Екі әйелдің алауыздығынан бауырымнан айырылдым

0

Бауырды бауырдан айыратын әйел

Әлеуметтік мәселе түйінін тарқатудың қиын екеніне көзім жете түсуде. Автобус аялдамасында көзім жылап отырған әйелге түсті. Болмашыға жылап, көпшілік жерде тұсынан өткендердің назарына ілігетіндей бейәдепті адамға ұқсамайды. Сәнді киінген. Жасы қырықтың қырқасынан асып кеткен. Жұмсақ қағаз сүрткімен сүрте-сүрте мұрны қызарып, көздері домбыққан. Иықтары селкілдей жылағанына қарағанда, ішке толған зарын тұншықтырар күші қалмаса керек.

Өзгенің мұң-зарын бөліскеннің сауабын ойлап, қасына жақындадым. Тілдесерге жан таппай қиналып отырса керек, алғаш естігенім: «Бәріміз әйелміз. Бірақ, бауырды – бауырдан айыратын да әйел!..» деп, жалын ата ауыр күрсінгеннен ет-бауырын езген мұңды аңдадым.

Ауыр салмақ екіге жарылған еркекте

Әйел бола тұра әйелдер жайлы ауыр сөзге бару себебін тыңдай келе түсіндім. Тіршіліктің жоғары сатысындағы адамзаттқа өмір мен мейірім, махаббат пен жан қимастай достық, адалдық пен беріктікті паш етуші – Әйел. Күллі ғажайыптың қосағында иманы осалға айла мен зұлымдықты сыйлайтын да Әйел екені әлем әдебиетін былай қойғанда Адам Ата мен Хауа Анадан бізге жеткен пәлсапа.

Ықылым заманнан жойқын соғыстар мен тартыстыр Әйел мен Жерге байланысты боп тұрғаны тарихтан белгілі жайт. Дала Заңы – Жеті Жарғының көбі «жер дауы мен жесір дауына» арналғаны сондықтан болса керек. Төрткүл дүниені тітіренткен батырлардың хас сұлудың бір тал шашы үшін опат болғаны – Әйелдегі құдіретті күшті айшықтап-ақ тұрғандай. Әйел жаны қылдан нәзік бола тұра, кірпік қақпайтын қатыгездігі қатар жүретін жұмбақ әлем.

Әйел жанының сан-қилы бояуының шегіне жеткен суретші жоқ

Құрметпен басты идіретін, мойымас қайратымен тіршілік арбасын қажымай сүйрелейтін әйел қауымы бүгінгі қоғамның қозғаушы күшке айналды. Үй мен түзді қатар ұстап, ұрпақ жалғасын мойнына артып алса да, қара нарша қайыспаған әйел қауымына қалайша тәнті болмасқа. Ақындардың шабытын шалқытатын «Әйел» атауына ие болудың өзі бір бақыт.

Десе де, Кейіпкерімнің: «Құдай-ай, қос бірдей жеңгем тартқызған қасіреттен құтылудың көзін қайтсем табам?!» деген сөздері жәйсіз әсер етті. Жылап отырған әйелдің жалғыз бауыры бар екен. Ағасы бірінші әйелімен ажырасып, екінші рет отау құрыпты. Біріншінің соңынан үш бала ере кетті. Екінші жеңге жалғыз ұлмен шектеліпті.

«Барына – базарды» көңілге медет тұтқан ағасы бар күшін жалғыз ұлға салады. Бірінші әйелде кеткен балалармен араласқысы келген ниетін: «Не менімен, не кеткен әйелмен боласың!..» деген екінші әйелдің ультиматумы бұзған. Ағаның қабағына қарайлап, қарындастары да келген жеңгенің бетіне жалтақтаумен жүргенде, уақыт дөңгелегі зырлай береді. «Ағамды түсінемін. Қайта-қайта шаңырағын шайқай беру кімге де болса оңайға түспейтін әлек екені бесенеден белгілі жайт қой?» деп «аһ» ұра тыныстады.

Әлқисса, Кейіпкерім араға отыз жыл салып, ағасының бірінші әйелімен кеткен үш бауырын іздеп барады. Қарым-қатынас көпірін салып, араласа бастайды. Әлбетте, бұл қадамы үйдегі жеңгесіне ұнамай, жанжал басталады. Отыз жыл бойы жалтақтаудан жалыққан Кейіпкерім: «Бала-шағасымен араласқаным үшін бауырым менен кетпес» деген үмітпен кеткен бауырларымен араласты үзбейді. Қара шаңырақтағы жеңгеден шыққан жанжалдың аяғы ағасымен арадағы байланысты үзуге әкеледі.

