Егер ханзада бин Салман Хашогги ісіне байланысты сот алдында жауап берсе не болмақ?

0

АҚШ-тың Орталық барлау агенттігінің жетекшісі Жина Хаспел Сенат алдында тергеу нәтижелерін алға тарта отырып, журналист Хашоггидің өліміне мұрагер ханзада Мұхаммед бин-Салманның жүз пайыз қатысы бар екенін айтты.  Бұл іске қатысты АҚШ сенаторларының пікірі екіге жарылып, бірқатары Сауд Арабиясының билігін жазалауға шақырса, қалғаны Трамп пікірін жақтап, мұнайлы елмен қарым-қатынасты үзбеу керек десті.

Хаспелдиннің Сенаттағы халықаралық қатынастар жөніндегі комитетке жасаған мәлімдемесі жабық есік күйінде өтті. Солай да, ақпарат көздері АҚШ Орталық барлау агенттігінің тексеру қорытындысына сенсек, Хашоггиге жасалған қастандықтың перде артында ханзада Мұхаммедтің тұрғаны анық дейді. Тіпті, кейбір сенаторлар «барлаушылардың жағдайға мұндай қатаң тексеру жүргізгенін бұдан бұрын көрмеген екенбіз» десті.

Бірақ, бұған дейін де белгілі болғандай, президент Трамптың Хашогги ісіне қаратқан пікірі құбылмалы. Алғашында, АҚШ президенті Хашоггиге қастандық жасаған немесе бұйрық берген қандықолды аяусыз жазалайтынын айтып шыққан. Алайда, тексеру нәтижесі оның ойлағанындай болмай шықты ма, Орталық барлау агенттігі мұрагер ханзаданы айыпты деп тапқанда Трамптың сөзі өзгеріп шыға берді.

Егер ханзада Мұхаммед бин Салман сот алдында жауап берсе…

«Егер, ханзада Мұхаммед бин Салман сот алдында жауап беруге келген болса, жарты сағатта-ақ оны айыпты етіп шығаратын еді», – дейді республикашыл сенатор Боб Коркер ОБА-ның тергеу нәтижесін жақтап. Заң шығарушылардың Сенат Сауд патшалық билігін айыптаған өзіндік шешімін қабыл алуы керек деп қарайды. Осы бағытта Ақ үйді арабтың мұрагер ханзадасын жауапкершілікке тартуға итермелеп жатыр.

Егер олар бұны жүзеге асыра алмаса, онда бұдан кейін халықаралық нормалардың бұзылуына қарсы екенін білдіріп, өзінің шараларын қолдана алмайтын болады. Екінші рет қандай да бір елде бұндай оқиғалар туылып жатса, Құрама Штаттың пікірі өз маңызын жоятын болады.

Құрама Штаттардың алдында қандай жолдар бар?

Ал, жазалау шарасын қолдануға Құрама Штаттың бірнеше варианттары бар. Айталық, қару-жарақ сатуды қысқарту немесе шектеу; Йемендегі соғысқа қолдау көрсетуді тоқтату қатарлы. Бұл екеуіне де Трамп әкімшілігі қарсы болып отыр. Себебі, қазіргі жағдайда Сауд Арабиясымен қорғаныс жағындағы ынтмақтастықты тоқтату екі елдің қарым-қатынасын ажыратып кетпек.

Бірақ, лайықты шараны қабыл алу сенаторлардан жетерлік дауыс жинаудың өзі қиын. Сенаторлар дауыс берген күннің өзінде қазір АҚШ-тың Өкілдер палатасында Республикашылдар басым күшке ие. Олар Сенаттың жазалау туралы жаңа заңын қабылдамай қоюы да бек мүмкін.

Хашогги ісіне байланысты Сауд Арабиясының билігіне қарсы шара қабылдауда, АҚШ-тан көрі Түркия белсенді тұр. Кеше ғана Стамбулдағы Бас прокуратура аталған іске қатысы бар деген екі сауд арабиялықты қамауға алуға ордер берген. Бұл екеуі – Ахмад әл-Ассири және Сауд әл-Кахтани. Екеуі де мұрагер ханзаданың жақын адамдары, әрі Хашоггидің өліміне қатысты ең басты күдіктілер болатын. Әл-Ассири барлау қызметінің жетекшісінің орынбасары болса, әл-Кахтани ханзада Мұхаммед бин Салманның кеңесшісі болған.

Түркия тарабы бұл екеуін де қамауға алуға шешім шығарды. Әрі Анқара (Анкара) билігі кісі өлтіруге қатысы бар деген адамдарды түгелдей экстрадициялауды талап етуде. Бірақ бұған Сауд Арабиясы қарсы болып отыр. Сонымен бірге, мұрагер ханзада туралы айыптаудың бәрін теріске шығаруға тырысуда.

Жамал Хашогги туралы қайталай мәлімет бере кетер болсақ, сауд арабиялық журналист 2017 жылға дейін Құрама Штатта жасап келген. Ол америкалық басылымдармен бірлесіп, Сауд патшалығының тақ мұрагерін айыптаған мақалалар жазған болатын. Биыл 2 қазанда Сауд Арабиясының Стамбулдағы елшілігіне документ істері бойынша кіргеннен кейін із-түссіз жоғалып кеткен. Кейін оның сол консулдықта қастандыққа ұшырағаны белгілі болған.

“The Qazaq Times”