«Екі аяқпен келіп, денесін мәйітханадан алып кеттік»: Алматыдағы перзентханада көз жұмған әйелдің өліміне туыстары дәрігерлерді айыптады
Алматыдағы перзентханалардың бірінде босанған келіншектің өліміне жақындары дәрігерлерді кінәлап отыр. Сөздерінше, мамандар салғырттық танытып, дер кезінде көмектесе алмаған. Себебі Ақбота бастапқыда жамбасым шыдатпай ауырып жатыр деп шағымданған. Алайда дәрігерлер босанған әйелде болатын симптом деп жылы жауып қойды дейді. Тек жағдайы ушығып, жансақтау бөліміне түскенде ғана дәрігерлерді шақыра бастаған. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мейрамбек пен Ақбота осыдан үш жыл бұрын отбасын құрыпты, ал алғашқы сәбилері екі жыл бұрын дүниеге келген. Күйеуінің айтуынша, жүктілік кезінде де, босанғанында да ешқандай қиындық болмаған. Бұл жолы да ай-күні жетіп толғағы қысқан соң перзентханаға әкеліп, бірнеше сағат өткенде екінші ұлы өмір есігін ашыпты. Бірақ келесі күні әйелі жамбасы ауырғанын айтып шағымданған екен. Ал ақ халаттылар Ақботаның жағдайы ушыққанда ғана қозғала бастады дейді.
“Біз екі аяқпен кіріп мына жаққа, “Бүгін босанады, бүгін бәрі жақсы болады, Алла қаласа” деп қуанып кеткенбіз. Бірақ ақыр аяғында денесін мәйітханадан алып шықтық. Сонда №4 ауруханаға жібергеніне не себеп екенін біз білмейміз. Мына жақта сонда УЗИ мен рентгендері жоқ па? Бізде маман жоқ дейді. Ол қалай?” – деді Мейрамбек Досан.
Марқұмның енесі келінінің үш тәулік ұйықтамағанын айтады. Бірақ дәрігерлер аяққа тұра алмай тұрған әйелді жеңіл көлікке отырғызып, ауруханаға апарған дейді.
“Тіпті анализ деп алмаған. Өзі босанып жатқан әйелдің температурасы, қан қысымын да өлшемеген. Келінімде қан айналмай жатыпты. Қан айналымы болмай жатқан адамның жамбасын байлайды. Одан қинап бандажды кигізеді”, – деді марқұмның енесі Үміт Әбілдаева.
Үміт дұрыс диагноз қоя алмаған ақ халаттылар мәйітті де тым кеш берді деп отыр. Өйткені дене мәйітханаға жеті сағаттан соң жеткізіліпті. Сол үшін көңілдеріне күдік ұялаған. Ал перзентхана өкілдері сараптама жұмыстары тағайындалды дейді. :
“Төртінші күні жағдайы күрт нашарлап кетті. Біз науқасқа ережеге сай тексеріс жүргізіп, емдеуге тырыстық. Бірақ біз жасаған ем көмектеспеді. Жағдайы нашарлай берді. Енді бәрі сот сараптамалық зерттеуден кейін белгілі болады”, – №4 перзентхана директорының міндетін атқарушы Зәуре Датхаева.
Келіншектің нақты неден көз жұмғаны сараптамадан соң ғана белгілі болады. Қызметтік тексеріс те содан кейін басталуы мүмкін. Ал марқұмның туыстары жазықтылардың бәрі жазалануын қалайды.
Фото: stan.kz