2016 жылы қараусыз қалған орталықтың құрылыс материалдары ұрлана бастайды.

Сөйтіп, бүкіл кешенді күзету  облыс орталығындағы  С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университетке тапсырылды.

Бұдан кейін Білім және ғылым министрілігі елімізде энергетика саласы үшін мамандарды дайындайтын оқу орындары жеткілікті, сондықтан,  кешен енді жергілікті әкімдіктің қарауына алынсын деп те шешім шығарады.

Былтыр кешенде жөндеу жұмыстары басталып, жөндеу жұмыстарын жүргізетін «Портал-ПВ» ЖШС құрылысты су басу қаупі басылғанын жеткізді.

Өкінішке орай, көктемде орталықтың жертөлесі қайта суға тола бастайды.

Бүкіл өңірге аты белгілі қыруар қаржы бөлінген қайран  құрылыстың «құрдымға кетіп бара жатқан» жағдайы әлі жалғасуда.

Ал, жуырда «Eртіс» телеарнасында өткен тікелей эфирде Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов құрылысы ұзаққа созылған  орталықты Білім және ғылым министрлігі жергілікті бюджетке тапсырғанын мәлім етті.

— Нысан облыстың коммуналдық меншігінде. Өткен жылы жерасты суларын жою бойынша жұмыс жүргізілді.  Қазір де жұмыс жалғасуда. Мердігермен екі жылдық келісімшарт жасалған. Орталық құрылысы 2019 жылы аяқталмақ, -деді.

 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы