Екі банктің ұтыс ойынын бір адам жеңген: Желі қолданушылары конкурстардың әділдігіне күмән келтірді

0

Bereke Bank пен ЦентрКредит Банкінің клиенттері арасында ойнатқан ұтысын Санжар Дәулетов жеңіп алған. Қазақстандықтар мұның шынайылығына күмән келтірді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Bereke bank Жаңа жыл қарсаңында миллион теңге ұтыс ойнатқан, ал Centercredit 2,5 миллион теңгелік саяхат сертификатын беретінін айтқан.

Банктердің әлеуметтік желісінде ұтыс нәтижесі жарияланған және екеуінде де ұтыс жеңімпазы Санжар Дәулетов болды. Екі жерде жеңімпаз бір киіммен түсіпті. Мұны көпшілік кездейсоқтық немесе алдын ала түсірілген деп ойлады.

“Жолы болғыш Санжар”, “Ашық түрде мазақ етіп тұр ғой”, “Сәтті киім киген болар”, “Сұр киім сәттілік әкеледі дейсіз ғой”, “Банктерге қалай сенеміз”, “Банктердің жеңімпаздары бір-бірінен айнымайды екен” деп жазды желідегілер.

Банктер бірден мәлімдеме жасап, мұны жай ғана кездейсоқтық деп бағалады.

“Біздің ұтыс ойындарымыз әділ және таза өтеді. Жеңімпаздар тікелей эфирде тәуелсіз рандомайзер, яғни кедергілерді болдырмайтын және әр қатысушыға тең мүмкіндікке кепілдік беретін автоматтандырылған жүйе арқылы анықталады”, – деп мәлімдеді Bereke bank.

“Акция қорытындысы 11 желтоқсанда тікелей эфирде шығарылды. Жазбаны біздің Instagram парақшамыздан көре аласыздар. Жеңімпазды анықтау үшін Randomlists платформасы қолданылды. Бұл платформа қатысушылар тізімінен кездейсоқ сандар генераторы арқылы жеңімпазды таңдайды. Біздің банк бұл платформаны тұрақты түрде пайдаланады.

Қазір біз бұл оқиғаны тексеріп, ұтыс нәтижелеріне қатысты бұзушылықтар болу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Дегенмен Санжардың шын мәнінде өте жолы болғыш адам екенін де жоққа шығара алмаймыз”, – деп мәлімдеді ЦентрКредит Банкінің PR-директоры Сәкен Нығмашев.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық косметикалар дүкені әділ емес ұтыс ойынын өткіземін деп сынға қалғанын айтты.