Екі қаладағы митингілер кезінде 9 журналист ұсталды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Журналистер прокуратураға арыз-шағым түсірген жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігі митингілер кезінде ұсталған журналистерге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболовтың айтуынша, 9-10 маусым күндері құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтан мен Алматыда 9 журналисті ұстап, алып кеткен.

«Осы жерде бір мәселені атап өткім келеді, журналистерді ұстау кезінде олардың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі екенін көрсететін ешқандай белгісі болмаған. Қолында микрофон да, камера да болмады. Журналистер болып жатқан жағдайды ұялы телефонға түсіріп тұра берген», — деді Байболов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, журналистер митингке шыққандардың арасында жүрді. Ондайда құқық қорғаушылар арнайы белгі болмаса, кімнің журналист екенін бірден айыра алмайды.

«Бірақ олардың журналист екенін анықтағаннан кейін бірден босатты. Ал бір журналисті соққыға жығу фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Полицияның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Ол жайында біз тағы қосымша хабарлаймыз», — деп атап көрсетті Байболов.

Бас прокуратураның өкілі Сапарбек Нұрпейісовтың айтуынша, журналистердің тарапынан арыз-шағым түскен жоқ.

«Егер ондай шағым түссе, біз тиісті шара қолданатын боламыз», — деп атап көрсетті Нұрпейісов.

Айта кетсек, бүгін Бас прокуратура Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 957 адамның ұсталғанын хабарлады. Олардың ішінде 670 адам қамауға алынды. 115 адамға айыппұл салынды, ал 172-сіне ескерту жасалған. 

Сот шешімімен 311 адам босатылды. Нұр-Сұлтанда 80 адам, ал Алматыда 100 адам әлі қамауда қалып отыр. 

Алматы мен Нұр-Сұлтандағы митингілер

9-10 маусымда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында заңсыз митингілер өтті. Екі күннің ішінде ішкі істер органдары барлығы 700-ге жуық адамды ұстады.

Наразылық акциялары кезінде үш полицей зардап шеккен. 

12 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев кінәсіз азаматтар мен оқиға орнында кездейсоқ болғандарды босатуды тапсырды. 



sputniknews.kz


Тегтер:митинг