Егер, мен өлсем басқа адамдарға жақсы болады ма?: оқушылардан алынған сауалнама ата-аналардың жағасын ұстатты — Қазақстан жаңалықтары

0

Қызылорда облысында оқушылар арасында өз-өзіне қол жұмсау дерегінің көбеюі ата-аналар мен психологтарды алаңдатып отыр. Олар жасөспірімдердің мұндай қадамға баруына суицидке қарсы ЮНИСЕФ  бағдарламасының сауалнамалары себеп болуы мүмкін дейді.

Егер, мен өлсем басқа адамдарға жақсы болады ма?: оқушылардан алынған сауалнама ата-аналардың жағасын ұстаттыБұл туралы 31 арна хабарлады, деп жазады Stan.kz

Суицидке қарсы ЮНИСЕФ бағдарламасы білім министрлігінің бұйрығымен Қызылорда облысына осынада 4 жыл бұрын енгізіліпті. Негізгі мақсаты – оқушылардың өмірден бас кешіп, өзіне қол салу жағдайларын азайту. Дегенмен, бағдарламаның сауалнама әдісіндегі сұрақтар оқушылар түгілі ата-аналардың өзін шошытқан. 

«Балам: Егер, мен өлсем басқа адамдарға жақсы болады ма? деген сұрақ келді. Мен осыған не деп жауап берерімді білмедім, деп шошып келді»,- дейді ата-ана.

Сіз бұрын-соңды өміріңізді қиюға әрекет жасадыңыз ба? Соңғы 12 ай ішінде өміріңізді қиюға әрекет жасадыңыз ба? Сіз соңғы 2 апта ішінде өміріңізді қиюға әрекет жасадыңыз ба? Өміріңізді қиюға әрекет жасағанда қандай әдісті қолдандыңыз? Міне, бұл ЮНИСЕФ бағдарламасының сауалнамасындағы сұрақтардың тек бірнешеуі ғана. Мектеп психологының өзі дәл осындай сұрақтар баланың санасын улап, жеткіншектердің психикасына қатты әсер ететінін айтады. 

«Әр ұлттың өз ерекшелігі болады. Біздің балалар мүмкін ондай сұрақтарға жауап беруге дайын емес шығар. Бұндай сауалға жауап беру енді балаға кәдімгідей қиындық келтіреді»,- дейді мектеп психологы Ләззат Шәуенова.

2017 жылы Қызылорда облысының 6 жеткіншек өзіне қол салған. Ал 2018 жылы бұл екі еселеніп, 13 бала суицидке барып, өмірімен қоштасыпты. Бұл тиімсіз бағдарламаға ата-аналар да, кейбір психологтар да қарсы болғанымен, білім басқармасындағылар пилоттық жоба нәтижелі жұмыс атқаруда деп отыр. 

«Тек қана 2017 жыл мен 2018 жылды ғана айтуға болмайды. 2015 жылдан бастап суицид оқиғалары азайған. 2017 жылы көрсеткішіміз үлкен. Себебі, бізде бағдарламаға тек 8 сынып пен колледжің 1 курс студенттері ғана қатысқан болатын»,- дейді Қызылорда облысы бойынша «Bilim fundation» қоғамдық қорының аймақтық басшысы Сымбат Әбдірахманова.

Басқармадағылардың айтуынша, балаларға адам шошырлық сұрақтар қойылатын сауалнама енді 8-10 сынып оқушыларына ғана емес, 1-3 курс студенттеріне де берілетін болады. 

stan.kz