Екібастұзда карантинге жабылған тұрғындар жөндеу жұмыстарын жүргізді – видео
Екібастұзда карантинге жабылған подъездердің бірінің тұрғындары орайлы сәтті пайдаланып, жөндеу жұмыстарын бастады
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Павлодар облысының Екібастұз қаласында тұрғын үйлердің бірінің тұрғындары подъезде жөндеу жұмыстарын жүргізді. Кіреберіс таяуда карантинге жабылған.
Тұрғындардың «асарлатып» жатқаны туралы видео Instagram-дағы пабликтердің бірінде жарияланды.
«Әуезов көшесі, 38 үйдегі карантинге жабылған кіреберістің тұрғындары уақытты бекерге өткізбей, өз кіреберістерін аздап жаңартуға шешім қабылдады», — делінген жазбада.
Әлеуметтік желіні қолданушылардың бір бөлігі Екібастұз тұрғындарын қолдады.
«Десе де, карантинді пайдаға жаратыпты, көршілер бір үйдің баласындай жұмыла іске кірісіп, подъезді жаңартып, жарықтандырған. Өте керемет», — деп жазды олар.
Енді біреулер тұрғындардың бұл әрекетіне наразылық білдірді. Олар карантинде толық оқшаулану керек екенін, ал жөндеу кезінде адамдар бір-бірімен тығыз байланыста болатынын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматыда карантинге жабылған үйде тұрып жатқан бойжеткен сұхбат берді
Еске сала кетейік, Павлодар облысында соңғы мәлімет бойынша, 95 адам коронавирус жұқтырған. Өңірде карантиндік шаралар қолға алынды.
sputniknews.kz