Жеңгеден бұрын бауыр керек. Оны кім түсінер?..

«Тарыдай шашылған ұрпағын іздемесем, о дүниедегі әкеме қай бетімді айтам?! Кеткен жеңгемнің аржағында үш бірдей қаным, бауырым тұр деп қара шаңырақтағы жеңгеме айтып түсіндіре алмай күйдім. Кеткен жеңгем де қарап жүрмей ағам екеуміздің арамызға от жағып үлгерді. Құдай қос әйелге бір жеңгеге татырлық қасиет бермей қасіретке батқызды?!» – деген Кейіпкерім көзден аққан жасын сүрткіледі.

Әйелінің мысы басқан ағасы әулеттің іргесін нықтауға жанталасқан қарындасын кінәлағаны жанына батып, жылап отырған жері екен. Қасыма кеп тоқтаған автобусымды өткізіп жібердім. Тап қазір жылаған жанның мұңына жұбаныш сыйлау маңыздылығынан аттап кете алмадым.

Әр отбасы – сан мінездер тоқайласқан ну орман

Бір саусақ солса, қасындағысы әлсірейді. Кейіпкерім қатар жүрген құрбыларының жеңгелерімен сырласқанын естіп, өзі де соны аңсайды. Өкінішке қарай, қос жеңге бұнымен сырласпақ түгілі ағамен екі ортада сөз тасып, шағыстыруға шебер боп шығады.

– Екі жеңгеден де Құдай оңдырмады. Сенсеңіз, бірінші жеңгемнен көңілім әбден қалған. Жанталассам, оны көруге емес,соңында кеткен үш бірдей бауырымды қимаймын. Бірінші жеңгемнің ортаға от жағуға шеберлігі сонша, кезінде тойыма келіп тұрып, күйеуімнен менің «адалдығымды» сұрапты?! Қайынсіңліге жаны ашитын жеңге айтатын сөз бе?! Тойдан соң жеңгемнің сұрағынан күдіктенген күйеуім көпке дейін сенбей, жанжал шығарумен болды. Бәлкім, кітапта жазғандай жақсы жеңгелер бар шығар. Бірақ, ондай жеңге маған бұйырмады, – деп күйінген Кейіпкерімнің маған айтқаннан жаны жеңілдесе керек, шері біршама басылғандай көзінен жас ағуы тоқталды.

Мықты еркек – отбасындағы Заң!

Бар мақсаты – әулет бірлігі екендігін ағасының санасына жеткізе алмағанына күйінген әйел:

– Құдай-ау, екі әйел алуды заңдастырамыз деп көкігендерге жыным келеді?! Еркек мықты болса, екі әйелдің басын қосу үшін еш заңыңа қарамайды. Екі әйелді мықтап ұстауға құдыреті жететін еркекке заңның керегі жоқ. Мықты еркек – отбасындағы Заңды жүзеге асыратын күш! Отбасында қанша адам болса – соншасы Үкімет шығарған заңмен емес – Еркек ұстанған заңмен жүруі керек. Міне, сол кезде екі әйелдің балалары бір-біріне бауыр болады. Еркек осал болса, Үкімет шығарған заңның күлі көкке ұшады!.. – деген Кейіпкерімнің қарапайым сөздеріндегі ащы шындықпен келіспеске болмады.

Шырыл қаққан қалтателефонын алған Кейіпкерім жәймен жымиды. «Қызым, қайдасың?» – деген сұрақты қойғанда, жаңа ғана қасіреттің торына шырмалған жүзде шөкімдей із қалмай, жадырап сала берді. Әйел жүзін жадыратқан күш – тар құрсағын жарып шыққан перзентіне деген махаббаттың күші еді. Қызымен сөйлескен Кейіпкерім маған бас изеумен шектеле, жанын егеген жүктен жеңілдегендей алыстап бара жатты.

Екі әйел алғанды Заң бекіткенімен, екі шаңыраққа ие болар Еркек бар ма?!

Ауыр сұрақ. Жер бетінде қанша миллиард адам тұрса, сонша шым-шытырық тағдыр, арадағы шиеленіс, таусылмайтын өкпе-наз барын ойлаған сайын, адамдардың тіршілікке қарапайым қарай алмайтына көзің жете түскендей.

Жаратқан Ием адамзатқа ерекше мейіріммен, өзгеден шықпас мәрттікпен сыйлаған ғажайып өмірді өз қолымызбен ауырлатамыз. Шиеленісті шешілместей түйінге айналдырамыз. Әсіресе, екі әйел арасындағы күндестік шиеленісі – атамзаманнан түйіні шешілместен мирастықпен жалғасын тауып жатқан күрделі мәселе. Бәлкім, келер ғасырға жалғасып кете ма, кім білсін?!

