«Екі рет үйленген адаммын»: Сейфуллин Жолбарыс ажырасқандарға неге ақыл айтпайтынын түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Отандық жұлдыздар отбасын құра салып, ажырасып кеткен жас жұптарға кеңесін айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі Ел аузында бағдарламасына сілтеме жасап.

Жолбарыс

Бүгінде қоғамда да шоу-бизнесте де ажырасатын отбасылардың саны артқан. Бірін-бірі түсінбей алауыздыққа жол беріп жатқандарға өнер адамдары өз кеңесін айтып, пікірін бөлісті. 

«Бірінші сабыр керек, алды-артыңа қарап ойланып, осы адамға үйленемін, өмір бақи бір шаңырақтың астында тұрамыз деп мақсат қойып, үлкен кісілермен ақылдасып алу керек», — дейді актер Марат Көккөзов.

Ал Маржан Арапбаева шаңырақтың шайқалуына ер адамның жалқау болып бара жатқаны әсер ететінін алға тартады.

«Қазір  демократиялық заман болды ғой. Әйелдер де көп жүкті мойынына алып, ер адамдар жұмыс істемеді. Нәзік жандылар барлық бала-шағасын бағып, еңбек етіп, ақша табады», — дейді Маржан Арапбаева.

Үлкен шаңырақтың отағасы Ролан Қазретов жастар қара басының қамынан өзгені ойламайтынын айтып, ажырасудың баланың болашағына қалай әсер еткенін жеткізді.

«Бүгінде көп ата-аналар бала тәрбиесінде қателік жіберетін сияқты. Баланы өзімшіл болуға үйретіп жібереді. Сондықтан, үйленген жастар болашақтың қадірін білмей баласы бар болса да ажырасып жатады. Олар баланы емес, өздерін ойлайды. Әкесіз өскен бала да әкесінің өмірін қайталайды. Қыз бала да ажырасуға кетәрі емес болып бойжетеді, — дейді өнер иесі.

Ал әнші Бота Бейсенова сезім болмаса, отбасы құрудың қажеті жоқтығын айтады.

«Менің ойымша, егер шын сүйіп қосылса, арада сезім болса, ажырасуға дейін бармайды. Біз де ренжістік. Бірақ, қайтадан сол адамды іздеп тұрасың, қайтадан табысуға тырысасың. Сезім мен сыйластық болса, бәрі жақсы болады», — дейді әнші.

Аға буынның арасында бірнеше мәрте шаңырақ құрғандар бар. Солардың бірі Сейфуллин Жолбарыс өзінің қателігін мойындады.

«Менің айтатын ақыл-кеңесім жоқ. Себебі, мен өзім де екі рет үйленген адаммын. Сондықтан, ақылды басқа адамдардан сұраңыздар», — деді Сейфуллин Жолбарыс.

stan.kz