Екі апта іздеуде болған жасөспірімді полицейлер аман-есен үйіне жеткізді

0

Үйінен қашқан жасөспірім баланың осы уақытқа дейін әртүрлі сауда үйлері мен компьютерлік клубтарды аралап, оңтүстік астанада қаңғыбастық күй кешкені анықталды.

Алматы облысының полицейлері Іле ауданында қараша айының соңында із-түзсіз жоғалған 13 жастағы жасөспірімді іздеп тапты деп хабарлайды zakon.kz.

Жоғалған оқушының ата-анасы 29 қараша күні аудандық полицияға арыз жазғанымен, іздеудің алғашқы күндері оң нәтиже бермеді. Кәмілетке толмаған баланың қашу себептерін анықтауда жасөспірім өз үйінен ата-анасымен жанжалдасу себебінен кеткені белгілі болды.

«Баланы іздестіру жұмыстарына оның туыстарымен қатар кәмілеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекция қызметкерлері, Іле аудандық полициясы жедел бөлімшелерінің іздеушілері жұмылдырылды, сондай-ақ Алматы қаласындағы әріптестеріміз көмек көрсетті. Кеше жоғалған баланы Алматы қаласындағы көңіл көтеру орталықтарының бірінен тауып, үйіне жеткіздік. Қазіргі уақытта бала аман-есен және ата-анасының жанында»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі.

Үйінен қашқан жасөспірім баланың осы уақытқа дейін әртүрлі сауда үйлері мен компьютерлік клубтарды аралап, оңтүстік астанада қаңғыбастық күй кешкені анықталды.

«Ювеналды полиция іздеп табылған оқушыны профилактикалық есепке алды. Сонымен қатар, аталған оқушының ата-анасы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы» жөніндегі 127-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады»,- деп атап өтті полиция өкілдері.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/