Кейіпкерімнің «Еркек мықтылығы» жайлы сөзі қатты ойландырды. Отбасы патшалығында әйелдердің тегеуріні не себепті басым?! «Бөрі азығы – жолда» атасөзі арқауын тоздырып, бойкүйез еркектер отбасының тізгінін әйелге не себепті берді? Әкенің ауыр қабағынан аяғының ұшынан басқан шешемізді көріп өскен біздер, отбасылық құндылықтың құлдырауына неге жол береміз? Жауабы жоқ сұрақ.

Өнегені қасқырдан алу қалды ма?!

«Ең шебер суретші – табиғат» екенін мойындаған Адамзатқа жайын жатқан жабайы табиғат – мәңгілік өнеге боп қала бермек. Алысқа бармай-ақ, өздеріміз жанын жаһһаннамға жіберуге кірпік қақпай қиятын жыртқыш қасқырды алайықшы?..

Жетілгенше бөлтірігін желкесіне жабыстыра отырғызып, болашақ жемтігін аулауға баптайды. Алғашқы жемтігінің алқымына азу тісін салғанша, өздігімен аулауға қарымы жеткенше жетелейді. Қорғайды. Өзгенің тісін батыртпайды. Алдымен салмасаң, азулының аузында кететіне біз менсінбейтін жабайы жыртқыштың ақылы жеткеніне көбіне ішің ашиды.

Бабаларымыз қасқырдың қасиетінен өнеге ала білген. Әулетіне жаттың тізесін батыртпаған. Әке өнегесін көріп өскен ұрпақ, ұяда ілгенін қайталап отырумен азғындауға жол берілмеді. Ендеше, бүгінгі адамдардың бір-біріне жыртқыштан бетер өшігуіне не себеп?..

Әлсіреген Әке ықпалы

Иә, ықылым заманнан екі әйелдің баласының өзара бақталас болғаны шындық. Бірақ, ортақ Әке екі жаққа теңдей қараған. Екі отаудың ұлдары жасқанбай өсіп, өмір тегеурінне төтеп бере алардай болуына бар күшін сала тәрбиелеген. Талап еткен. Әке қабағына қарап өскен ұл шешелерінің сиыспағанына қарамай, жеме-жемге келгенде әулет бірлігі дегеннен кетпеген.

Қазіргі қоғамда Әке ықпалының осалдануы жастар арасында нашақорлықтан бастап сан-алуан қасіретке жол беріп жатқаны жасырын емес. Балаға Әке сөзі өтпейді. Қоғам қай жерде қателесті?.. Әкеден аяқ тартпайтын ұл мен қыздан не үміт, не қайыр?! Әке ақылын жүре тыңдап, мысқылдай күлетін ұрпақтың таразы басын басып бара жатқаны күрмеуі қиындап бара жатқан мәселе. Ендеше, Әке ықпалын нығайтудың жолы қандай?..

Иә, тәрбие көбіне шеше мойнында. Сабағын, тамақ ішкенін, кімдермен араласатынын, үйге қашан келгенін қадағалайтын – Ана. Әке мал табу жолында жүргенде солай болуы тиіс те. Бірақ, ұрпағының діңгегі мықты болуына Әке жауапты. Өмір ғой? Қилы тағдырға үкім шығаруға ешкімнің хақы жоқ. Десе де, тағдырдың тәлкегімен екі әйел алуға мәжбүр болған еркек ажырасқан әйелдің соңына ерген ұрпағына деген жауапкершіліктен кетпеуі керек. Өйткені ол – қайда жүрсе де сенің ұрпағың! Ол жауапкершілікті құдай алдында сенен ешкім алған жоқ.

Әке ықпалының мықтылығына: «Жау қолына түскен Кенесары ханға «Хан көкелеп» Наурызбайдың шеп бұза қайыра келгені, ағасын құтқармақ боп өзінің қырғыздың қолынан қаза тапқаны» мысал бола алса керек. Екі әйелден туылған баһадүрлердің алтын тақтың буына бой берместен бауыры үшін отқа түскен, қандасын теуіп кетпеген тектілігіне тәнті боласың.

Кенесары мен Наурызбайдың шешелері күндес болмады деп айта алмаспыз. Бірақ, екі жақ та Қасым сынды әке білегінің мықтылығынан бір жұдырыққа айнала білді.

Өткендерден өнеге алып, Әке ықпалы құдіретті күшке айналады деген үмітті үзгім келмейді.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.


Дереккөз: https://informburo.kz