«Екі науқас жедел жәрдем ішінде өлді» – елді шулатқан дәрігер кешірім сұрады

0

Осыдан бірнеше күн бұрын шымкенттік дәрігердің түсірген видеосы желіні біраз шулатқан болатын, ал бүгін ол дүрбелең тудырғаны үшін жұрттан кешірім сұрады

Шымкентте жедел жәрдем көлігінің ішінде екі науқас өлгенін мәлімдеген дәрігер кешірім сұрады.

Айта кетсек, әлеуметтік желіде жедел жәрдем дәрігері түсірген видео тараған еді, ол қаладағы ауруханалар ауыр хәлдегі науқастарды қабылдамай жатқанын айтып шырылдайды. Ал видеодан бірнеше жедел жәрдем көлігінің инфекциялық аурухананың алдында тұрғанын, ал ішінде науқастардың жатқанын көруге болады.

«Құрметті денсаулық сақтау министрлігі, мен Шымкент қаласы жедел жәрдемінің дәрігерімін. Ауыр хәлдегі науқасты әкелдім, ешбір стационар қабылдамай жатыр. Орын жоқ дейді. Енді не істеймін? Кеше біздің бригаданың көлігінде екі науқас көз жұмды, өйткені оларды қабылдамады. Үш сағат тұрдық. Қараңыздар, әнеки көлікте науқас жатыр. Осы жағдайға мән берсеңіздер. Мен енді кімге, қайда барарымды білмеймін», — дейді дәрігер.

Видеоны жедел жәрдем дәрігері Арман Хамзиннің түсіргені белгілі болып отыр. Бүгін ол қала әкімінің брифингісіне келіп, өз әрекеті үшін кешірім сұрады, хабарлайды otyrar.kz.

«Сол сәтте паника басталды деп айта алмаймын, бірақ мен жедел жәрдемдегі науқас үшін қатты қорықтым. Күтіп отырған кезде, оның жағдайы нашарлап жатқанын көрген уақытта моральдық тұрғыда шаршайсың. Осындай уақытта жазылған видео. Біршама уақыттан кейін мәселе шешілді, бізге стационардан хабарласып, науқастың жағдайы ауыр екені, бірақ оған көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Мен роликтің желіде тарап кеткенін қалаған жоқпын, оны өзім үшін түсірген едім. Дүрбелең тудырғаным үшін кешірім сұраймын», — деді Хамзин.

Ресми деректерге сүйенсек, Шымкент қаласында коронавирус инфекциясынан 13 адам қайтыс болды.

sputniknews.kz